Қазақтың ұлттық киімдері

0
1811

Айыр қалпақ — аса қымбат матамен тысталып, ішіне жұқа киіз немесе қалың мата салынып, сырылып тігілетін ер адамдардың киімі. сыртына өсімдік тектес өрнек салынып, алтын жіппен зерленеді. Оны ертеде, негізінен, хан-сұлтандар салтанатқа киетін болған.

Оқалы немесе зерлі шапан — қымбат матадан жағасы мен өңіріне зер салынып, арқасы мен етек-жеңі оқалы жіппен өрнектеліп тігілетін сырт киім. Арқасына күн тәріздес дөңгелек өрнек, өн бойына өсімдік тектес оюлар салынады. Ертеректе  мұндай шапандарды хан-сұлтандар, ауқатты адамдар киетін болған.

Жарғақ шалбар. Иленіп, әбден өңделген жұқа теріні қазақтар «жарғақ» дейді. Қызғылт түске боялып, түрлі-түсті өрнек салынған жарғақ теріден тігілген шалбарды «жарғақ шалбар» деп атаған. Бұл сәнді киімді кезінде батырлар, бектер мен билер, сал-серілер салтанатқа киген.

Ішік — сырты матамен тысталып, түрлі аңның терісінен жүнін ішіне қаратып тігілетін қысқы сырт киім. Қолданылатын терісіне  қарай олар: түлкі ішік, қасқыр ішік, сеңсең ішік, нышпақ ішік деп әртүрлі аталады.

Сәукеле — ұзатылатын қыз-қалыңдық киетін ғұрыптық бас киім. Оның сом күмістен құйылған төбесіне үкі тағылып, маңдайына жақұт қондырылады. Өне-бойы алтын, күміс сияқты қымбат металдармен өрнектеліп, ақық, маржан, гауһар сияқты асыл тасылдармен безендіріледі. Екі шекесіне моншақтан салпыншақ өріледі, төбесінен жерге дейін төгілген ақ желек жабылады. Сәукелені ұзытылатын қызға арнап шеберлерге дайындаттырады. Оның бағасы өте қымбат, мәселен, жүз жылқыға дейін барабар болған. Сәукелені қалыңдық ұзатылған күннен бастап бір жылға дейін ғана киеді.

Қос етек көйлек — жібек, торғын, шәйі сияқты асыл матадан тік жаға, кең етек етіп тігілетін қыздардың көйлегі. Етегіне өрнектеліп, бүрмеленген қос желбіршек салынады.Сондықтан «қос етек көйлек» деп аталады.

Көк сауыр етік. Қалыңдықтың етігі де басқа киімдермен қатар арнайы тігіледі. Қазақ етігінің өкшесі биік, табаны ағаш шегемен шегеленіп тігілген. Қонышы өңделген теріден түрлі өрнектер салынып, көкшіл бояуға боялып, әсемделеді. Мұндай етікті «көк сауыр етік» дейді.

Саптама етік — қонышы тізені жауып тұратындай ұзын, табаны қалың сіріден оң-солы жоқ, түзу болып тігілетін аяқ киім. Оны киіз байпақпен киеді. Қысқы күнгі аязда ат үстінде жүргенге жылы әрі қолайлы.

Кебіс — табаны қалың, өкшесі биіктеу, сыртына түрлі өрнектер салынып тігілетін, мәсінің сыртынан киюге арналған аяқ киім.

Кимешек — жасамыс (егде)  әйелдер киетін бас киім. Ол көкіректі жауып тұратын тұтас матадан тігіледі. Ақ матадан бет жағы ойылады. Жағы, өңірі оқаланып кестеленеді. Төбесіне сәндік үшін шылауыш немесе күндік сияқты ақ мата оралады.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т

Басқа да ақпараттар:

  1. Ұстаның құрал-жабдықтары. Көрік, төс, қысқаш деген не?

  2. Ұсталық өнер. Темірді балқыту әдісі

  3. Ағаш өңдеуге арналған құрал-саймандар

  4. Тері өңдеу шеберлігі. Аң мен мал терісін илеу

  5. Ағаш өңдеу шеберлігі және оның түрлері

  6. Адамның іс-қимылына байланысты тыйымдар

  7. Ағаш желімі және оны күйдіріп әшекейлеу


ПІКІР ҚАЛДЫРУ