«Қазақтың ұлттық ойын құралы – асық» атты баяндамалық ашық сабақ

0
4664
Менеджмент қағидасында мектепішілік басқару дағдыларын жетілдіру, педагогикалық квалиметрия әдістері
МАЗМҰНЫ
Кіріспе бөлім.

1.«Қазақтың ұлттық ойын құралы – асық»

II.Негізгі бөлім.

1.Асық ойыны – біздің ұлттық спортымыздың бір түрі.

2.Қазақтың ұлттық ойынын меңгерту.

3.Асық ойынының бала дамуына тигізер пайдасы.

III.Қорытынды бөлім.

Тақырыбы:  «Қазақтың ұлттық ойын құралы – асық»

Бағыты:  Этномәдениеттану

Жоба авторы: Нұрбердиева А.А

Жұмыстың мақсаты:Асық ойнының ұмытылып, мүлде ойналмай, ережелерінің сақталмай, ойнаудың өзіндік сырларының (техникасының) жоғалып бара жатқандығын басты назарда ұстау, ұлттық байлығымызға лайықты деңгейде көңіл бөлу керектігін дәріптеу. Өткенді зерделеп, келешек ұрпаққа насихаттау.

Жұмыстың міндеті:Қазақтың ұлттық ойынын меңгерту.Асықты үй жануарларынан алатынымызды дәлелдеу.Ұлттық ойынның қажет екеніне көз жеткізу.

Жұмыстың өзектілігі: Қазақтың ұлттық ойыны- асық,ол туралы оқып білу.

Жұмыcтың нәтижесі: Егер қазақтың ұлттық ойындарында асықтың түрлерін дұрыс қолдана білсек, асықпен ойнауға деген қызығушылықпен сұраныс артар еді.

Кіріспе бөлім

Барлық халықты бір ғана арнаға салуға бағытталған өктем билік орнаған заманда қазақтың ұлттық әдебиеті де, мәдениеті де, салт-дәстүрі де қатты қысымға ұшырап,өрісі тарылғаны мәлім.Ұлтқа тән барлық қайнарлардың көзі тығындалып,бірте-бірте ізі өше бастады. Сондай саланың бірі –қазақтың ұлттық ойындары.Сол өктем билік орнаған заманда ұлт ойындарының ұлттық өнермен астасып жататынына мән бермеді. Кейіннен қазақ халқы тарихи кезеңге қадам басты.Өзінің Тәуелсіз мемлекетіне ие болды. Кешегі күндей күркіреген кеңес үкіметі санамыздан сызып тастауға тырысқан ұлттық ойындар ел Тәуелсіздігімен тірге төрге озды.

Паң даланың төсінде патшалық құрған қазақ ұрпағына өркениет жауһарларын мұра етті. Оның әрбір әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, ұлттық ойыны ата-бабаның мәйекті мәдениетімен астасып тұр.Ендігі міндет сол мемлектіміздің экономикалық қазынасын арттыруға есе қосумен бірге ұлттық бейнесін де танытуға барлығымызды күш-қайрат жұмсауға жетелейді.Ұлттық қасиетті,салт-сананы,дәстүрді қалпына келтіре отырып,ұлттық сипатты да мықтап қалыптастыру –жүрегінде жалыны бар жастардың борышы.Киіміміз қара төел жұпыны болса да, ойынға бай едік. Ойынның неше түрі біздің халықта.Дегенмен де, қазақ жастары ұлттық ойындардан алыстап кетті.

Махмуд Қашқаридің «Түркі тілдері сөздігінде» көне түркілердің: «Інген ыңыранса,бота боздайды» деген мақалы бар. Мынау қайта жаңғыру кезеңінде ұлт ойындарымыз да қажетке жарап қалар… Салт – ұлттың ғұмыр бойы жиған мәдениеті,ұлттың ұлт екенін әлем халықтары мойындаудағы төрт белгінің бірі.Біз асылы бар, жасығы бар,құдайға шүкір,салтқа бай халықпыз.Асық –ойынысол бай салтымыздың бір дәстүрі.Кезінде қазақ шаруашылықпен жаппай шұғылданған тұсында асық –әр үйдің, әр ауыл балаларының, жастарының да бас қосуының негізі.
Ертеде қазақ халқы асықты бала кезінде қолына алып,жас кезінен бастап ойнай бастайды.Тіпті сәби дүниеге келмей жатып,жас нәрестеге арнап асық жинайтындар да болған. Асық тұла бойы құдіретке тұнған күш іспетті. Сол себептен де бақсы-балгерлер асық арқылы болашаққа болжам жасаған. Ол әу баста ежелгі түріктердің арасында кеңінен тараған. Сондай-ақ асықты «Астралаг» деп ежелгі Грецияда, «Талус» деп ежелгі Римде салт-дәстүріне нақышталған ойын ретінде санап әрі насихаттаған. Алайда, асықты қазақтың ұлттық ойыны деп санағанмен, мұны Орта Азия халықтары, оның ішінде өзбек, қырғыз, тәжік т.б. ұлттар да әлі күнге дейін ойнап келеді.Асық ойындарының тәрбиелік мәні зор.Асық ойыны ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды.

Асық ойыны – өзінің түрлеріне қарай баланыңкүш-жігерін арттырып,мергендігін,шапшаңдығын,ептілігі мен қырағылығын жетілдіреді.Бір мезгілде бірнеше бала ойнайтын асық ойынының түрлері жас баланың намысын жанып, «қатарымнан озсам» деген талпынысты бойға қасиет қылып сіңіреді.Асықтың атып ойнайтын түрлері үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады.Үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып,аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады.Қазағымның кең пейіліндей сары арқа даласында көсіле жазықта ойнаңанға не жетсін. Үлкен мен кіші бір-біріне қамқор болып ойнасаң да, құрдас пен құрдас бір-біріңе бәсекелесіп ойнасаң да, үлкен мен кіші бір-біріңді сынай ойнасаң да әбден болады. Жүгіресің, секіресің, көздейсің, тигізесің, ерегесесің, жеңесің, жеңілесің, ұтасың, ұтыласың, асыққа бай боласың, жоқ боласың.Таза бәсеке, таза тәрбие.Өтірігі,арамдығы, жалғандығы жоқ. Болмайды да. Міне, асық ойнының кереметі деп осыны айт.

Негізгі бөлім

Асық ойыны – біздің ұлттық спортымыздың бір түрі. Асық ойыны-қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны.Халқымыз асықты қастерлеген.Біз пәлен ғасырдан бері мал шаруашылығымен айналысып, малға қатысты мәселенің бәрінің майын ішкен халықпыз. Өмір салтымыз, әдет-ғұрпымыз төрт түлік малға мейлінше байланысты. Қаншама атау, ұғым-түсінік, таным мен пайым соған қатысты.Одан өрбитін сөз де, мақал-мәтел де жеткілікті. Мысалы, қазақта «Асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілек бар.Ол сәті түсіп,жол болып тұрғандығын білдіреді. Сондай-ақ халықтың «Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт» дегеніне түсінген адамға астарында үлкен мән жатыр.

«Жасы кіші демеңіз,

Ақылы асса аға ғой.

Қой асығы демеңіз,

Қолыңа жақса сақа ғой»,- деген қазақпыз.

Ақындарымыз асыққа қатысты өлең де арнаған екен. Атап айтсам,

Алтын асық

Жаһанның құшағына сиясың ба?

Жарық күннен жатқам жоқ түк қысылып,

Ойығыма қорғасын құясың да,

Асықтай иіресің бүк түсіріп,

Жалғыз асық болса да,қызық ойын.

Ханталапай алаңы – тар төсегім.

Сенің дағы белгілі бұзық ойың,

Сақаңның салмағында бар кеселің.

Асығымды түсіріп алшысынан,

Айызың бір қанар ма алақайлап,

Сақаң келіп тигенде дәл тұсынан

Қағып ал да қақпайла талапайлап

Таңдайымды құдай-ау, жарамысың

Иіргенде не бүк, не шік түсемін,

Ұтқан сайын ұлғайып барамысың

Гүлге толып көңілім, тәнге тоят,

Жеңген сайын жеңімпаз жай таба ма?

Алақанда аймала нілге бояп,

Алтын асық қалмасын айдалада.

 

Асықтың түрлері мен атаулары

Алшы –асықтың иірілгенде табаны жерге тиіп, тұрық түсуі.Ойын кезінде оған аса мән беріледі.Ол — бірінші дәрежелі асық.

Тәйке— асықтың иірілгенде табаны үстіне қарап,тұрық түсуі.Ол — екінші дәрежелі асық.

Бүге ( Бүк ) -асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі. Ол үшінші дәрежелі мәнге ие.

Шіге ( Шік ) — асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі.Ол төртінші дәрежелі мәнге ие.

Тұрық – асықтың алшы не тәйке түсуі.

Омпы – асықтың тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылып түсуі.

Сомпы – асық тұмсығымен көкке қарап, тік шаншылып шоңқая түсуі.

Табан – асықтың тәйке жағы.

Оңқай –асықтың бүгесі алақанға қарап, тәйкесі оң қол бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы.Оңқай асық малдың сол жақ аяғының тілерсегінде болады.

Солақай – асықтың шігесі сыртқа қарап, алшысы оң қол бас бармаңына басылып ыңғайлы ұсталуы.Солақай асық малдың оң жақ аяғының тілерсегінде болады.

Сақа – қолдағы бар асықтың үлкенінен, ірісінен, салмақтысынан, оңқайынан белгіленеді.Солақайлар сақаны солақай асықтан ұстайды.

Қорғашбай сақа-табан жағынан ойылып қорғасын құйылған сақа.

Құлжа сақа— арқардың асығы.

Толай (томпай)- бұзаудың, тайыншаның асығы(жалпы сиыр асығын томпай дейді). Мұз үстінде әдейі асық ойнау үшін жасалған алаңда ойнағанда, алыстан атылатын ойындарға толай сақа ретінде пайдаланылады.
Жабайт-қой асығының сақадан кейінгі қорғасын құйылмаған түрі.

Шүкей(үшкейт)- қой асығының кішкенесі. Қозы, ешкі асығы. Ең кішкене асық.

Кеней— шүкейдің көп жұмсалып мұжылған (мүжілген) түрі.

Ешкімер – ешкінің асығы.

Асық ойындары –құмар, омпа, хан, ханталапай, тас қала т. б.

Алшы ойыны. Алшы ойыны- асық ойынында тігілген асықтарды атуға жарамды сақа таңдап алынады. Сақа болатын асық салмақты, ірі болуға тиіс. Ол көбінесе еркек қойлардың, не қошқарлардың асығы болып келеді. «Алшы ойыны» сақаның салмақты да алшы тұрғыштығына байланысты. Бұл ұту үшін өте қажет.«Алшы ойынын» ойнаушыларға шек қойылмайды. Ойын басталар алдында ойын жүргізуші барлығының сақаларын жинап алып, ойында әркімнің кезегін белгілеу үшін, яғни, кімнен кейін кім асық ату керектігін анықтау үшін, сақаларды иіреді. Иірген кезде кімнің сақасы алшы түссе, сол — бірінші, тәйке түссе — екінші, бүк түссе — үшінші, шік түссе одан кейін асық ататын болады.

Атқан кезде сақасы мен асығы бір жақты түссе, атқан асығын алып, әрі қарай ата береді. Енді бірде асық атқан кезде сақасы алшы түсіп, асық кез келген жағында жатса да асықты алады, тағы атады, ал сақа мен асық екеуі екі түрлі түссе, онда алмайды. Ол атуды тоқтатып, кезекті келесі ойыншыға береді. Екінші ойыншы өз кезегінде сақасын иірген кезде тәйке түссе, онда өзінен кейін кезекте тұрған ойыншы көмбеде тұрып оның тәйке түскен сақасын атады, тигізсе, сақа иесі ойыннан шығып қалады, тигізе алмаса, өзі ойыннан шығады. Кезек алу үшін сақаларын иірген кезде бүк, шік түскен ойыншылар өз кезектерімен көнге тігілген асықты ата береді. Осы ретпен көндегі асықты атып тауысқанға дейін ойнайды да, асықтарын қайта тігіп, ойынды жалғастыра береді.
Омпа

Асық ойынының бір түрін «Омпа» деп атайды. Бұл ойынды көбінесе бозбалалар ойнайды. Оны таза ауада алаңда, не үлкен бөлмелерде ойнауға болады.Ойнаушылардың санына шек қойылмайды.Ойынның мақсаты –асық ұту.Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көн сызады да, біріншісіне төрт бұрыш жасайды.Дәл ортасындығы сызыққа әрбір ойыншы өздерінің асықтарын тігеді. Тігілген асықтардың ортасына бір асық мұртынан «Омпа» тұрғызады.

Ойнаушылар екінші белгіленген жерден бірінің артына бірі тұрып әркімнің өз кезектерң бойынша қолдарындағы сақаларымен «Омпаны» ата бастайды. Егер кімде-кім омпаға тигізсе және төрт бұрыштың шетіне шығарса, онда көндегі асықты түгел алады. Ал омпаға тимесе, жанындағы асықтарға тисе, оны да төрт бұрыштың шетіне шығара алса, онда сол атқан асығын ғана алады. Асық таусылған сайын, көнге асық қайтадан тігіліп отырылады. Ойын ары қарай жалғаса береді.

Өріс ойыны

Түзу бойына алшы, тәйке кезектесіп тізіледі. Өріске ұзап барып атасың. Кімнің бірінші ататындығы сақаларын қосып, бір ойыншы басынан асыра жерге тастайды.Алшы түскен сақа иесі бірінші, тәйке екінші, бүк үшінші, шік төртінші болып атады.Сақа асыққа тиіп «алшы» түссе, тізілген асықты түгел ұтып алады. Сақа асықтарды құлатып, сақа бүк түссе, шік жатқан асықтарды ұтады.Ал сақа асықтарға тиіп, шік түссе, бүк түсіп жатқан асықтарды ұтады.Бұзылған асықтарды түзу бойына қайтадан тізіп қояды.Келесі кезектегі ойыншы сақасымен тізілген асықтарды көздеп атады. Атқанда сақа асықтарға тиіп, өзі омпа түссе,онда өрістен атылған сақалар домалап түскен жерінде жатуға тиіс.Келісім бойынша үш рет қайталауға болады.Кімнің сақасы төрге озып кетсе, сол бірінші болып кері атады. Ойыншылар тигізе алмаса, алғашқы о89+йыншы қалған асықты сақамен қосып, басынан асыра жерге тастайды.Ұтқан асығыңды жинап отырасың. Шебер ойыншы қарсыласының асығын түгел ұтып алады.

Асықты тігіп ойнау

Бір топ бала, жастар жиылып келіп, тегіс жерді таңдап алады да оны тазартып, ортадан төрт бұрышты сызық сызады. Сол төрт бұрышты ортасынан тең етіп екіге бөледі. Әр жағының қашықтығы Балалардың жас мөлшеріне қарай белгіленеді. Содан 1-1,20 см немесе 1,5 мерге дейін болады.Мұны «Көн» деп атайды. Ойнаушылардың өзара келісімі бойынша көннен 4-5 метр не одан да көп мөлшерде асық ататын орын белгіленеді. Оны сызықпен белгілейді. Ойыншылар осы жерден тұрып көндегі асықты ататын болады. Ойынды кім бірінші болып бастайтынын сақа иіру арқылы анықтайды. Сақасы алшы түскен ойыншы бірінші болып ату кезегін алады.

Ойыншы асыққа дәл тигізіп, оны көнбе сызығынан шығарса, оны алады да, сақасы түскен жерденқайта атады. Сөйтіп, көннен шығарғандарын ала береді.Егер оның сақасы көндегі асыққа тимей кетсе, асықты келесі ойыншы атады.Ал тігілген асықтарды бұзып, бірақ көннен шығара алмаса, қалған ойыншылар асықтарды сол жатқан қалыбында атып, көннен шығарып алуы тиіс. Ойын көндегі асықтар бойынша біткенше ойнала береді. Көндегі асық біткен соң, ойынға қатынасушылар бір-бірден көнге қайта асық тігіп, ойын қайта басталып, жалғаса береді.

Тас қала

Асық ойынының ендігі бір түрі –«Тас қала». Ойынға қатынасушыларға шек қойылмайды.Олар тегіс жерді таңдап алып, шеңбер сызады да, дәл ортасына асықтарды бірінің үстіне бірін пирамида етіп жияды.Сонан соң асық тігілген жерден ойынға қатынасушылардың жас ерекшелігіне орай көн белгіленеді. Оның қашықтығы 7-8 метрден кем болмайды.Ойынды бірінші болып бастайтын ойыншыны анықтау үшін сақаларын иіреді. Кімнің сақасы бұрын алшы түссе, ойынды сол бастап, қалғандары да осы тәртіппен өз кезектерін алады.Алшы — бірінші, тәйке — екінші, бүк — үшінші, шік — төртінші.Егер ойыншының асығы омпа түссе, ол алшыдан жоғары болып есептеледі де, бірінші орынды сол алады.

Егер де екі не үш адамның асығы алшы не бүк, не шік, не тәйке түссе, онда сақалар қайта иіріледі.Атушы «Тас қалаға» сақасын дәл тигізіп, бір асықты шеңберден шығарса, ойынды жалғастырып, сақасы түскен дерден қаита алады. Шеңберден атып шығарған асықтарын ала береді. Егер бірінші атушы тигізе алмаса, онда екінші ойыншы атады. Егер атқан ойыншы «Тас қаланы» бұзып, бірақ асықты шеңберден шығара алмаса, онда айыбын қосып «Тас қаланы» қайта тұрғызады.Егер атушы «Тас қаланы» бұзып, бір асықты шеңберден шығарса, онда қалған асықтарды шеңберден шығара алмағанға дейін ата береді.Қалған ойыншылар «Тас қаланың» бытырап жатқан қалдықтарын атып алады.Көнде жатқан асықтар түгелдей біткен соң, ойын қайта басталады.

Хан

Асықпен ойнайтын ойынның бір түрі –«Хан» ойыны.Ойынға қатынасушыларға шек қойылмайды.Ойынға қатынасушылар көнге қанша асық шығаратынын алдын ала келісіп алады. Көнге жиналған асықтарды бір жерге басын қосып біріктіреді. Содан кейін көп асықтың ішінен бір белгілі асықты «Хан» сайлайды. Екінші ойыншылар көнге жиналған ( әр ойыншы не бес, не он асықтан қосуға тиіс) асықты иіретін ойын жүргізушісін тағайындап алады. Ол жиналған асықты ортаға екі қолдап иіріп тастай береді. Барлық асықтарды иіріп болған кезде «Хан» көп асықтың ішінен көрінбей қалуы

мүмкін, мұндай жағдайда ойнаушылардың барлығы асықты иірушінің «Ханды қара басты» даусын естігеннен кейін бас салып асықтарды талап алады. Екінші жағдайда иірген асықтардың арасында «Хан» ашық жатса, онда «Ханмен » бүк жатқан асықты ату керек, ойын солай жалғаса береді. Ойынның шарты бойынша «Ханмен» асықты атқан кезде басқа асықтарды қозғауға болмайды. Сөйтіп, ойын шарты бұзылғанға дейін немесе барлық асық атылып болғанға дейін ойын жүре береді. Бұл ойын ойыншыдан өте ептілікті талап етеді. Егерде ойыншы қалай болса солай дөрекілік көрсетсе, қимылында ептілік болмаса, онда ол ойыншы ұтылады.Сондықтанойынға қатынасушылардан байыптылық, ұстамдылықпен қоса өте ептілік қасиеттерді талап етеді. Бұл қасиет келе-келе ойыншының әдетіне айналып, жақсы дәстүрге тәрбиелеуге, өзін-өзі басқара білуге машықтандырады.

Ханталапай

Асықпен ойналатын ойынның тағы бір түрі –«Ханталапай». Балалар бұл ойынды үлкендердің басшылығымен ойнайды. Ойынға қатынасушы балалардың санына шек қойылмайды. Олар ойын жүргізушінің айналасына жарты шеңбер құрып отырысады.Ойын жүргізуші қолындағы асықты «Ханталапай» деп ортаға қарй шашып жібереді.Отырғандар тез-тез жиып алулары керек. Кім аз жиып алса, сол жеңілген болып есептеледі. Ойынның мақсаты – балалардың жылдамдығын жеделдету,Жүйке жүйелерін шыңдау, тілін дамытып, ойда сақтау қабілеттерін жетілдіру.

Атқапыл

Мұны кей жерде «Көтеріспек» деп атайды.Бұл ойынға екі бала қатысады.Біреуі сақасын иіріп, екіншісі сол сақаны екінші бала өз сақасы жатқан жерге дейін көтеріп апарады.Осылайша екі бала бірінің сақасын бірі атып, бір-бірін кезек-кезек көтерісіп ойнай береді. Бұл ойын балаларды шымырлыққа, дене күшін жетілдіруге үйретеді.

Иірмекіл

Бұл ойын екі немесе төрт бала ойнауға ынғайлы. Ойынды екі бала ойнаса, тәртібі төмендегідей: әр балада 5-6 асықтан болуы керек. Екеуі бір-бірлеп асық иіреді. Қай баланың асығы алшы түссе, сол осы екі асықты уыстап алады да жерге жайлап шашып жібереді. Екі асықтың бірі алшы түссе, онны алады. Екінші асықты иіреді. Ол алшы түссе, оны да алады. Бұдан соң екі бала тағы да асықтарын бір-бірлеп иіреді. Асығы алшы түскен бала екі асықты сыпырып алып, жерге тастайды. Сол кезде бір асық алшы, бір асық шіге түссе, екеуін де алады. Осылайша асығы алшы түскен баланың тастаған асығы шіге түсіп отырса, олұтысқа иебола береді.Асық алшы түспей, басқа ыңғайдышіге ұтысқа саналмайды. Екі бала кезек-кезек иіріп отырып, ойынды жалғастыра береді. Бұлойын балалардың есте сақтау қабілетін арттырады.

Асық ойынының бала дамуына тигізер пайдасы.

Асық ойыны баланың миын шынықтырады. Яғни, бала асықты атпас бұрын ойланады. Қай тұстан, қалай атса дұрыс тиетінін ойша салмақтайды. Сөйтіп, өзінше есептеп, қорытынды шығару арқылы баланың ақыл-ойының жетілуіне себепкер болады.

Баланың он екі мүшесі, бұлшық еттері толық қозғалысқа түседі.Асықтың атып ойнайтын түрі үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады.

Асықтан жасалған материалдық құралдар.

Бала даму үшін қосымша ойлау қабілетін зейінін, физиологиялық жан-жақты даму үшін әр түрлі методиканы қолданады. Біздің қазақ елі бала тәрбиесіне үлкен мән берген. Соған байланысты біз ұлттық тәрбиеге көп мән береміз.Асық ешқандай баланың денсаулығына зиянын келтірмейді. Өйткені жан-жағының бәрі дұғал, бәрі жұмыр. Оны санасада болады, ұстаса да болады, мына алақандағы әр түрлі нүктелерге де, асықты қалай қолданса да өте ыңғайлы. Бұрын қазақ еліміз асықты тек ойын құралы ретінде қолданған. Енді мен асықты оқу, дамыту құралы ретінде жан-жақты баланы мектепке дайындап, физиологиялық және психологиялық жағынан қолдануға болады деп өзім есептеймін.

  1. 3-4 жастағы балаларға арналған, асықты өздеріңіз білесіздер өзіне тән бөлінген: алшы, тәйке бүк, шік төрт жағы бар. Соны мына формаға шығарып салудың өзі баланың ойлау қабілетін арттырады.
  2. Денсаулықты сақтау технологиясы бойынша массажды қолғаптар бар. Мына қолғаптың пайдасы балалар қолына киеді, және бір-біріне қолдарын үйкелестіру арқылы алақандарының ұсақ бөлшектері, алақан жұмысы жақсарады. Сонымен қатар олар бір-біріне массаж жасайды. Өте қызықты, әрі денсаулығын дамытуға көп қызмет атқарады.
  3. Сонымен қатар денсаулықты сақтау жолақшалары. Ол жерде бала аяқ киіммен емес жалаң аяқ немесе шұлықпен асықпен толтырылған әртүрлі іздерді басу арқылы балаларды майтабандыққа қарсы табанымызды әртүрлі денсаулықты нығайтатын шыңдайтын нүктелеріміз бар сол балаларымыздың табанына батқан сайын шыңдай түседі.
  4. Сонымен қатар музыкалық аспаптар бар оның өзінің дыбыс шығаруы ерекше. Металлофонды алатын болсақ, дайын металлофонның дыбыс шығаруы ерекше, ал асықпен ұрғылаған кезде шығаратын дауысы оданда ерекше, тұнық, табиғи дыбыс шығарады.
  5. Әр түрлі-түсті асықтарды пайдалана отырып баланың түстерді тануына да жағдай жасауға болады. Мысалы, қызыл, жасыл түсті жіптерге сол түсті асықтарды өткізіп, немесе әр түрлі-түсті ыдыстарға асықтарды салу арқылы да дамытуға болады.
Ойын: БЕС АСЫҚ ОЙЫН ЕРЕЖЕСІ(Қыздар ойыны)

Ойынға 2 ойыншы қатысады, әр ойыншыда бес асықтан болады.

Ойын мазмұны. Ойын кезегі сақаларды иіру арқылы анықталады.Сақасы алшысынан түскен ойыншы ойнау кезегіне ие болады. Бірінші ойыншы ойынның ережесін бұзғанша ойнайды. Кейін ойынға екінші, үшінші ойыншы кіріседі. Ойын бір қолмен ойналады. Ойыншы жерден (кілемнен) асықтарды алғанда, қолы басқа асықтарға тимеуі керек. Егер ереже бұзылса, кезек келесі ойыншыға беріледі. Ойын жалғасы әрекеттің бұзылған жеріненбасталады.

«Бірлік». Ойыншы кілемге бес асықты шиырып тастайды, шашылған асықтардың ішінен біреуін таңдап алады, ол хан болады.(Хан асық ойнын жүргізетін негізгі асық болып есептеледі). Ойыншы ханды жоғарыға лақтырып, кілемде жатқан асықтардың бірін алып, лақтырған ханды қағуы керек. хан қайта жоғары лақтырылып, кілемдегі шашылған асықтардың екіншісі, кейін үшінші, төртінші алынады. Ескерту: Ханды қаққан кезде алақанның сырты кілемге жанаспауы керек. Кілемнен алынған асықтар, бөлек жиналады.

«Екілік». Бес асық шашылады. Хан жоғарыға лақтырылып, кілемнен екі асық алынады бірліктегідей лақтырылған асық қағылып алынады. Кейін тағы екеуі теріледі. Кілемнен алынған асықтар бөлек жиналады

«Үштік». Бес асық шашылады. Хан жоғарыға лақтырылып, кілемнен үш асық алынады. Хан қайта қағылады. Кілемде қалған жалғыз асық ханды жоғары лақтырып, бөлек алынады, хан қайта қағылады.

«Төрттік». Барлық бес асықты алақанда ұстайды. Хан жоғарыға лақтырылып, қалғандары бірден кілемге қойылады да лақтырылған асық қағылып алынады. Кейін хан жоғарыға лақтырылып, төртеуі жиылып алынып, лақтырылған хан қағылады.

Қорытынды бөлім

Қорыта айтсам, кейінгі кездері жастар мен жасөспірімдер ойын автоматтары, интернет сынды зиянды ойындарға әуес болып барады. Кез келген ойын автоматтарына бас сұқсаң көбіне көп қазақтың баласын кездестіресің.Ойын автоматтарының зиянын атап өтсем, оларды төмендегінше жіктеуге болады.Біріншіден, бұл ойындардың адам денсаулығына тигізер залалы көп. Екіншіден, баланың ойлау қабілеті, ойлау шеңбері белгілі бір жүйеде шектеліп қалады. Ал, ата-бабамыздан ұзақ ғасырлық көш-керуен арқылы үзілмей жалғасып келе жатқан асық ойыны күш-жігерді жетілдіріп, дәлдікке, мергендікке үйретеді.

Бір байқағаным, бүгінгі балалар ата- анасынан оқу құралға емес, осындай компьютер ойнына ақша сұрап жатады. Мұның соңы неге апарып соғатынын кім білсін?.. Сосын ол балалардың тәбеті бірте- бірте құмар ойындарына да шабуы ғажап емес.Ал, асық ойынын кез келген жерде, қалаған уақытында ақша төлемей-ақ ойнай бересің. Бірақ қазір түр –түрімен жаңарып, санамызды улап жатқан құмар ойындарының көптігінен құмарпаздар асық ойнына аса мән бермей жүр. Уақыт өте келе асық ойнының денсаулыққа пайдалы екеніне көзім жетті. Бір жағынана дам денесі қимыл- қозғалыс арқылы шынығып, шымыр болады. Екіншіден, жан тазалығы таза болады. Сондықтан тек тазалықтың ойыны дер едім.

Нұрбердиева Ақмарал Аманжолқызы

Басқа материалдар


ПІКІР ҚАЛДЫРУ