«Бұрымды қыз» байқауының сценарийі

0
6295
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі

Сахна көрнекті безендірілген.

Әдемі әуен ойналып тұрады. Жүргізушілер ортаға шығады.

Жүргізуші: Армысыздар, құрметті қонақтар, қадірлі ата-аналар, байқауға қатысушы аяулы арулар! Дәстүрімізге айналған Ұлыстың ұлы күні – Наурыз құтты болсын! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, наурыз тойын тойлатып Ұлыстың Ұлы күні келді.

Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,

Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.

Жарығыңмен, шуағыңмен, Жер Ана,

Алып келдің жер бетіне гүл көктем.

Осы наурыз мерекесіне арналған «Бұрымды қыз» атты байқауымызға қош келдіңіздер!

Жүргізуші: Қазақ халқы «қыз» деген сөздің өзін әдептіліктің, әдеміліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың белгісі деп таныған. Әсіресе қыз баланың көрікті болып өсуіне анасы ерекше көңіл бөліп, «Аттың көркі — жалы, қыздың көркі — шашы» деп қыздың шашын күтіп өсіруді өнер санаған. Ол үшін оның шашын айранмен, қынамен жудырған. Шаштарын «қос бұрым» немесе «бестемше» етіп өру бойжеткен қыздың көркі болған. Қазақ халқының жырларында қазақ қыздарының шаштарын: «Шашының ұзындығы ізін басқан», «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген», Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты» деп, керемет суреттеген. Ал енді, бүгінгі байқауға қатысушы аруларымызды ортаға шақырамыз.

(Арулар ортаға кезекпен шығады)

Жүргізуші:  Уа, арулар, арулар,
Ешкімің жоқ алалар,
Ару болу үлкен сын.
Оны қазың бағалар,- деп қазылар алқасымен танысайық:

Жүргізуші:  Бүгінгі сайысымыздың кезеңдерімен таныстырып өтейін:
1 — «Мен қазақтың қызымын дара туған» таныстыру.
2 — Салт — дәстүрге байланысты сұрақтар.
3 — Шаш үлгісін көрсету арқылы шаш күтімін жарнамалау.
4 — Өз өнерін көрсету.

Қатысушы арулар, сахна сыртына барып, дайындықтарыңызды пысықтай беріңіздер.

Жүргізуші: Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын,
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін , — деп  Абай атамыз жырлағандай, байқауымыздың І бөліміне кезек берейік. Бұл бөлім  «Мен қазақтың қызымын дара туған»  — деп аталады. Бұл сайыста аруларымыздың өздерін таныстыруы қыздардың киімі, шаштың өрімі, жүріс-тұрысымен бірге  бағаланады. (Арулар кезекпен, бір – бірлеп шығады)

Жүргізуші: «Халқын сүйген – халқының салтын сүйеді» дей келе, келесі сұрақ-жауап сайысына көшейік. Бұл сайысымыздың  2 кезеңі «Салт — дәстүрге байланысты сұрақтар»

I – сұрақ.
1. Бес қаруды ата. (садақ, қылыш, айбалта, шоқпар,        найза)
2. Жеті қазынаны атаңыз. (жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, мылтық, қақпан, ау, өткір кездік)

II – сұрақ.
1. Үш арсыз. (ұйқы, күлкі, тамақ)
2. Қыздар туралы мақал-мәтелдер.

(Ақылды қыз білімге жүгірер,

Ақылсыз қыз сөзге ілігер.

Қыздың құны қырық жеті.

 Бір қыз күйеуге шықса,

Мың қыз түс көреді.

 Жақсы қыз — жағадағы құндыз,

Жақсы жігіт – аспандағы жұлдыз.

 Қыздың қабағында құт бар.

 Қыз – қонақ.

Қыз өссе елдің көркі

Гүл өссе жердің көркі.

III – сұрақ.
1. Иық бұйымына жататын қазақтың ұлттық киімі. (қамзол)
2. Бес дұшпанды атаңыз. (өсек, өтірік ,мақтаншақ , еріншек, бекер мал шашпақ)

IV – сұрақ.
1. Үш даусызды ата. (мінез, кәрілік, ажал)
2. Үш биді атаңыз. (Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би)

V – сұрақ.
1. Үш мақсат. (жол мақсаты — жету, дау мақсаты — біту, сауда мақсаты — ұту)

2. Қазақ халқының өнердегі ұлттық байлығының бірін ата? (қазақ халқының өнердегі ұлттық байлығының бірі — ою — өрнек)

VI – сұрақ.
1. Қазақ салты бойынша ұзатылған қыз үйіне бір жылдан кейін барған. Қалай аталады? (төркіндеу)
2. Киізге ою-өрнек басып жасалған кілемше. (түскиіз)

VII-сұрақ.

  1. Үш байлықты ата. (Денсаулық, ақ жаулық, он саулық)

2. Ана туралы мақал-мәтел.

Жүргізуші: Құрметті қонақтар, кезекті сайысымыздың келесі 3 кезеңі «Шаш күтіміне» берейік. Бұл сайыста аруларымыз әдемі шаш үлгісін көрсету арқылы, ұзын шаштың формуласымен таныстырып, ұзын шашты өсірудің құпиясын ашады және сусабындарына жарнама жасайды.

Жүргізуші: Осымен соңғы сайысымыз, өз өнерлерін көрсету кезеңіне де келіп жеттік. Аруларымыз ән айту, би билеу яғни, қолынан келетін өздерінің өнерін көрсетулері керек.

Жүргізуші: Қазағымның салт — дәстүрін сақтаған,
Осындай бар қыздар үшін мақтанам.
Жарасып тұр шашбау таққан бұрымы,
Көргенді ғой сені өсірген ақ анаң.

Жүргізуші: Осымен сайысымыз өз мәресіне жетті. Әділ шешімін шығарып, жеңімпаздарды анықтауға қазылар алқасын ақылдасуға шығарып салайық.

Жүргізуші: Жеңістеріңіз құтты болсын!

Басқа материалдар: 

  1. «Қыз — ұлт болашағы» атты қыз сыны байқауының сценарийі
  2. «Аяулы анашым» атты ертеңгілік
  3. «Аяулы анашым» атты ересек топқа арналған мерекелік ертеңгіліктің сценарийі
  4. «Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған…» (сценарийлік жұмыс)
  5. Ана-гүл, Ана-жыр, Ана-өмір шуағы! (мерекелік кеш)
  6. «Арулар асыл жандар» атты сайыстың әзірлемесі
  7. Ана — өмірдің шуағы (мерекелік кеш сценарийі)
  8. 8-ші наурыз мерекесіне арналған сайыс сценарийі
  9. Бәрі де, ана, бір өзіңе арналады (Аяулы Аналарға арналған мерекелік кеш)
  10. 8-Наурыз халықаралық аналар мерекесіне арналған ертеңгілік сценарийі
  11. Аналар мерекесіне арналған ертеңгілік жоспары

ПІКІР ҚАЛДЫРУ