Жылдар бойғы тарих пен мәдениетті, білімді бірнеше жолмен ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге болады. Оның ауызша және жазбаша түрлері бар. Мысалы әдебиеттегі әңгімелер, әртүрлі аңыздар, өлеңдер ұрпақтан ұрпаққа ауызша түрде жетіп, ұмытылмай сақталып келген. Соның арқасында біз қазір жүз жыл бұрын өмірден өткен тұлғалардың шығармашылығымен таныса аламыз.
Тарихты жеткізудің тағы бір жолы – жазба қалдыру. Кітаптарды жазу және шығару осы әдістің ең басты құралы болып табылады десек те болады. Кітапты жазу бұл автордың ой-өрісі, фантазиясы мен креативіне байланысты, ал сол кітапты басып шығару, оны халыққа жеткізу – тікелей баспагердің міндеті. Сол үшін де баспагерлікті ең құрметті мамандықтардың бірі десек – дәл айтқан боламыз.
Баспасөздің тарихы.
Қазақ баспасының және баспагерлік қызметінің дамуын қазақ тіліндегі баспасөз жарияланымдарымен байланыстыруға болады. «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа» сындылардың жұмыстары қазақ баспасөзінің алғышарттары болған. Алғашында қазақ кітаптары Қазан, Уфа сияқты баспаханалардан жарық көрген. ХІХ ғ. екінші жартысынан бастап қазақтың өзінің жазба әдебиеті, баспа мәдениеті өз ықпалымен дами бастайды. Сол кезеңдегі баспаханалар Орынбор, Троицкі, Семей, Орал, Ташкент, Алматы сияқты қалаларда орналасты.
Баспагерлік қызмет адамның қызығушылығынан туындайды. Белгілі бір нәрсені түп-тамырына дейін зерттеу тілшінің жұмысы болса, сол жұмысты өңдеп-қаптап, халыққа ұсыну – баспагердің жұмысы. Халықтың шығарманы қабылдауы автордың жаузына және осы баспагердің жұмысына тікелей байланысты.
Баспагер болу үшін не қажет?
Қиындығы мен қызығы мол осы мамандыққа қызмет етем деушілерге, ең алдымен, шыдамдылық керек дейтін едім. Себебі көлемі үлкен жұмысты тексеру, оны өңдеу, жобалау, ойластыру – өте қиын және ұзақ жұмыс. Бұл үлкен сабырлықты талап етеді. Екіншіден, қырағы көз бен кең ой-өріс керек. Әрбір жұмыстың қате-кемшілігін сараптап, оны жақсы жағынан көрсету де баспагердің жұмысы. Сондықтан да бұл мамандыққа бет бұрмас бұрын өзіңді толық сенімді сезінетініңе көз жеткізіп, бар құлшыныспен мақсат қою керек.
Егер баспагерлік қызметтің осы қиындықтарынан міз бақпай өте алсаңыз, сізді өте қызықты әрі жаңашыл жұмыс күтеді. Қызығы неде десеңіз, мынаны елестетіп көріңіз: белгілі бір автордың жан-жүрегін салып жазған жұмысы дәл сіздің қолыңыздан өтеді. Сіз осы жұмыстың ең алғашқы оқырманы боласыз, бірінші болып көзіңіз көріп, қолыңыз ұстайды. Дайын болып, басылып шыққан уақытта ең алғаш болып иісін сезініп, қолыңызға алатын да – сіз. Жүздеген, мыңдаған дана етіп халыққа жеткізетін де – сіз. Тамаша емес пе? Керемет сезім. Былайша айтқанда, жаңашылдықтың журналистен кейінгі жаршысы сіз боласыз.
Баспагерлік – сөзсіз керемет әрі құрметті мамандық. Осы мамандықтың қызметін үлгі-өнеге болып атқарып жүрген қаншама баспагерлер бар. Солардың барлығы сіз бен біз сияқты кішкентай қадамдардан бастаған. Сондықтан да арман жолында, мақсат жолында мүлдем берілмеу керек.