Қазақ хандығы тұсындағы би-шешендер (1465-1847)

0
1608

Олар қазақ жерінде әділдіктің салтанат құруы үшін һәм қиянат — зұлымдықтың арам шөптей қаптап кетуіне қарсы ұшан — теңіз қажыр — қайрат жұмсаған.

Кемеңгерлікке, кісілікке құрылған билік Сандаған ғасырлар мен замандарды шолар болсақ, сонау Шыңғыс хан тұсында жасаған Майқы би Төбейұлынан (1105 — 1225 жылдар шамасы) бастап, ойымызға Аяз би Жаманұлы (XI — XII ғ. ғ.), Мөңке би (1207 — 1259), Едіге би (1354 — 1419), Бәйдібек би (1356 — 1419 жылдар шамасы), Әз Жәнібек (1406 — 1473), Жиренше шешен, Шоған би (1584 — 1642), Әнет би (1626 — 1723), Қадірғали би (1530 — 1605 жж.), Досай, Ескелді, Балпық, Есей, Бекболат, Тайжан, Тоқсан, Жанкісі, Ақтайлақ, Бөлтірік, Сары, Сырлыбек, Қарауыл Қанай би, Мәтжан, Қазанғап, Шоң, Шорман, Байдалы, Қараменде, Зілқара, Алшынбай, Жанқұтты, Байкөкше, Бала би, Ноғайбай, Бөгенбай батырдың ұрпақтары Саққұлақ пен Бапан сияқты «талғанда тіреу, сасқанда сүйеу» болған шешен — билер есімдері оралады.

Олар қазақ жерінде әділдіктің салтанат құруы үшін һәм қиянат — зұлымдықтың арам шөптей қаптап кетуіне қарсы ұшан — теңіз қажыр — қайрат жұмсаған. Кемеңгерлікке, кісілікке құрылған билік.

Жиренше шешен. Ұлттың зердесінде сақталған, жадында жатталған жезтаңдай шешендігімен аты шыққан, үздік жаралған мінсіз жарқын бейненің бірі – азуы алты қарыс Жиренше шешен. Аңыздарды сөйлетсек, атақты ділмар Қасым ханның әкесі Әз Жәнібек ханмен (1406 — 1473 жылдар шамасы) замандас.

Сол ханның білгір ақылшысы, кемеңгер кеңесшісі, ғұлама сыншысы Жиренше шешен – «қазақ ауыз әдебиетіндегі кейіпкер, ақыл — парасаттың, тапқырлықтың символы… Қазақтан өзге түркі, моңғол және үнді — европа халықтарының фольклорында Жиренше шешен туралы шығармалар кездеседі.

Қазақ фольклорында Жиренше шешен жайлы ертегі, аңыз, әңгіме бір топ», – деп жазылған Қазақ совет энциклопедиясында.

Қиыннан қиыстырып, жүйесін тауып, тігісін жатқызып, қара қылды қақ жарып айтқан, көкейге қонымды ғып, тауып айтқан, інжу — маржандай асыл ойларға толы, сымбаты мен сыры келіскен толғамдары, әсіресе, Жиренше шешен мен Қарашаш арасындағы сөз жарыстыру, Әз Жәнібек ханның жұмбақтай күрделі сұрақтарына Жиренше шешеннің берген ұтқыр жауаптары түпсіз тереңдігімен, алғыр, тапқыр болмысымен, қуатты, кестелі көркемдігімен, мағыналық айқындығымен, үлгілі қасиеттерімен, ғибратты даналығымен өзгешеленеді.

Асан қайғы Сәбитұлы көшпелі халықтардан шыққан, болашақты болжаған көріпкел, сәуегей абыз, ғайыптан сөйлейтін көреген би, жырау біткеннің атасы, тереңнен толғайтын ойшыл сөз зергері. Ұлы оқымысты Шоқан Уәлихановтың пікіріне сүйенсек, ол «көшпелі қазақ, ноғай ұлысының философы». Асан қайғы текті тұқымнан шыққан, әкесі Сәбитті мәрт жаратылыс жан — жақты ғып сомдап құйған, адамзаттың сырттаны болғанға ұқсайды. Аңдардың, құстардың жанды һәм жансыз дүниенің сырларын жетік білген, саятшылық өнерді мықтап меңгерген. Сегіз қырлы, бір сырлы Сәбит баласын да жыраулық, ақындық, тапқырлық сияқты өнерге баулиды. Сол заманның атақты қайраткерлерімен пікірлестіреді. Оның дүниетанымын, ақыл — ой дүниесін кеңейтіп көркейтеді. Ел басқару, билік — кесім шығару, толқынды топта сөз сөйлеу өнеріне ерте бастан — ақ тәрбиелейді.

Асан қайғы әуелінде Алтын Орданың астанасы Сарай қаласында, сонан соң Қазан шаһарында Ұлұғ Мұхамедханның (Ормамбет хан) бас биі болған. Алтын Орда ұлысы ыдыраған соң, Қазақ хандығын құрған Әз Жәнібек ханның (1456 — 1473) ақылгөй кеңесшісі болады. Қазақ тарихын зерттеуші Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса» атты еңбегінде Асан қайғы – атақты Шыңғысханның тұсында болған Майқы бидің алтыншы ұрпағы деп жазылған. Ежелден айтылып келе жатқан «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген қанатты тіркестегі Майқы есімі осы Шыңғыс ханның әскер басшыларының бірі.

Атақты би Ақтайлақ Байғараұлы 1720 — 1816 жылдарда өмір сүрген. Ата — бабасы азуы алты қарыс, қара сөзді орып айтқан, тілге даңғыл дүлдүлдер болыпты. Ақтайлақ XVII ғасырдың аяғында Ташкентте бек болған «нар дауысты Нарынбайдың» шөбересі, даусы аққудай саңқылдаған «қу дауысты Құттыбайдың» немересі.

Ақтайлақ би ел арасындағы дау — шарларды әділ билігімен, парасатты ақылымен, тапқыр, ойдағыдай кесімді пайымдауларымен мүлтіксіз тындырған. Әрине, өзінің жаратылысы, кісілік болмысы, кіршіксіз таза пейілі, дүниетанымы, көзқарасы, әдептілігі аса жоғары болғандығын мына бір қасиетке толы мөлдір тізбектерден тануға болады: «Асқа арыңды сатпа, ілінбе жаманатқа», «Еріншек болма, елгезек бол, еңбексіз босқа жатпа», «Жақсысын ешкім бермейді, өз қолыңда барыңды мақта», «Алтының болса әсерленбе, арыңды сақта, арамдықтан аулақ бол, адалдықты жақта», «Береке — бірлік іздесең, ең әуелі үй — ішіңмен бол ынтымақта», «Қайырымды бол қарындасқа, өзі тимегенге ұрынба босқа», «Мұзға бұзаулап, жеріме тасқа», т. с. с.

Қазақ халқының рухани — мәдени тарихындағы атышулы «құс көмей» шешен, «жолбарыс терісін жамылған» айтулы батыр, атақты билердің бірегейі – Бөлтірік Әлменұлы (1771 — 1853). Қазақ фольклорының білгірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Құдай рахмет қылсын Бөлтірік биге! Кісі болса, сондай болсын!» – деп, заңғар тұлғаға керемет ықыласын аямапты.

«Бөлтірік – Ысты елінен шыққан ақын, шешен әрі батыр. Өз қатарында ешкімнен жеңілмеген. «Жеті жарғы» атанған кісі, жеті тосқауылдан сүрінбей өткен тұлпарды осылай бағалаған», – деп сыр толғайды әнші ақын, композитор Кенен Әзірбаев.

Терең ойлы, тапқыр тілді, дауысы күндей күркіреген Бөлтірік шешенмен талай тарландар иық теңестіре алмаған, адуынды да алғыр шешеннің қасында олар жіп есе алмаған, жалындаған жүйрік оза шауып отырған.

Бөлтіріктің бүлдіршін кезін көрген Балпық би «көзінің оты, сөзінің қуаты бар» деп, «Бабасы Төле бидің аруағы қонайын деп жүр екен» деп, біртуар дарынның жарқын болашағын болжапты, қанаттандырып қолдапты. Нағашысы тобықты Қараменде бидің сипаттауынша, «аузынан гүл төгіліп, көзінен от төгіліп тұрған жас бұлбұл» Бөлтірік небір дау — шарларда, салтанатты мәслихаттарда түйдек — түйдек толғамдарды, кесек — кесек билік, нақыл, қанатты сөздерді, ақықтай жарқыраған асыл ойларды тереңнен қозғап, теңіздей толқытқан.

Басқа материалдар:

  1. Балаларды шешендік сөздерге баулу арқылы шығармашылық қабілеттерін дамыту
  2. Шешендік стильдегі сөз
  3. Шешендік сөздер. Қазақтың би-шешендері.
  4. Сырым Датұлының  шешендік өнері
  5. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  6. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  7. Шешендік өнер тарихы мен оған қойылатын талаптар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ