БАБАЛАР АМАНАТЫ — ТӘУЕЛСІЗДІК

0
16211

Еліміздің сан ғасырлық тарихында мақтаныш тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар, кеудемізге қиналғанда үміт отын жағар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. «Маған туған жердің бір уыс топырағы да қымбат», деп жауға шапқан батырларымыз қаншама. Сол ата-әжелерімізді, аға-апаларымызды еске алсақ біз олармен мақтанамыз,ерліктеріне сүйсіне қараймыз. Олардың қатарында, қазақтың ұлт болып ұйысуын, ұлттық мемлекетіміздің бастауы – Қазақ хандығының құрылуы мен дамуын, өзі отырған тағы емес, билеп отырған халқының бағын ойлап, жау қолына тойтарыс берген хандар мен оларға ел мен мемлекет тұрғысынан ақыл-кеңес берген билер үлестерін жатқызуға болады. Алла Тағала біздің елімізге осыншама кең жерді нәсіп еткенін түсінуге ұмтылсақ, ұшқан құстың қанаты талатын осынау ұлан ғайыр Алтай мен Атырау аралығын ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келген. Ата жауымыз болған сан жылдық қарсылас жоңғарлардан даламызды арашалап қалған батырлардың ерлігі туралы дәстүрлі тарихи жырлар, Исатай, Махамбетке т.б. байланысты мұралар, Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалыстың басты кейіпкерлері туралы жыр-дастандар біздің ұлттық сана-сезімімізді көтереді. Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Қазақтың соңғы ханы Кенесары азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді. Ата дініміз ислам болғандықтан, мұсылмандық сабырлықпен, ұстамдылықпен соғысқан Кенесары жауынгерлері әуелі «Алла» деп, содан кейін «Абылай», «Ақжолтай» деп, өз ерлерінің қадірін бағалай біліп, ұранға айналдырғаны мәлім. Ел басына күн туғанда даналығымен, батырлығымен, парасаттылығымен ел мұңын, халық сырын, тарих үнін түсіне білген, халықтың басын қосқан, халық мүддесі жолында, табандылығында, тапқырлығын да таныта білген хан — Абылай Қазақ халқының күшін тасытты, мәртебесін көтерді, Қазақ елін аса іргелі елге айналдырды. Батырларын, елін сүйген ерлерін, ақын-жырау өнерпаздарын достық –бірлікте ұстап, оларды жүзге бөліп жармады. Абай, Шоқан, Ыбырай және одан кейінгі ақын жазушыларымыз дәуірін қылыштан гөрі қаламның қуатты екенін дәлелдеді. XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басын ала бере тарих сахнасына қазақтың оқығандары шықты. 1937-1938 жылдары яғни, бір жылдың ішінде 125 мың Қазақ зиялысы қырылған. Жоғары білімді қазақтың бетке ұстайтын азаматтарының бар кінәсі — көзі ашық болғаны, өз ұлтының намыс-сезімін жақтағандары ғана. Бүгінгі ұлттық сана-сезіміміздің құны осыншама құрбандықпен келгенін есте сақтағанымыз жөн. Осы асыл азаматтардың үзілген жас, қыршын өмірлері, орындалмаған үміттері, армандары бізге аманат болып қала береді. Отан қорғау жолында 1941-45 –ші жылдары ең көп қырылған Қазақ солдаттары еді. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 196 мың адам қару асынып, майданға аттанды. 700 мың адам еңбек армиясының сапында болды. Соғыстан тек 410 мың Қазақстандық жауынгер оралды. Осыншама нәубеттің ішіндегі ең сұмдығы – 1949 жылдан Қазақ халқы атом полигондарының сынағына тасталды. Аяулы Отаным — Қазақстан – ядролық қарудың қасіретін әлем бойынша ең көп тартқан ел. Оның талай ғасырға жететін тарихын қозғасақ, бабалардың басынан кешкенін көзге елестетсек, көздің жасын тия алмаспыз. Қазақстан ядролық инфрақұрылымнан құтылуды әлемге айғақ еткен, әлемге Қазақстанды бейбітшілікті сүйетін ел ретінде танытқан, елімізде тәуелсіздіктің туын желбіреткен елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ағамызға алғысымыз шексіз. Халқымыз сол заманнан бері, елінің елдігін, жерінің байлығын сақтап қалу жолында талай ержүрек, ақылды, шешен де білгір азаматтарының бастауымен «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» деген қағидаларды сақтап, «Абылайдың ақ жолы», «Нұрсұлтан Әбішұлының нұрлы жолына» ұласып отырғанын көріп отырмыз. Отансүйгіштік туралы айтылған ақын тебіреністері де бірінен-бірі асып түседі.

Отанның намысы үшін оттан қашпа,

Шын сүйсең мақсатыңнан қия баспа.

Тайсалма бар Отанның құрбаны бол,

Өмірің орынсыз боп кетпес босқа.

Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың өлместігін жарқын түрде дәлелдеді.  Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өтіп, тәуелсіз елдер қауымдастығына қосылды. Отанымыз Қазақстанымыз туралы айтарымыз да мақтанарымыз да көп! Ендігі жеңіс те ерлік те біздің қолда.

Тәуелсіз елімізді көркейтетін, шаңырағын биіктетіп байытатын, абыройын асырып, өз бақытының иесі болуына қол жеткізіп отыратын, білім мен білік жолын таңдаған кейінгі ұрпақтар, яғни, біз жұмыла еңбек етіп, Бабалар аманатына адал болуымыз керек.

Информатика кафедрасының доценттері мен аға оқытушылары:

Адилжанова С.А.

Төлепбердинова Г.А.

Ғазиз Г.Ғ.

Рахимжанова Л.Б.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ