Бүгінгі жастардың келбеті қандай? Қазақ қашанда жамандығын жасырып, жақсылығын асырып айтқан халық қой. Десек те, жастар тәрбиесінің көлеңкелі тұстарын жасырып, қоғам өмірі үшін аса маңызды бұл мәселеге атүсті қарап, жалған намыспен мақтанға бой алдыруымыз өз тамырымызға балта шабумен бірдей.
Соңғы кезде замандас құрбыларымның бойындағы теріс қылықтарды, қазақи бояуға мұлдем ұқсамайтын жат бейнелерді көріп, қынжыламын. Жастар — еліктегіш, қоғамда болып жатқан жаңалықтарды тез қабылдап, оны ой сүзгісінен өткізбей жатып бойға сіңіріп үлгереді.
Батысқа табынушылық көпшілігіне тән қасиет. Тіпті, өзінің қазақ екеніне арланып, өз тілінде емес өзге тілде сайрайтын, діни адасушылықтар, терроризм, жастар арасында есірткінің таралуы, мәдени деңгейдің құлдырауы қоғамымыздың өзекті проблемасы болып отыр. Қазір теледидардан үнді, корей, түрік сериалдары көп беріледі. Кейбір санасы уланған жастарымыз сол елдердің салт-дәстүрлерін қабылдап еліктеуі ойлантады. Мәселен, үнділер секілді үстеріне бояу жағып, би билеп, көңіл көтеруін қалай түсінуге болады?
Қазақтың уыздай жас ұлы мен қызының қолынан будақтаған темекі түтінін көргенде ешкім таң қалмайтын болды. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ болған соң, қазіргі жастар бұл әрекеттерін теріс деп санамайды. Кейде маған сол жастар темекі түтінімен өздері ғана уланып қоймай, бүкіл қоғамды улап жатқандай көрінеді. Дегенмен, бостандығымызды баянды етер болашақтың барыс жүрек, қырандай күшті, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайраты бар жастарымыздың ел игілігі үшін атқарылып жатқан бастамалардың басы-қасында жүргені де көңіл қуантады.
«Жастар — болашаққа апаратын алтын көпір»,-дейді дана халқымыз. Әрбір қазақ жастары өздерін ұлтжандымын деп ұғынып, өн бойларында ұлттық намысты жоғары қоюы керек. Қазақ жастары тәуелсіз еліміздің айқын мақсаттарымен жігерленіп, тек қана алға ұмтылуымыз қажет. Ел сенімін, үмітін ақтау біздің қолымызда.