Балаларды қорғау күнінің шынайы мәні

0
499

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, балалардың денсаулығын сақтау мәслесі бұрынғыдан да өзекті болды. Сондықтан да 1949 жылы Парижде әйелдер конгресі өтті. Бұл конгресте берік бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін тынымсыз күрес туралы ант қабылданды. 1950 жылы 1 маусымда алғаш рет халықаралық дәрежеде балаларды қорғау күні аталып өтілді және сол уақыттан бері жыл сайын бұл күн әлі де тойланып келеді.

Аталып өткендей, бұл мейрам балалар денсаулығын және әл-ауқатын қорғаудың қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді. Еліміздің ғана емес, әлемнің дамуында келер ұрпақтың атқаратын рөлі зор. Сондықтан оларды қорғаудың мәселесі де әрқашан өзекті болып табылады. Әр ересек үшін балаларға жанашырлық таныту және барынша қауіпсіздендіру – міндет. Бұл міндеттің қаншалықты дұрыс атқарылып жатқанын білу үшін статистикаға көз жүгіртейік.

Балаларды зорлау.

Қазақстанда 2020 жылдың алғашқы 8 айында кәмелет жасқа толмағандарды зорлау 49%-ға артқан. Таң қалдыратын көрсеткіш, солай емес пе? Бұл тек қана құқық қорғау органдарында ресми тіркелген мәліметтер. Бұл органдарға жетпеген жағдайлардың саны туралы ойлау тіпті қорқынышты. Мұндай қылмыстың құрбаны болған балалардың жағдай туралы ешкімге айтпауының бірнеше себептері бар. Оның бірі қорқыныш болса, екіншісі – білместік. Яғни, өзіне жасалып жатқан әрекеттің дұрыс еместігін немесе қылмыс екенін білмеу. Бұл жағдайларды болдырмау үшін ата-ана тарапынан балаға дұрыс және бұрыс әрекеттер туралы жеткілікті білім берілуі қажет.

Балаларды сату.

Қазақстанда балаларды сату бойынша іс қозғалмаған, бірақ тәжірибелер бар. Қазақстанда 27 мыңнан астам жетім және қамқорсыз қалған балалар бар. Бала асырап алу ісі көп уақытты және үлкен шыдамдылықты қажет ететін іс болып табылады. Себебі баланы қамқорлыққа алу үшін қағаз жұмыстарынан, басқа да мәселелерден өту керек. Сол үшін де осы процесті тездетудің түрлі амалдары қолданылады. Оның ішінде қаражатты қолдану арқылы баланы «сатып алу» да бар. Ерікті қайырымдылық қоғамының ерікті-заңгері Юрий Юриннің айтуы бойынша, бір баланың орташа құны – 5-7 мың доллар шамасында (бұл баға белгілі бір жағдайларда өзгеруі мүмкін).  Заң жүзінде бұл істер тіркелмесе де, адамдар арасында орын алып жатыр. Балаларды қорғау деген осы ма?

Статистиканы былай қойғанда, күнделікті отбасылардың өзінде-ақ балаларды сөзбен немесе физикалық кемсіту орын алатынын көріп жатамыз. Балаларды қорғау күнін атап өтпестен бұрын бұл мейрамның мәні қайда жатқанын біліп алған дұрыс болатын сияқты. Балаларды қорғауды жеткілікті дәрежеде жүргізбей тұрып, құр бос әндетіп-тойлатқанның пайдасы жоқ.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ