Бастауыш сыныптарда үштілділікті дамытудың маңызы

0
2014
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Баяндама тақырыбы: Бастауыш сыныптарда үштілділікті дамытудың маңызы

       Қазіргі жаһанданған, ақпараттың дамыған  ғасырында болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңашылдықтар еліміздің экономика саласына да, білім беру жүйесіне де тың ізденістерді енгізіп отыр. Бүгінгі білім беру жүйесі модернизацияланған заманда көп тілді меңгертуге аса назар аударылып, жан-жақты жол ашылған. «Келешекке кемел біліммен»,-деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұстаным еткендей, келшекке терең біліммен қадам басып, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген құзіретті тұлғаны қалыптастыру басты мақсаттардың бірегейі болып отыр.

       Үштілді оқыту – заман талабы.     Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі.  «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті. Ал 2007 жылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты халыққа Жолдауында “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды.

        Елбасымыздың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Халқына Жолдауында: “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар — қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінде айтқандай, әлемдік кеңістікке енуде ағылшын тілінің маңызы зор.

     Ағылшын тілі бірінші дүниежүзілік әмбебап тілі болып табылады. Еліміздің тарихында болып жатқан әлеуметтік – экономикалық, мемлекеттік зор ұлттар мен ұлыстардың бір-бірін түсінуіне халықаралық сипат алған ағылшын тілінің өзіндік рөлі зор. Әлемдегі көптеген елдер ағылшын тілінде сөйлейді. Бұл тіл қазіргі заманда жаһандық тіл болғандықтан, оның Қазақстандағы рөлі және болашақтағы маңызы зор.  Ағылшын тілі — әлемдік бизнес тілі, оны меңгеру – жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі. «Ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек»

      Осы орайда құрылған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» басты мақсаты: 
Қазақ тілінің мәртебесін көтеру;
мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу;
ағылшын тілін меңгерту;
орыс тілін жетік білу;
әр ұлттың тілдерін дамыту, оларды сақтап қалуға мүмкіндік жасау;
тілдер гармониясының бірлігіне жол ашу. 

      Елбасының үштұғырлы саясаты  аясында шетел тілін үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту бүгінде кезек күттірмейтін өзекті де келелі мәселелердің бірі болып отыр. Алайда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,-деп ақын жырлағандай, өз тілінде еркін сөйлеп, өз тілін құрметтейтін тұлғаны баулысақ, өзге тілді қадірлейтін тұлғаны баулитынымызға көз жеткіземіз. Сондықтан да «Мемлекеттік тілді үйрету балабақшадан басталуы тиіс. Бұл — заман талабы»,- деген елбасының қағидасына сүйене отырып, қазіргі таңда балабақшадан бастап мектеп табалдырығын аттаған сәттен ана тілін меңгертуге, сауаттылыққа күш салынуда. Осы орайда ауыр жүк артылып отырған мұғалімдер мен тәрбиеші-ұстаздардың бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеудегі еңбегі зор. 

       Әлемнің дамыған елдерінің көбі 80-жылдардың ортасында білім берудің жаңа типіне көшу керек деген қорытындыға келді. Ол білімнің санына емес, функционалдық сауаттылыққа негізделу керек болды. Яғни, адамның көп білуі маңызды емес, оның қолынан не келеді және білімін қалай пайдалана алады деген мәселеге назар аударылды. 1997 жылы көп елдер PISA деп аталатын ортақ стандартқа көшу туралы келісімге келді. Міне, 1 қыркүйектен бастап Қазақстан да осы жүйені барлық мектептердің бірінші сыныптарына енгізді.

         Бастауыш сыныптарға үштілділікті енгізуді педагог ретінде қолдаймын. Себебі, 5-6 жастағы баланың есте сақтау қабілеті өте жақсы болады. Сюжетті сурет, мультимедиялық сабақтар негізінде үштілді меңгеру қызықты да, тартымды өтіп, оқушылардың санасында қалары анық. Бастауыш сыныптарда тыңдалым мен  жазылым деңгейі қалыптасқан баланың ортаңғы буында үштілде айтылым дағдыларының дамуы ғажап емес. Қазіргі заманның балаларының  уақытын дұрыс ұйымдастырсақ, барлығына уақыт жетеді.  Заманның дамуымен бірге, баланың дамуы  қалыптасуы керек.  Үштілді меңгерген бала келешекте  дамыған елдің тұтқасын ұстап, нағыз ортасына қажет маман атанары сөзсіз.

Мусабаева Багдат Мухтаровна
 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ