Қазақстан Республикасының жаңа Президенті қызметіне кірісті

0
1735

Бүгін ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді. Осылайша, Сенат төрағасы Президент өкілеттігін қабылдап алды.

Нұрсұлтан Назарбаев Президент өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін, яғни жаңа Президент сайлауына дейін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді.

Атап өтсек, Президент өкілеттігі Сенат Төрағасына Қазақстан халқына ант берген сәтінен бастап көшеді.

Еске салсақ, Нұрсұлтан Назарбаев Президент өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы ол кеше Қазақстан халқына жасаған үндеуінде айтты.

«Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл — оңай шешім емес. Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады. Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді», — деді Назарбаев.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктерін атай келе, осы жылдар бойы қолдау білдірген қазақстандықтарға алғысын айтты.

«Бұл жылдарда өткен барлық сайлауларда сіздер маған сенім артып, бастамаларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім», — деді Назарбаев.

Ұлт көшбасшысы Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына берілетінін айтты. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады. Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент міндетін келесі Президент сайлауына дейін уақытша атқарады.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», — деді үндеуінде Назарбаев.  Бұған қоса, кеше Нұрсұлтан Назарбаев сәйкес Жарлыққа қол қойды.

«1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағына сәйкес 2019 жылғы 20 наурыздан бастап, Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін атқаруды тоқтатамын.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 48-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасына Қазақстан халқына ант берген сәтінен бастап көшеді.

3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісетін адамның Қазақстан халқына ант беру рәсімі Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясымен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында 2019 жылғы 20 наурызда 12 сағат 00 минутта өткізілсін.

4. Осы Жарлық қол қойылған сәтінен бастап қолданысқа енгізіледі», — делінген 19 наурыздағы Жарлықта.

Жаңа Президент туралы анықтама

Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы 1953 жылы 17 мамырда Алматыда туған.

Отбасылық жағдайы: Үйленген, ұлы бар.

Білімі: 1970 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына түсті. 5-курста КСРО-ның ҚХР-дағы Елшілігіне диплом алдындағы жартыжылдық машықтамаға жіберілді.

Қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген, француз тілін біледі.

1975 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа кірісіп, Сингапур Республикасындағы кеңестік елшілікке жолданды.

1979 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің аппаратына қайта оралды.

1983 жылы Пекин лингвистикалық институтындағы 10 айлық тіл курстарына қатысу үшін Қытай Халықтық Республикасына аттанды.

1984-1985 жылдары КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызметте болды. Одан кейін Пекиндегі кеңестік елшілікке жолданып, онда 1991 жылға дейін екінші хатшы, бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарын атқарды.

1991 жылы Мәскеудегі КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының дипломатиялық басшы кадрлардың біліктілігін арттыру курстарына түсті.

1992 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды.

1993 жылы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары және 1994 жылы Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.

1999 жылдың наурыз айында Премьер-министрдің орынбасары болды.

1999 жылдың қазан айында Парламенттің келісімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Премьер-министр лауазымына тағайындалды.

2002 жылдың қаңтарында отставкаға кетіп, кейін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.

2007 жылдың қаңтарына дейін Сыртқы істер министрі ретінде жұмыс істеп, кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланды.

Сыртқы істер министрі лауазымында Қасым-Жомарт Тоқаев, тұтастай алғанда, 10 жыл еңбек етті (1994-1999, 2002-2007).

Сыртқы істер министрі ретінде Тоқаев ядролық қаруды таратпау ісіне белсене атсалысты. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың 1995 және 2005 жылдардағы шолу конференцияларына қатысқан. Ол 1996 жылы Нью-Йоркте –  Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ), ал 2005 жылы Семейде – Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа (ОАЯҚААШ) қол қойды.

2003 жылы теңізге шығу мүмкіндіктері жоқ дамушы елдер министрлерінің Халықаралық конференциясына төрағалық етті. Конференцияда Алматы іс-қимылдар бағдарламасы әзірленді және теңізге шығу мүмкіндіктері жоқ дамушы елдердің Алматы декларациясы қабылданды.

Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының он сессиясының жұмысына белсене атсалысқан, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері Кеңестерінің Төрағасы болып сайланған, Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық рангіне ие.

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы ретінде 2008 жылы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Вице-Президенті болып сайланған.

2011 жылғы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Тоқаевты Бас хатшының орынбасары, Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы Бөлімшесінің Бас Директоры және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Хатшысының Қарусыздандыру жөніндегі конференциядағы жеке өкілі етіп тағайындау туралы шешімін жария етті. Сонымен қатар, ол Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымын иеленеді. Ол БҰҰ-ның Швейцариядағы қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты лауазымды тұлға болып табылады.

2013 жылдың 16 қазанында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасы болып сайланды.

2019 жылдың 20 Наурызынан бастап Қазақстан Президенті өкілеттігін уақытша атқарушы.

 

Дереккөзі: BAQ.kz порталы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ