Бұлттық технологияларды қолдану салалары

0
23769

IT технологиялар дамыған сайын, тұтынушылардың сұраныстары артып келеді. Бұлттық технологиялардың өзінің заманауи сервистерінің қарқынды дамуының арқасында қолдану салалары анағұрлым ұлғая түсуде.

Жалпыға қолжетімді және ресурс сыйымдылығы жоғары, қашықтан қолдану мүмкіндігі бар, әріптесімен бір мезетте бір құжатты бірлесіп өңдеуді қамтамасыз ететін бұлттық сервис түрлерінің қай салада болсын тигізер пайдасы көп.

Бұлттық технологиялар мақсатына қарай төрт түрге бөлінеді:
Жеке бұлттар (private cloud). Жеке бұлтты дербес басқара алатын кәсіпорынның өзіне ғана, сондағы жеке тұлғалар мен тұтынушыларының жұмыс істеуіне арналған инфрақұрылым. Кәсіпорынның өзі де үшінші тараптың меншігі болуы мүмкін.

Қоғамдық бұлттар (public cloud). Көпшіліктің Интернетте еркін жұмыс істеуіне арналған инфрақұрылым. Коммерциялық, ғылыми және үкіметтік
ұйымдардың меншігінде болуы мүмкін. Мысал ретінде әлеуметтік желілердегі Facebook, Twitter; Интернет желісіндегі Google, Яндекс т.с.с. қоғамдық бұлттарды аламыз.

Ортақ бұлттар (community cloud). Ортақ мақсаттары бар қоғамдық тұтынушыларға арналған инфрақұрылым. Басқару және қызмет көрсету мәселелері бойынша барлық жауапкершілік осы бұлттың иесіне жүктеледі. Кез келген компания мен жеке тұтынушы қолданушы бола алады.

Аралас бұлттар (hybrid cloud). Екі немесе одан көп бұлт түрлерінің (жеке, ортақ, қоғамдық) аралас үйлесімін атауға болады. Осы модельді географиялық түрде әр жерде орналасқан филиалдары бар немесе көптеген программалық жүйелері
бар ірі компаниялар қолдануы мүмкін.

Көрсетілген бұлттық технологиялар мақсаттарына байланысты өмірдің
әртүрлі салаларында қолданылып келеді. Бұлттық технологиялардың қолдану салалары өте ауқымды: онлайн-аудармашылар, жедел төлемдер, видеобайланыс, мемлекеттік қызметтер, сондай-ақ мәтін, кесте, фотосуретпен жұмыс істеуге
арналған әдеттегі программалар және т.б.

Бұлттық сервис түрлері кімге қажет болуы мүмкін?

Білім беруде. Бұлттық технологиялар – оқу процесін ұйымдастыруда көмекші техникалық құрал. Бұлттық технологиялар білім беру процесін жеңілдетіп, сапасын арттырып қана қоймай, соңғы жаңалықтарға ілесе алатын ақпараттық мәдениеті
қалыптасқан тұлғаны дамытуға көмектеседі. Білім беру процесінде қолданылатын бұлттық технологиялардың дүниежүзілік ең көп тараған түрі – Microsoft корпорациясы ұсынған Live@edu. Live@edu – пайдаланушылардың қарым-қатынасы мен өзара әрекеттесуіне арналған құралдар жиынтығы.

Мұнда пайдаланушылар хабар, аудио, видео қоңырауларды жылдам қабылдай алады және қашықтан жұмысты бірлесіп өңдейді. Live@edu Windows және Mac операциялық жүйелерінде браузерлер немесе мобильді телефон арқылы ресурс сервистеріне қосыла алады. Сонымен қатар Googleкомпаниясы ұсынған Google Apps Education Edition бұлттық қызмет түрі оқытудың оңтайлы өтілуінің барлық мүмкіндіктерін қарастырған және оқу барысын қолжетімді бірлескен ортаны құру ресурстары ретінде ұсынылған.

Қазіргі уақытта Яндекс, IBM және т.б. ірі компаниялар ұсынған бұлттық қызмет түрлері қолданыста жүр. Өзінің веб-сайттары арқылы білім алушылар мен оқытушылар (мұғалім) арасындағы онлайн қарым-қатынасты, қашықтан бірлесіп жұмыс жасау тиімділігін арттыруға арналған қызмет түрлерін ұсынады.

Іскерлік салада. Бұлттық технологиялар – іскерлік саланы ұйымдастырудың оңтайлы тәсілі. Онлайн жұмыс орнының анағұрлым ұлғаюы мен жалпыға қолжетімді болуы – үлкен мүмкіндік. Іскерлік сала үшін тапсырыс беру мен тапсырыс алу арасындағы байланыс «жылдамдығы» маңызды.

Сонымен қоса бірлескен орта, кездесулерді жоспарлау, онлайн-видеоконференцияларды ұйымдастыру, ортақ файлдарды өңдеу және т.б.әртүрлі қызмет түрлерін кез келген құрылғылар арқылы (ДК, планшет, смартфон және т.б.) басқаруға болады. Іскер адам қазіргі технологиялардың дамуының арқасында өз ісіне ыңғайлы бұлттық технологияларды таңдайды. Іскерлік салада қолданыста жүрген бұлттық технологиялар: SmartCloud, IT-Grad, Microsoft Hosted Exchange және т.б.

Медицинада. Бұлттық технологиялар медицина саласында да сұранысқа ие. Өйткені ауруханалар, емханалар, сақтандыру компаниялары мақсаттарын іске асыруға және медициналық қызмет түрлерінің сапасын жақсартуға өз септігін тигізуде. Дәрігерлер арасында ақпарат алмасудың жедел жүйесі есебінен науқастарға күтім жасау сапасы жақсарды. Негізгі ақпараттарды «бұлттық қоймаларда» орналастыра отырып, ауруханалар мен емханалар арасында нақты уақыт режимінде файлдарды
бірлесіп өңдеу арқылы жұмыс барысын анағұрлым жеңілдетті.

Көптеген сарапшылардың бағалау нәтижесі бойынша бұлттық технологиялар трансляциялық жылдамдығымен икемділік жағынан жоғары деңгейде бағаланды. Ауқымды қолданыста жүрген, көптеген компаниялар ұсынған бұлттық ресурстар: CareCloud, Oracle, Agfa Healthcare, Carestream Health, Merge Healthcare және Damumed т.с.с.

Қаржы индустриясында. Жоғары жылдамдық, жұмыс жасау икемділігі, өз-өзіне қызмет көрсету мен қашықтан басқару тиімділігі барлық банк қызметкерлері үшін маңызды. Осы мәселелерді шешуде бұлттық технологиялар сұранысқа ие болды және банк бөлімшелері бұлттық ортаның ең белсенді тұтынушыларының біріне айналды. Қарқынды дамудың арқасында қаржы индустриясы алдыңғы қатардан көріне бастады. Қазіргі уақытта белсенді қолданыста жүрген бұлттық технологиялар:
Microsoft Hosted SharePoint, oblako.kz, 1С Онлайн (Uchet.kz, ITSheff), 1С (Первый БИТ), SmartCloud, 1С бұлтта (1С-Рейтинг) және т.б.

Бұлттық технологиялардың қызмет түрлері нарықта жұмыс істеуі, қолдану салаларының ұлғаюы және оның толыққанды дамуы тиісті нормативтік құқықтық актілерді, ақпаратты қорғау стандарттары және т.б. қойылатын талап түрлеріне
қатаң бағынады.

Бұлттық сервистер мынадай маңызды талаптарды қанағаттандыруы тиіс:

  • Қолданушының сұранысы бойынша өз-өзіне қызмет көрсету ыңғайлылығы мен қолайлылығы. Қолданушы бұлттық сервис иелерінің араласуынсыз автоматты түрде өзіне көрсетілетін қызметтер;
  • Бұлттық қызмет түрлерінің жылдамдығы. Бұлттық ресурстар Интернет желі жылдамдығымен ілесе алуы;
  • Жедел реакция. Тұтынушыға берілетін бұлт ресурстарының көлемін тез және икемді түрде өзгерте алу мүмкіндігі (кеңейту немесе азайту), кез келген мөлшерде сатып алу қолайлылығы мен жылдам іске асуы.

Дереккөз: Информатика: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытының 11-сыныбына арналған оқулық. / Г.И.Салғараева, Л.А.Рсалина, А.Б.Есенкүл

Ұқсас материалдар:

  1. Бұлттық технологиялар туралы толық мәлімет

2. Информатика пәні және міндеттері. Ақпараттың анықтамасы

3.Сабақ жоспары: FrontPage редакторының қосымша мүмкіндіктері

4. Механикадағы сақталу заңдары (сабақ жоспары)


ПІКІР ҚАЛДЫРУ