Бала портфелінің гигиеналық талаптары

0
1428

Жаңа оқу жылында жазғы демалыстан милары тынығып келген мектеп оқушыларының білімге ден қоюлары жоғары болатыны белігілі. Ұстаздар мен ата-аналар  сабаққа белсене кірісіп кеткен балалардың оқу үлгеріміне ғана емес, сонымен қатар денсаулықтарына да жіті көңіл бөлгені дұрыс. Қазіргі таңда оқу, жазу  құралдарының сан түрі бар. Олардың барлығы экологиялық, санитарлық талаптарға сай келе бермейді. Сол себепті оқушы күнделікті пайдаланып жүрген заттардың өзі оның денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Осы орайда ата-аналар мен оқушыларға мынадай кеңестерді ұсынғым келеді.

Мектептің жазу құралдары (қалам, қарындаш, дәптер, сия) балалардың көру органдары мен олардың жастарына сәйкес өте әлсіз келетін қолдарының ұсақ бұлшық еттеріне өте көп жүктеме түсірмеуі керек. Сондықтан, жуан немесе өте жіңішке қаламдарды қолдану әріптердің дұрыс жазылуына кедергі келтіреді. Өзегі шариктен тұратын немесе сиясы автоматты түрде берілетін қаламдардың ұзындығы 142-150 мм, диаметрі 8-10 мм, салмағы 10 граммнан артық болмауы керек. Осындай қаламдарды қолдану ыңғайлы болып келетіні гигиенистік зерттеулер нәтижесінде дәлелденген. Гигиеналық тұрғыдан алғанда қаттылығы орташа (М,ТМ) ұзындығы 170-180 мм, диаметрі 7-8 мм қарындаштар мақсатқа сәйкес келеді. Мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға қырлы қарындаштарды қолдануға болмайды. Дәптердегі қиғаштау келген қисық сызықтар қолдың ұсақ бұлшық еттерінің қызметін жеңілдетеді және жазу жылдамдығының азаймауына мүмкіндік жасайды деп есептелінеді. Дәптердің қағазы тығыз, кедір-бұдырсыз жазық, ақ түсті және жазу екінші жағынан көрініп тұрмайтындай болуы керек. Оның бетіне жазғанда сия жайылып кетпейтіндей болуы шарт. Сияның түсі күңгірт-күлгін түсті немесе қара түсті болғаны дұрыс. Кітаптар мен дәптерлерін тасу үшін оқушылар портфельдер мен папкаларды пайдаланады, бірақ, гигиеналық тұрғыдан ранецтер (арқаға асылатын сөмке) дұрыс болып есептеледі. Ранецтерды пайдаланғанда жүктеме біркелкі түсіп, оқушының қолы бос жүреді және дененің симметриялық жағдайы сақталады. Бастауыш мектептің балалары міндетті түрде ранецтерды пайдаланғаны дұрыс. Олар материалдарына, өлшеміне, өңделуіне қойылатын гигиеналық талаптарды ескере отырып жасалады. Ранецтың салмағы — 500 гр, ені — 360 мм, ременінің ұзындығы — 85 см және олардың жоғарғы бөлігінің кеңдігі 35 мм кем болмауы керек. Балаңызға осы талаптар сақталған құрал-жабдықтарды алып берсеңіз, оның денсаулығына алаңдамауыңызға болады.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ