Қазақ жүздерінің құрылуының ерекшеліктері

0
8601
Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі

Мазмұны:

  1. Кіріспе.
  2. Негізгі бөлім
  3. Жүздік құрылым туралы.
  4. Ұлы жүз тайпалары.
    1. Орта жүз тайпалары.
    2. Кіші жүз тайпалары.
  5. Қорытынды.
  6. Пайдаланылған әдебиеттер.

Жүз — орда, қазақ халқының үш рулық-тайпалық бірлестіктерінің ортақ атауы. Дәстүрлі қазақ қоғамы үш жүзден тұрады: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз.

Жүздік құрылым туралы

Дәстүрлі қазақ қоғамы үш жүзден тұрады: Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз. Жүздердің шыққан уакыты, шығу себептері, ішкі мазмұны жөнінде ғалымдардың арасында әлі ортақ пікір жоқ.

Ш. Уәлихановтың пікірі бойынша, «Алтын Орда мемлекетінің ыдырауы кезінде қазақтар өздері көшіп жүретін жерлердегі өз құқықтарын қамтамасыз ету үшін осындай үлкен одақтар құрған». Н.А.Аристовтың ойынша, «жүздерге бірігу жоңғар шапқыншылығы кезінде шыққан».

В. Бартольд: «Қазақ жүздерінің пайда болуына географиялық фактор әсер етті, табиғи-географиялық жағдайға икемделу және аумақтық оқшаулану жүздердің мәдени-шаруашылық ерекшеліктерін қалыптастырды», — деп есептейді.

М. П. Вяткин В.В.Бартольдпен келісе отырып: «Жүздердің құрылуына табиғи-географиялық себептермен қатар саяси оқиғалар әсер етті, жекелеген ордалар ерекше саяси одақтар ретінде XVI ғасырдың аяғында қалыптасты», — дейді.

С. Аманжолов: «Қазақ елі, жері үш жүзге монғолдарға дейінгі кезеңде — X—XII ғасырларда бөлінді», — деп есептейді.

Шығыстанушы Т. И. Сұлтанов жүздердің құрылуы жөнінде нақты деректердің тапшылығын айта келіп: «XVI ғасырдың екінші жартысында ұлыс жүйесі біртіндеп жүздерге ауысқан», — деген болжам айтады.

Жүз ұғымының мәні де толық ашылған жоқ. Біраз зерттеушілер қазақтың «жүз» деген сөзін арабтың «джуз» — бір нәрсенің «басты бөлігі», «тармақ» деген сөзімен сәйкестендіреді. Шығыс деректерінде жүздер жөніндегі жанама мәліметтер XVII ғасырдың ортасына қарай кездеседі.

Махмүд бен Уәлидің 1634—1641 жылдарда жазылған еңбегінде: «Шайбани хан өлгеннен кейін оның ұлы Баһадүр осы ел мен ұлысқа басшылық ете бастады… ол қыстауы мен жайлауы үшін Ақ Орданы таңдап алды, ол әрі Йүз-Орда ретінде де белгілі», — дейді. Осы деректе кездесетін йүз (жүз) сөзін кейбір зерттеушілер қазақтың жүзімен теңестіреді.

М. С. Мұқановтың пайымдауынша, қазақтың жүздері этноәлеуметтік организмнің жоғары санаттарының бірі. «Этноәлеуметтік организм» деп этностық, әлеуметтік, шаруашылық, саяси бірлестіктерді түсінеміз.

Қазақ жүздерінің мынандай ішкі белгілері бар:
  • а) ішкі аумақтық тұтастық;
  • ә) этностық туыстық;
  • б) шаруашылық-мәдени бірлік;
  • в) саяси басқару ортақтастығы.

Осы ішкі белгілердің мәнін аша түсейік. Әрбір қазақ жүзінің тарихи қалыптаскан аумағы бар. Мысалы, Ұлы жүздің таралған аймағы — Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан; Орта жүздікі — Орталық, Шығыс, Солтүстік Қазақстан; Кіші жүздікі — Батыс Қазақстан. Қазақтың бір жүзге кіретін тайпалары өзара туыстас, тіпті бір атадан тарадық деп есептейді. Белгілі бір географиялық ортада, аумақта өмір сүргендіктен, жүздің құрамына кіретін тайпалардың өз арасындағы шаруашылық-экономикалық байланыстар басқа жүздерге қарағанда күштірек болады.

Осы ішкі байланыстардың пәрменділігінің нәтижесінде белгілі бір тілдік-диалектілік, тұрмыстық-ғұрыптық ішкі тұтастық, өзара жақындық қалыптасады. Жүздер сонымен қатар басқарылуы жағынан да ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Әр жүздің өз төбе билерінің болғанын білеміз. Хандық заманда әр жүз өз хандарын сайлап отырғаны белгілі.

Қазақ жүздері күнделікті тіршілікте қазақ халқының шаруашылық, саяси аумақтық бөлшектері болды. Тыныштық замандарда ішкі этностық байланыстардың, қатынастардың көпшілігі жүздердің өз ішінде жүріп жатты. Дегенмен бұдан қазақ жүздерінің арасында саяси, шаруашылық-мәдени, этностық байланыстар болмады деген түсінік тумауы керек. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын, отырықшы не жартылай отырықшы ру-тайпалардың арасында өзара айырбас, сауда қатынастары жиі болды. Жүздердің көршілес жатқан руларының арасында құдандалық, тамырлық қатынастар да өркендеді.

Ішкі шекаралас аудандарда жер дауы, жесір дауы мәселесі де болып тұрды. Сондықтан жүздердің ішкі шекаралық аудандары қазақ халқының өзара мәдени, тілдік, тұрмыстық, шаруашылық бірлігіне дәнекер болған алтын көпір, үзілмес желі қызметін атқарды. Ал ел басына күн туған жағдайда, сыртқы жаулардан қорғану мәселесінде қазақ жүздері жұдырықтай жұмыла білді. Ол кезде «мынау бәлен жүздің жері, елі» деп бөлінбеді, бүкіл қазақ жері, қазақ елі үшін қай жүздің баласы болсын, жанын қиюға даяр тұрды. Қазақ жүздерінің ішкі бірлігінің, жалпықазақтық патриотизмнің, елдіктің озық үлгісін біз Жоңғар шапқыншылығы оқиғаларынан көреміз. Мұндай мысал көптеп саналады. Қазақ жүздерінің қордаланып қалған ішкі, сыртқы мәселелері жүздердің басы қосылған құрылтайларында, жиындарында шешіліп отырды.

Жүздер жөніндегі нақты деректер XVIII ғасырдың бірінші ширегінен бастап кездеседі. 1731 жылы қазақтардың бодандығы жөніндегі келіссөзге Кіші жүз арасына келген А.Тевкелев былай деп хабарлайды: «… қырғыз-қайсақ ордасы үш бөліктен, атап айтканда: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүзден (Үлкен орда, Орта орда, Кіші орда) тұрады».

Үштік бөлініс қазақ жерін мекендеген көне тайпалардан келе жатқан дәстүр. Сақтар: тиграхаудау хаомаварға және парадарайя болып үш бөлікке бөлінген. Көне үйсіндерде, көне түркі-монғол көшпенділерінде үштік одаққа бөліну дәстүрі болған. Бұдан біз, жалпы, үштік бөлініс қазақтардың арғы тектерінің дәстүрінде бар екенін көреміз.

Кең-байтақ қазақ жерінде мұндай үлкен одақтар құру саяси, әскери-қорғаныс, шаруашылық-ұйымдастырушылық, басқару қажеттіліктерінен туындаған. Мұндай одақтар қазақ жерінде қыпшақтар заманын бастап құрылған болуы керек. Ал мұндай жүздік одақтарға бөлінудің аякталуы қазақ халқының құрылуы кезеңімен сәйкес келсе керек.

Ұлы Жүз — қазақ халқының этникалық құрамына енген рулар мен тайпалардың саяси, экономикалық және мәдени бірлестігі.

Жері жапсарлас әдет-ғұрпы

Тірлігі ұқсас әрі туыстас Жетісу тайпалары кіретін Ұлы Жүз бірлестігінің қалыптасуы ұзақ жылдарға созылды. Олардың ежелгі мекені Жетісу көне мәдениет орт. болатын. 14 — 15 ғ-ларда бұл тайпалар Моғолстан мемлекетінің құрамында біртұтас этн. бірлестікке біріге бастады. 15 ғ-дың 2-жартысында Жетісуда Қазақ хандығының құрылуы Ұлы Жүз бірлестігінің қалыптасуын тездетті. Осы кезден бастап бұл бірлестікке қазақ жеріндегі қилы-қилы тарихи кезеңдерден өткен

  • жалайыр,
  • қаңлы,
  • албан,
  • суан,
  • дулат,
  • шапырашты,
  • сіргелі,
  • шанышқылы,
  • ысты,
  • ошақты,
  • сарыүйсін,
қатаған тайпалары ене бастады. Бұл тайпалардың басым бөлігі б.з.б. 1 ғ-да Жетісуда, Шығыс Түркістан, қазіргі Қырғызстан жерінде құрылған үйсін мемлекетінің құрамында ерте темір дәуірінде тіршілік еткен болатын. Үйсін мемлекетінде үйсіндермен туыстас (юечжи, т.б.) бірқатар тайпалар тіршілік етті. Н.Я. Бичурин, Г.Е.Грумм-Гржимайло сынды ғалымдардың еңбектерінде үйсіндер құрамында дулұ тайпасы өмір кешкені айтылады. Бұл мемлекет Қытаймен тығыз дипломат. қатынастар орнатып, алыс-жақын елдерге кеңінен танылды.

Белгілі зерттеуші Н.Мыңжанұлы “б.з.б. 3-ғасырдан заманымыздың 10-ғасырына дейінгі 1200 жылдық Үйсін тарихында, Үйсін күнбилері әулетінің тек он ұрпағы жөнінде ғана нақты дерек сақталғанын” айтады. Халқымыздың автохтондық концепциясын қолдайтын ғалымдар көне үйсіндердің қазақ этносында маңызды рөл атқарғандығын жазады. Мұны Қытай ғалымдарының басым бөлігі мақұлдайды.

Түркітанушы-археолог А.Досымбаеваның мәліметтеріне қарағанда, Жетісу жеріндегі үйсін және түркі дәуіріндегі археол. ескерткіштер кешені өзара тығыз байланыста дамыған. Оны жазба дерек көздері де растайды. “Таң патшалығының көне тарихы. Түрік шежіресі” атты тарихи дерек көзінде “Теле … қатарлы елдер бағынғаннан кейін, олардың халқы дулат, нүшбе, қарлық, шиуо, шымыр, обырларға араласып, сіңісіп кетті” деген жолдар бар. Бұл өз кезегінде Түрік қағандығының құрыла бастаған кезіндегі саяси жағдаймен этн. қатынастарды айғақтайды.

Орта жүз тайпалары
Орта жүз тайпалары алты атадан тұрады (оларды «алты арыс» дейді):
  • арғын;
  • найман;
  • қыпшақ;
  • қоңырат;
  • керей;
  • уақ.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Орта жүз тайпаларының жан саны мөлшермен 1 млн 350 мыңдай болды. Ал Қытайдағы, Монғолиядағы керей, уақ, наймандарды қосқанда, 1 млн 500 мыңнан астам болған.

Орта жүз тайпаларының жайлаған аймағы — Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстанда Сырдарияның жоғарғы және орта ағысы аймағы. Орта жүздің арғын, найман тайпалары Жетісудың солтүстік-шығысында, Шу өзені мен Сыр өзенінің аралығында әр жерде шоқ-шоқ болып та жайғасқан.

Кіші жүз тайпалары

Кішi жүз қазақтарына: байұлы, әлімұлы, жетіру деп аталатын үлкен үш тайпалар одағы кірді. Кіші жүз қазақтарының жері бүкіл Батыс Қазақстан аймағын алып жатыр. Шығыста Тобыл, Торғай, Ырғыз өзендері мен Мұғалжар тауларынан батысында Каспий теңізі мен Еділдің орта, төменгі ағысына дейінгі жерді, оңтүстігінде Сырдың орта, төменгі ағысы мен Маңғыстау түбегі, Үстірттен солтүстігінде Тобыл, Жайық өзендеріне дейінгі аймақты алып жатты. Кіші жүз қазақтарының XIX—XX ғасырлар шегіндегі саны 1 млн 200 мың адам болды.

Байұлы 12 атадан тұрды. Олар:
  • шеркеш;
  • есентемір;
  • таз;
  • ысық;
  • адай;
  • беріш;
  • байбақты;
  • қызылқұрт;
  • тана;
  • масқар;
  • алаша;
  • алтын;
  • жаппас.

Кей шежірешілер алтын мен жаппасты біріктіріп (алтын-жаппас) бір ата деп есептейді. Байұлының тайпалары Жайық иен Жемнің аралығын, Үстірттің біраз жерін, Маңғыстау түбегін, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауларын жайлаған.

Әлімұлын алты ата әлім дейді. Олар:

  • шекті;
  • шөмекей;
  • төртқара;
  • кете;
  • қаракесек;
  • қарасақал.

Әлімұлы рулары қыста Жем мен Каспийдің арасында, Арал теңізінің солтүстік-батысына дейін, Борсық құмдары, Қарақұм, Қуаңдария мен Жаңадарияның аралығын қыстаған. Жазда Ақсақал келінен солтүстікке қарай Торғай, Тобыл, Ырғыз, Ор, Елек, Қобда, Жем, Ойыл өзендерінің бойында, Мұғалжар тауларында көшіп жүрген.

Жетіру аты айтып тұрғандай, жеті рудан тұрады. Олар:
  • табын;
  • тама;
  • кердері;
  • керейт;
  • телеу;
  • рамадан;
  • жағалбайлы.

Жетіру аталары қыста Сырдарияның орта ағысын және сол маңдағы аумақтарды қыстаса, жазда солтүстікке қарай жылжып көшіп, Орал тауы баурайына дейін баратын.

1801 жылы патша өкіметі 5 мың қазақ шаңырағын Жайық пен Еділ өзендерінің арасына көшірді. Бұл жерде Бөкей ордасы құрылды, ол 1812 жылы Бөкей хандығы деп, ал 1845 жылы Ішкі орда деп аталды. Осы Ішкі ордада XIX ғасырдың ортасына қарай адай, алаша, байбақты, беріш, жаппас, есентемір, ысық, қызылқұрт, кете, масқар, ноғай, жетіру, таз, тана, төлеңгіт, шеркеш руының адамдары тұрды.

XIX ғасырдың соңына қарай қазақ халқы бүгінгі Қазақстан жерінің барлық аумағын алып жатты, тіпті одан тыс көршілес аймақтарда да таралды. Мысалы, Орта жүз қазақтарының кейбір топтары Монғолия, Жоңғария, Батыс Сібір және Орталық Азия жерлерінде де тұрды. Кіші жүз қазақтары оңтүстік-шығыс Еуропа жерлерінде, Орал тауы маңында, Орталық Азияда да тұрды. Ұлы жүз қазақтарының кей топтары Жоңғария, Шығыс Түркістан және Орталық Азия жерлерінде де өмір сүріп жатты.

Пайдаланылған әдебиет:
  1. Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ