Бала деген бір бақыт! Балаларды қорғау күніне арналған сценарий

0
8192
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі

Бала деген бір бақыт!
Балаларды қорғау күніне арналған сценарий

Мақсаты: балалардын жеке қасиеттерін дамыту,тақпақ,әндерді нақышына келтіріп айтуды үйрету, балаларға жақсы көңіл-күй сыйлау.

Барысы: 

Музыка ойналады. Залға Ханшайым мен ақ періште кіреді.

Хан-м: Қандай ғажап әлем! (таң қалып қарайды )Біз қандай елге келдік, ақылды періштем?

Періште: Бұл «Қарлығаш» балабақшасы балдырғандар елі.Бұл елде өте әдемі,ақылды,білімді,өнерлі балалар тұрады. Қазір мен шақырайын балаларды.

Тақпақтар.

(Осы кезде ортағак бір топ бала шығады, тақпақ айтады)

Балалар бақшасында бүгін той!

Балаларды қорғау күні біліп қой.

Тақпақ айтып кезектесіп бір-бірлеп,

Кел қосылып,ән шырқайық,би билеп.

Ән айтайық қосылып,

Сәбилердің бұл күні.

Мақтап кетсін осы жұрт,

Балалар деп үлгілі.

Алақай-ау,алақай,

Той тойлайық, балақай!

Қызарғанша алақан,

Қол соғайық балақай.

Барлық елдің бөбегі,

Бір-бірімен туысқан.

Бәрімізге төгеді,

Өз шуағын көк аспан.

Бізбен бірге бар әлем,

Қуанады балаша.

Қуанышқа бөленген,

Өмір қандай тамаша.

 

Гүлмен келсін келер күн,

Бала бағы бар елдің.

Балалардың күлкісі,

Көркі,сәні әлемнің.

 

Біз бақытты баламыз,

Ақылдымыз,данамыз.

Ертеңгі күні еліміздің,

Батырлары боламыз.

 

Бала,бала баламыз,                                      Қазақстан даласында

Бақшамызға барамыз.                                 Жарасады сәніміз.

Күні бойы қызыққа,                                    Балабақша аясында,

Батамыз да қаламыз.                                   Жадырайды таңымыз

Хан-м: Ой қандай,керемет! Мен бүгін әлемдегі өте адал,мейірімді,өнерлі,білімпаз балалардың өмірін көріп,солардан өнеге алғым келеді деген тілекпен келдім.

Періште:Олай болса,бүгін міне тілегін орындалып «Қарлығаш» балабақшасы балаларының  өнерін тамашалауға келдің.Бірігіп бүлдіршіндердің өнерін тамашалайық.

Хан-м: Жақсы, ақылды періштем.

Періште: Бүгін бізде мереке,

Қуанышта балалар.

Хош келдіңдер,хош келдіңдер,

Ата-ана,қонақтар!

-Құрметті «Қарлығаш» балабақшасының көркі де сәні болған бүлдіршіндеріміз!Бүгінгі төл мерекелеріңіз құтты болсын!Болашақтарыңыз жарқын,аспандарыңыз ашық болып.елімізді өркендетер келешектің кемеңгері болыңыздар демекпіз.Бүгінгі ертеңгілімізге «Ертегілер әлемінен» кейіпкерлер келіпті.Олай болса бүгін біз «Мақтақыз бен мысық» ертегісіне саяхат жасап көрейік.

(Ертегі басталады. Мақтақыз үй жинап жүреді)

Автор:Ерте-ерте-ертеде өзінің әдемі үйінде Мақтақыз тұрып жатыпты.

(Музыка қойылады,Мақтақыз диванда ұйықтап жатады,керіліп тұрады)

Мақтақыз: Қой мен үйімді жинап алайын. (шаңды сүртейін,ыдыс жуайын,үй сыпырайын) Үй жинап жүріп мейіз тауып алады. Сылқ етіп диванға отыра қалады.)

-Уһ,мен шаршадым.Менің мысығым қайда?Муся,Муся қайдасың?

(Керіліп,созылып мысық кіреді )

Мысық:  Сәлеметсіңдер ме,балалар. Менің атым муся. Мені бәрі жақсы көреді. Мен жұмсақпын,әдемімін. Менің әдемі бантигім бар. Не болды, Мақтақыз,мені неге шақырдың?

Мақтақыз: Сен неге келмей қойдың?Мен сені бағанадан шақырып жатырмын.Маған үй жинауға неге көмектеспедің?

Мысық: жоқ көмектесе алмаймын,мен ұйықтағанды жақсы көрем.

Мақтақыз: олай болса мен сенің бантигінді жұлып алам.

Періште: Мақтақыз мысықтын бантигін жұлып алады.

Мысық: Мяу-мяу, менің әдемі бантигімді берші, ендеше мен сенің сүтіңді төгіп тастаймын. (сүтін төгіп тастайды)

Мақтақыз: Ал сен менің сүтімді қайтар,сосын бантигінді берем.

Мысық :мен сүтті қайдан аламын?

Мақтақыз: сен сиырға бар.

Періште: Сонымен мысық сиырдан сүт алуға аттанады.Алдынан әндетіп келе жатқан сиыр шығады.

Сиыр: Сүт беретін сиырмын,

Құрт беретін сиырмын.

Күнде мені тойғызсаң,

Тояды менің бүйірім.

Мысық: Сиыр,сиыр маған сүт берші.

Сиыр: Ал сен маған өлең айтып бер және жапырақ әкеп бер.Менің қарным ашты.

Мысық: Жарайды,сиыр, менің Айшат деген досым бар.Саған өлең айтып берсін.

Хан-м: Ақылды балапан бүгінгі,

Көркейтер күніңді ертеңгі.

Үйренген өнерін көрсетсін,

Бүлдіршін балалар белсенді.

Ән: «Балапан»

Мысық: енді ағашқа барайын,ол маған жапырақ беретін шығар.

(Мысық әндетіп,билеп жүріп ағашқа келеді)

Ағаш: Мен ағашпын саялы,

Тым үлкенмін,мықтымын.

Адамдарға пайдалы,

Жапырағым жайқалған.

Мысық:Сәлем,ағаш. Маған жапырақ берші.

Ағаш: Сәлем,мысық. Мен күні бойы далада ыстықта тұрам.Қатты шөлдедім.Маған су әкеп берші.

Мысық: Жақсы,ағаш,қазір әкеп берем.

Періште: — мысық келе жатса алдынан су әкеле жатқан қыздар шығады.

(Қыздардын қолдарында шелек,билеп кіреді)

Мысық:қыздар,қыздар маған су беріңдерші.

Қыздар: ал сен бізге не бересің?

Мысық: мен сендерге дүкеннен сағыз әкеліп берем,сосын менің досым сендерге арнап ән айтады.

Періште: Ерқанаттын орындауында «Қошақан» әнін тыңдайық

Ән: «Қошақан» 

Періште: Мысық жүгіріп отырып дүкенге келеді.

Дүкенші:   Келіңіздер,келіңіздер,

Дүкенімді көріңіздер.

Кәмпит,сағыз сатамын да

Тәбетіңде ашамын.

Мысық: Дүкенші,дүкенші маған сағыз берші.

Дүкенші: Мен бүгін  қатты шаршадым.Менің көңілімді көтеретін сен не істей аласың? Маған дүкенге жұмыртқа керек.

Мысық: Мен таптым,таптым.Саған әдемі қыздар ән айтып берсін.

Дүкенші: Жақсы,қане,тыңдап көрейін.

Хан-м: Құшағымыз қызыл гүл,

Гүлмен келсін келер күн.

Балалардың күлкісі,

Көркі ,сәні әлемнің.

Ән: «Зеңгір көктем»

Періште: — мысық әбден шаршап, шалдығып тауыққа келеді.

Тауық: Мен тауықпын,тауықпын,

Көп жұмыртқа тауыппын.

Уақыт зулап өткенін,

Байқамай да қалыппын.

Қыт-қыт,қыт-қыт,

Байқамай да қалыппын.

Мысық: Сәлем,тауық. Маған жұмыртқа берші.

Тауық: Мысық,сен менің шөжелерімді көрмедің бе?Мен таба алмай тұрмын, шөжелерімді тауып берсең,мен саған жұмыртқа берем,сосын маған тары әкеп бер.

Мысық: шөжелер өзен жағасында жүрген ,қазір шақырып келейін.

Періште: Өнер десе өрілген,

Биіктерден көрінген.

Бишілерді шақырсақ,

«Шөжелерім» биімен.

Би: «Шөжелер»

Періште: Сонымен мысық тышқанды іздеуге кетеді.келе жатса алдынан жүгіріп жүрген тышқанды көреді.

Тышқан: Мен кішкентай сұр тышқан,

Мысық көрсем зыр қашқан.

Қыстын қамын,жаз ойлап,

Тары,бидай тез табам.

Тышқан жүгіріп жүреді.

Мысық: Әп,бәлем ұсталдың ба,қане жаныңның барында айт,ініңде не бар?

Тышқан: Ой мысық,мені босатшы,үйімде бір табақ тары бар.Мен саған тары да берем, ән де айтып берем.Менің Самина досым ән айтып берсің,ал мен саған тары берем.

Мысық: Қане, көрсет өнеріңді.

Ән: «Бөбектер әні»

Тышқан: Міне, мысық,саған тары берем.Бүгін балалардын мерекесі ,ренжісуге болмайды.

Мысық: Иә.тышқан саған да рахмет.

Періште: Сонымен тышқан үйіне барып,бір уыс тары әкеліп береді,мысық тарыны апарып тауыққа береді,тауық жұмыртқа береді,жұмыртқаны алып дүкеншіге береді,дүкенші сағыз береді,сағызды қыздарға береді,қыздар су береді, суды ағашқа апарады,ағаш жапырақ береді, жапырақты алып сиырға береді,сиыр сүт береді.сүтті алып Мақтақызға береді.

Мысық: Міне,Мақтақыз мынау саған сүт.Енді қатық жасауына болады. Бүгін мереке екеуміз дос болайық.

Мақтақыз: Иә,муся ренжісуге болмайды, тату-тәтті болайық.

Періште: Ханшайым ,саған бүгінгі мереке ұнады ма?

Хан-м: Иә, мен бүгін осы балалардан көп өнеге алып, енді бойыма жақсы қасиетерді жинауға уәде беремін,осындай ғажайып әлеммен таныстырған Періште досыма көп рахмет.

Періште: Баршамызды бала тілмен баурайтын,

Бала деген бір бақыт қой самғайтын.

Ата-ананың арманы мен тілегін,

Бала емес пе балбұлақтан жалғайтын.

Хан-м:    Сүйкімді періштелер сендерсіңдер,

Қандай бейне өздеріңе тең келсін!

Данышпан да,ғарышкер де,ғалым да,

Ең алдымен балалықты меңгерсін.

Ән: «Әрқашан күн сөнбесін»

Періште: Қымбатты балалар,бүгінгі мерекелерің құтты болсын. Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарың  ұзағынан болсын. Осымен «1 маусым балаларды қорғау күніне» арналған мерекелік іс-шарамыз аяқталды. Балаларды мерекелік дастарғанға шақырамыз!

Басқа материалдар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ