Қазіргі туризмнің жағдайы қандай? Қазақстандағы туризм туралы

0
7108
Freepik.com

Туризм (франц. tourіsme, tour – «серуендеу») – адамның  бос уақытында (жұмыс бабымен не туған-туысқа қыдыру  емес) өз еркінше көңіл көтеру мен демалу үшін, тәуекел  жасау үшін, көріп қызықтау үшін, яғни субъективті рухани  қажеттілік бойынша басқа бір жерге ерікті саяхаттап, серуендеп баруы.

Жақын жердегі қысқа мезетте орындалатыны «серуен» делінсе, алыс жерге аттанған ұзақ мерзімдісі «саяхат»  деп аталады.

Туризм әлемдік экономикада басты рөлдің бірін атқарады.  Дүниежүзілік туризм ұйымының (ДТҰ) деректері бойынша,  ол әлемдегі Жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін,  халықаралық инвестицияның 11%-тен астамын құрайды. Сондай-ақ әлемдік капиталдың 7%-ін пайдаланып, 137 млн  адамды жұмыспен қамтып отыр.

Туризмнен түскен табыс мұнай өнімдері және автокөлік  экспорты табысынан кейін тұрақты 3-орында келеді. ДТҰ олжамы бойынша, ХХI ғасырда  туристік индустрия үздіксіз өсіп, 2020 жылы әлемдегі  туристер саны 1,5 миллиардқа жетеді.

Туристерді жағымды пікір ғана емес, тұмса табиғат, тылсым құбылыс, ғажайыптар, тәуекелдер, бұрын-соңды болмаған жаңалықтар, өз елдерінде кездесе бермейтін ерекше  жағдай мен көңіл күйлер шақырады.

Сондықтан туризмді  дамыту үшін туристік өңір туралы романтикалық (бәлкім,
тылсым немесе қорқынышты, бәлкім, таңғажайып) түсініктердің қалыптасуына айрықша мән беру керек. Дүниежүзілік туризм ұйымының белгілеуі бойынша,
әдетте адам 88,5 км (55 ағылшын милі) қашықтыққа барып, кем дегенде 24 сағат аялдаса, онда ол турист болып есептеледі. Демек, бір туристік аймақтан қысқа уақытта (24 сағаттан аз уақытта) өтсе, ол адам турист болып саналмайды. Туризмнің экономикалық маңызы зор болғанымен, қаражаты жеткілікті турист экономикалық мүддені көздемейді.

Әрине, туристердің бәрі де тек көңіл көтерумен шектеледі  деуге болмайды, турист өзінің сапары барысында көптеген тың  ой мен шешімге келеді, жаңа жоспар жасауы, батыл шешімге  келуі мүмкін. Бірақ мұның бәрі оның алдағы жоспарларында
көрініс тауып, дәл сол уақытта, дәл сол жерде ол еркін, ерікті  көңіл көтеруші, жаңа жағдайларды сезінуші, қызықтаушы, денсаулығын қалпына келтіруші ғана болады.

Туризм үлкен екі түрге бөлінеді:

1) ішкі (ұлттық) туризм;
2) халықаралық (шетелдік) туризм.

Мазмұнына қарай туризмнің бірнеше түрі бар. Солардың кейбіріне тоқталайық.

Мәдени-танымдық туризм дегеніміз – туристерді мәдени  құндылықтармен таныстыру. Оған әртүрлі тарихи, архитектуралық және мәдени кезеңдермен танысу үшін музейлерге,  тарихи және архитектуралық ескерткіштерге бару, театрландырылған немесе музыкалық қойылымдарды тамашалау,  діни мерекелерге, сурет көрмелеріне бару жатады.

Сауықтыру туризмі демалыстың бір түрі болып есептеледі. Шаршаған жүйке жүйесін шипажайларда ем алып немесе жағажайларда демалу арқылы ғана қалпына келтіруге болады деп ойлау – қате. Сонымен қатар таулардың, сарқырамалардың сұлулығын көріп, тау өзендерінде жүзіп, тау шаңғысымен немесе жылқымен серуендеп те қалпына келтіруге болады.

Осы арқылы туристер белсенді туризмге үйрене  бастайды. Жаяу туризм ең көп тараған белсенді туризм түрі  болып есептеледі: арнайы көлікті қажет етпейді, кез келген  аумақ бойынша жорықтар ұйымдастыруға болады.

Қазақстандағы туризм.  Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан, Қазақстан
аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып жерлер ежелден  саяхат және туризм нысандары болып саналған.  Қазақстандағы алғашқы туристік ұйымдар ХХ ғасырдың
20–30-жылдары пайда болды.

1929 жылы Алматыда тұңғыш  туристік жорық ұйымдастырылды. Оған 17 мектептің мұғалімдері қатысты. Жорық Алматыдан басталып, Есік көлінде аяқталды. 1930 жылы Алматы өлкетану музейі жанында  Пролетарлық туризм және экскурсия қоғамының өлкелік бөлімшесі жұмыс істей бастады.

Осы жылы Алматы қалалық телеграф пен пошта қызметкерлерінен құралған топ Медеуден Көкжайлауға, одан әрі Үлкен Алматы көлі жағалауына дейін барды. Туризмнің бұл түріне В.Зимин, А.Бергрин,  Д.Литвинов, Х.Рахимов, Г.Белоглазов т.б. көп үлес қосты. 1931 жылы қаңтарда Алматыда алғаш рет шаңғышылар жорығы ұйымдастырылды. Шаңғышылар Алматыдан шығып,  Ұзынағаштан өтіп, Қордай асуы арқылы эстафетаны Қырғызстан командасына табыс етті.

Әуесқой туристердің бастауымен Алатау қойнауындағы  Күйгенсай шатқалында туристер үшін шағын үй салынды.  1936 жылы бұл жерде республикадағы ең алғашқы 50 кісілік  «Горельник» турбазасының шаңырағы көтерілді. 1938 жылы  Көкжайлау шатқалында алғаш қазақстандық туристер слеті өтті. Оған 200-дей турист қатысты.
1950–1960 жылдары Алматы жоғары оқу орындарында  тау туризмі, альпинизм, спорттық туризм дами бастады. Соның нәтижесінде туристік нұсқаушылар тобы қалыптасты.

Олар оқушылар мен студенттер арасында туризмді дамытуда  үлкен үлес қосты. 1958 жылы В.Зиминге тұңғыш рет туризм  бойынша КСРО-ның спорт шебері атағы берілді. 1970 жылы  құрылған Туризм және саяхатшылықтың республикалық кеңесі туризмнің одан әрі дамуына әсер етті. 1971–1975 жылдары Қазақстанда туризмнің материалдық базасын нығайып,  саяхаттық-туристік ұйымдар көбейді, жаңа туристік базалар
мен мейманханалар пайдалануға берілді.

1991 жылдан бастап тәуелсіздік алған Қазақстанда туризм саласы дамудың жаңа сатысына көшті. 1993 жылы Қазақстан Дүниежүзілік туризм ұйымына мүше болды. Осы жылы  туризм индустриясын дамытуға арналған ұлттық бағдарлама қабылданды.

2001 жылы 13 маусымда «Қазақстан Республикасындағы  туристік қызмет туралы» Заң қабылданды. Онда еліміздегі  туристік саланы дамытудың бірінші кезектегі шаралары, туристік қызметті лицензиялау т.б. мәселелер тұжырымдалды.  Қазақстанның табиғи, тарихи, геосаяси орны туристік нысандарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді, сонымен қатар  экономиканың басты тармақтарының бірі ретінде дамытуды
қажет етеді.

Дереккөз:

  1. Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
    жаратылыстану-математикалық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова, К.Ә.Бертілеуова, Р.Н.Мұнасаева.
  2. «Қазақ энциклопедиясы», 5-том

Басқа да материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ