Бастауышым-мөлдір бұлағым! (сценарий)

0
1974
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі

Бастауышым-мөлдір бұлағым!

Мақсаты: 1.Білімнің сара жолы бастауышта басталатынын, бастауышта алған білімнің негіз болып қалатынына көз жеткізу.
2. Бастауыш сыныбымен, алғаш қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстазымен қоштаса отырып, орта буында дәріс беретін ұстаздармен таныстыру, әр баланың ерекшелігін таныта отырып, сәт-сапар тілеу. Білім берер ордасы – мектепті ұстаздарын құрметтеп, білімге деген құштарлығын арттыру. 3.Өз Отанының адал ұлы мен қызы болуға тәрбиелеу.

Мұғалімнің кіріспе сөзі:

Қош келіпсіздер, құрметті ата-аналар, қымбатты әріптестер, қадірлі қонақтар! Бүгінгі күн осында отырған бәріміз үшін ерекше күн, оның ерекшелігі сол – 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған кіп-кішкентай балғындар еді. Енді, міне, бойлары да, ойлары да өсіп, бастауыш білім сатысынан орта буынға ұшқалы отыр.

Бесіктегі баланың, күлгенін көрген бір мұрат.

Алдына түсіп ананың, жүргенін көрген бір мұрат, —

дегендей, бұл да бір қуанышты күн.

Армандасаң да, қиялдасаң да балалық шағың көз алдыңа келеді. Өйткені, биік асуға беттеген аяулы ғұмыр, ғажайып өмір осынау бал күлкілі балалық шақтан басталады. Міне,бүгін біздің бүлдіршіндер өміріне өшпес із қалдырған бастауыш сыныбымен қоштасып, бір жылға тағы да есейгелі отыр. Ендеше қызықты да, ғаламат өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына, ата-аналарынаөз өнерлерін көрсетуге дайын.

«Талаптарыңа нұр жаусын!» деп «!Бастауышым-мөлдір бұлағым!» атты ертеңгілігімізді ашық деп жариялаймыз.

1-жүргізуші: Армысыздар, ұстаздармен оқушылар, ата-аналар мен ақ жаулықты апалар!

2-жүргізуші: Бүгінгі «Бастауышым-мөлдір бұлағым!» атты ертеңгілікке қош келіпсіздер. Әр жанұяға береке, бірлік, табыс тілей отырып тойымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

1-жүргізуші: Армысыздар, мұғалімдер — әз жандар

Білім іздеп инемен құдық қазғандар.

Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді

Би билеп, ән де бүгін шырқалар.

2-жүргізуші: Қош келдіңіздер ақ жаулықты аналар мен әкелер,

Жүздеріңнен мейірім мен нұр төгілер

Бүгін міне, бастауышпен қоштасады

Азамат боп, ержеткен сіздің түлектер!

1-жүргізуші: Біз бүгін көзімізді ашып, көкірегімізді оятқан, білім нәрімен сусындатып, ілімнің ірге тасын қалаған бастауыш мектебімізбен қоштасамыз.

2 жүргізуші: — Бүгін біз сауатымызды ашып, білім, негізін қалаған бастауыш мектебімізбен , алғашқы қолымызға қалам ұстатып, оңымызбен солымызды танытқан ұстаздарымызбен қоштасқалы отырмыз.

1 жүргізуші: Тарыдай болып кіріп, ақыл ойлары толысып, оң мен солын танып жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттеріңіздің ұйымдастыруымен өткізгелі отырған «Бастауышым-мөлдір бұлағым! » атты қоштасу мерекесін бастауға рұқсат етіңіздер!
2 жүргіуші: Олай болса, бастауыш сыныпты бітіруші түлектерімізді ортаға шақырайық.

1 жүргізуші:

Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңызда,
Мұндай күй болған сірә қаншаңызда.
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық,
4- сынып түлектерін ортамызға.
(Музыка әуенімен бастауыш сынып түлектері ортаға шығады. )

2-жүргізуші: Айым, сәл кідіре тұр.

Бес жыл бойы самғап келем шарықтап,

Қанатыма қуат бітіп қалықтап,

Осы кезең аралығы сендерді,

Қалайша мен айта алмаспын анықтап,- дей келе әр сыныптасты өз ерекшелігімен тани отырыңыздар біз ортаға шақырайық.

Сыныптың бар үздігі, Ақжарқын біздің ақылды.

Алады бестік іркілмей, отырады көп күлмей.

1-жүргізуші: Озып шығар бәйгеде, математик ол бізде.

Нұрлыбек бізде сыпайы, таңқалдырар талайды.

2-жүргізуші: Салмақтылық бойына, жарасады әр кезде.

Сабақта да ептілік,Камила ғой ол бізде.

1-жүргізуші: Қара торы сымбатты,жымиып бір тіл қатты.

Жарас болса сабақта,қозғалады тым қатты.

2-жүргізуші: Мерей біздің арайлы,күлімдеп ол қарайды.

Көмектесіп ұстазға,әсем әнге шырқайды.

1-жүргізуші: Оқуға да салмақты,әзілқой ол тым қатты.

Мерекелік күндерде, әзілмен Айбек үн қатты.

2-жүргізуші: Үмітпен алға қарайды, ән айтуды қалайды.

Ақбота келсін ортаға ,білімді жиған бойына.

1-жүргізуші: Сабырлылық танытып, артық мінез жоқ онда.

Ерсұлтан ойын айтқанда ,тыныштық болар сыныпта.

2-жүргізуші: Бар ойы оның салмақты,мінезі де тым ауыр.

Өлең оқу шебері, Нұрая келсін ортаға.

1-жүргізуші: Сабақта ол салмақты, әдебиеттен үштік баға алмапты.

Кей кездері қиналса,кітапқа Тарғын қарапты.

2-жүргізуші: Ерасыл біздің ержүрек,күресуді қалайды.

Мерекеде қыздарға, гүл сыйлауға жарайды.

1-жүргізуші: Бар мінезі бойында,жарасады ойына.

Ұлболсын келсе ортаға, орта толмас деу қайда

2-жүргізуші: Болса да өзі тым ерке, жамандыққа бармайды.

Көнілді болса Ақмаржан, сабаққа бірден қарайды.

1-жүргізуші: Білетіні көп анық,ашып айтса әр ойын.

Жәнібек бізде сабақта,қиналмайды сөз дайын.

2-жүргізуші: Ашық мінез ақжарқын, сабақта сақтар сөз салтын.

Ақмаржан шықса саңқылдап, бәрі де тына қалар ән тыңдап.

1-жүргізуші: Тілеубек, сыныптастар ортаға түгел шыққан тәрізді, ендігі кезек бізде, мені қалай таныстырар едің ?

2-жүргізуші: Мынау балғын балалар,құрметті сіздер аналар!

Ұстаздар бізге қарайды,

Мың бұралып билеген, Айым үйдің еркесі.

Әр ұлттың биін билеген,үлкен өнер дегізді.

Ал,Айым мен сені әдемілеп таныстырдым –ау деймін, кезек саған келді.

1-жүргізуші: Сенімді әркез ақтаған,үміт артып мақтанам.

Тілеубек біздің сыныптас,ойын шыңдап баптаған.

Таныстырып сіздерге, сыныптың әр баласын,

Жүргізіп кешті бүгінгі,ән де айтып жаттаған.

2-жүргізуші: Мына тұрған балаңыз,кәне бермен қараңыз.

Жетектеп бізді мектепке, әкелген кезде анамыз.

Жарқылдап қарсы алатын,Замира апай болатын.

Әліппені үйретіп,тәртіпке де салатын.

Сол балаңыз мінекей, ортамызға келіңіз, ақ тілекті беріңіз. Келесі кезекті сөз 4 жыл бойы білім берген ұстаздарымызға беріледі.

1-жүргізуші: Армысыздар, жас достар

Болашаққа жол бастар.

2-жүргізуші: Білім деген ғажаптың

Келешегі қазақтың

Басталады сендерден.

Қоштасу тойын бастайық,

Ән мен биге басайық.

Өнерімізді көрсетіп,

Құрметіне бұл тойдың.

Ән мен шашу шашайық.

Мерей: Армысың сен алтын ұя мектебім,

Саған айтар жыр алғысым көп менің.

Жүректерге жаққан білім шырағын,

Мақтан етем сені мәңгі мектебім.

Мектeп деген білім кені, жыр кені,

Мектеп деген ғылымның ең үлкені.

Мектeп деген тәрбиеші адамға

Мектеп деген даналардың мекені.

Ақжарқын: Мектебім – білім берер алтын ұям,

Ер жетіп сенде сөзім, артты санам.

Баулыған 4 жыл бойы ата –анамдай,

Әрқашан қасиетті атың маған.

Арада өтсе дағы дүркіреп жыл,

Әр күні балалықтай бір жүрек бұл,

Өзіңе борыштармын өмір бойы

Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.

Нұрлыбек: Өтті оқу, сан сабақ,

Бүгін үлкен салтанат.

Оқулықпен достасып,

Бастауышпен қоштаспақ

Қош бол, құтты Бастауыш!

Алғыстарым көп менің.

Ақыл — білім, тәрбиең,

Ой-санама еккенің.

Ерасыл: Есігіңді ашқан балаңа,

Құшақ жайдың мектебім сен қуана.

Сол бір сәтті мәңгі ұмыта алам ба,

Сенен артық дүниені таба алам ба?

Мектебім – мәңгі бапкерім

Қарызбыз саған бәріміз

Өзіңе деген парызды,

Ақтаймыз талай әлі біз.

І жүргізуші: Армысың сен , алтын ұя мектебім
Саған айтар жыр- алғысым көп менің
Жүректерге жаққан білім шырағын ,
Мектебіме арналады бұл әнім!

ІІ жүргізуші : Олай болса, алтын ұя мектебімізге арнап «Мектебім» әнін шырқайық!
Хор: Мектебім. ( балалар залдан шығады)
Слайд: «Мектептегі мерекелер».

І жүргізуші:

Көрініс:  Қарияның өсиеті (ортаға қария мен 3 оқушы шығады,отырып жайғасады)

1- оқушы

 Ата, ата, арман деген не? — депті жігіт

 Арман дегеніміз — ақыл-ойдың шындығы. Құс ұшсам дейді, бала өссем дейді, қыз көрікті болсам дейді, ұстаз шәкіртіне үлгі болсам дейді. Арманына адаспаған жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді депті қарт.

2- оқушы

  • Дос табу оңай ма? — депті қарт.
  • Ата, дос табу ақылдыға оңай, ақымаққа қиын.

— Жоқ, балам, өмірде дос табу ақылдыға қиын, ақымаққа оңай. Есіңде болсын, досың ақылды болса, өзің дана боласың, досың бала болса, өзің шала боласың, депті қарт.

3- оқушы

— Үйдегі алтын қазығың кім? – депті қарт.

— Ата, үйдегі алтын қазық — бала, депті жігіт.

— Жоқ, балам, үйдегі алтын қазық — ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана — ақылшың, әке — қамқоршың, ағаң — қорғаушың, інің — сүйенішің, қарындасың — қанатың. Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем, — депті қарт.

4 — оқушы

  • Өмір сүру үшін не қажет? — депті қарт.
  • Ата өмір сүру үшін алтын, ақша, нан, мал қажет, — депті жігіт.
  • Жоқ балам, адамның өмір сүру үшін су, от, тұз, қыз, ақыл қажет. Су — тіршілік, от — өмір, тұз — дәм, қыз — сән, ақыл өмірдің нәрін береді.

5-оқушы

— Адамға ақыл беретін кімдер? — депті қарт.

— Ата, ана тілі ғой ақыл беретін, -депті жігіт.

 Жоқ, балам, адамға ақыл беретін ата-ана, ұстаз, досы. Ата — ана ақылын баласына айтады, ұстаз шәкіртіне айтады. Достықтың көзі ақылдан басталады, — депті қарт.

І-жүргізуші: Адам өміріндегі ең қымбат жанның бірі – ұстаз. Өйткені ол баланың көкірек көзін ашып, дүниетанымын кеңейтіп, қиялға қанат қақтырады.

ІІ-жүргізуші: Дұрыс айтасың,Айым

Ұстаз еңбегі — ұлы еңбек.

Сондықтан да ұлы ақын Абайдың:

Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далаға

Ұстаздық еткен жалықпас

Үйретуден балаға, — деп айтуында терең ой жатыр.

І-жүргізуші: Олай болса, келесі өлең жолдарын ұстаздарымызға арнаймыз.

Камила: Есімде алғаш ұстаздың қарсы алғаны

Айқара есік ашып тасталғаны.

Бір мереке думан болып осы маңда,

Жетелеп бір сыныпқа апарғаны.

Енді, міне сағымдай боп өте шықты

4 жыл уақыт аз ба екен, кім біліпті.

Ұстаз – ана жасады мына бізден

Ел таң қалар азамат бір – бір мықты.

Ақбота: Әлі есімде мектепке келгеніміз,

Келгеніміз, сыныпқа енгеніміз.

Жасқаншақтап, таңырқап тұрған шақта.

Өзің болдың ұстазым сенгеніміз!

Ұқсаттың ба сіз бізді балаңызға,

Ұқсатып ек, біз сізді анамызға.

Жақын тарттың, біртіндеп бауыр бастық.

Жүргеніңді ұнатып арамызда.

Кеп кешегі тосырқау қайда қалған.

Шықпаушы едік бір елі айналаңнан.

Мейірің бе, ұстаздық жүрегің бе.

Жан дүниесін баланың жайлап алған.

Айбек: Ұстазым ғой әліпбиді үйреткен,

Көкейіме көрік беріп, гүл еккен.

Мені оқытып, өркенімді өсіріп,

Жалындатып, жанарымды нұр еккен.

Жадыраған жаздай жылы жаны бар,

Жақсылықтың шырағы боп жағылар.

Қадірлі ұстаз гүлмен бірге жолдаған

Шәкіртіңнің жүрек сөзін қабыл ал.

2-жүргізуші: Бірнеше рет аудандық байқаулардың жеңімпазы атанған,мектебіміздің әншісі Мерейдің орындауындағы «Бастауышпен қоштасу» әнін қабыл алыңыздар.

1-жүргізуші: Айдында аққудай сылаңдаған

Біреулер күй, біреулер жыр арнаған

2-жүргізуші: Шықсын енді ортаға биші қыздар

Тал шыбықтай иіліп мың бұралған.

Би: Қазақ биі

1-жүргізуші: Болмасаң да, ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз, — деп Абай атамыз айтқандай ұлы ғұламалар, ұлы адамдар өнегелерін бойымызға сіңірдік.

2-жүргізуші: Мектепке келген күннен бастап отанды сүюді, қорғауды және отанға адал қызмет жасауды бойымызға жинай білдік.

Олай болса, Айбектің орындауындағы «Батырлар жыры» әнін қабыл алыңыздар.

Көрініс: «Кітаптар мұңы»

Автор: Мектептің отын қоймасына біреу бір құшақ кітаптар әкеліп тастады. Беттерін шаң басқан бір топ оқулықтар қайда келдік дегендей жан – жағына көзін сығырайта ашып, көршісін түртті.

Математика: Ей, тұрсаңшы! Қайда келдік, тіріиісің өзі?

Ана тілі: Ой, мазамды алмашы, бүйткен тіршілігі құрысын. Бұданда парақтарымның жыртылып, желмен ұшып кеткені жақсы еді ғой.

Математика: Не болып қалды? Жалғыз сенің басыңа келді деймісің бұл қасірет. Біздің де көрген қорлығымыз аз емес. Биылғы оқу жылын зорға аяқтап шықтық. Басыңды көтер, жөн сұрайық. Кімсің өзің? Сыртың бүп – бүтін ғой?

Ана тілі: Сыртымды қайтесің? Сыртым бүтін, ішім түтін. Ана тілі оқулығы боламын. Мен үшін қагшама адамдар еңбек етті. Кім үшін? Балалар оқысын, сауатын ашсын, адам болсын деген ізгі ниет еді ғой бәрініңкі. Мен де қолымнан келгенше өз бойымдағы білімімді бердім.

Сонымен күнім не болды? Сорыма қарай Адырбай деген баланың қолына түсіп (бір күрсініп) о – ой өткен күнім есіме түссе, сай – сүйегім сырқырайды.

Қазақ тілі: Бәріміз де сол, мұңдас болдық досым. Мен Сотқарбай деген баланың кітабы боламын. Әдепті оқулық болып мектеп табалдырығын аттағаныма қуанышты едім. Оным көпке бармады. Ол парақтарымды жыртып алып, кептер жасап, ұшырып ойнағанда қой демеді ғой, анау үлкен ағасы.

Бейнелеу: Ей, е-ей! Біздің Артықбай көзімізді бақырайтып қойып, суреттерімді бастырып, бетімді шимайлады.

Бірақ шындығын айтқанда әркім өз дүниесіне ұқыпты болуы керек қой!

Математика: Енді бізді қайтер екен?

Қазақ тілі: Жинап – жинап, отқа тастайды.

Бәрі қосылып: Отқа тастар!!!

Математика: Мүмкін, бір кәдеге жаратар. Түптеуі мүмкін.

Дүниетану: Иә, түптесе мына сені түптер, жалаңаш бізді қайтсін. Жұртқа көрінуге ұялып, бір бұрышта отырған жоқпыз ба?

Бейнелеу: Тұрыңдар, достар! Сыныпта «кітаптар емханасы» бар емес пе? Жүріңдер, кітап дәрігеріне барып көрінейік.

Қазақ тілі: Иә, достар! Келер жылы ұқыпты оқушының қолына түсейік!

Дүниетану: оқулықтың қадірін білетін жақсы оқушылар көбейе берсін!

Бәрі бірге: Балалар оқулықты таза ұстаңдар, біз сендер үшін қызмет жасаймыз.

2-жүргізуші : Аудандық облыстық байқаулардың жеңімпазы Мың бұралған биші қыз Айымды ортаға шақырамыз.

Би:

2- жүргізуші:

Сонымен қатар үлкен алғысымызды ата-әжелеріміз бен ата-аналарымызға білдіргіміз келіп отыр. Біздің өміріміздегі асыл жандар ол – Сіздер!

2-жүргізуші: Бас иіп, шексіз алғысымызды ақ жаулықты аналарға және қадірлі әкелерге білдіреміз.

1-жүргізуші: Біздің қуанышымыз бен жеңісімізге ортақ болған, бізбен бірге уайымдаған — ата-ана. Олар бізге дүниедегі ең жақын қадірлі адамдар.

2-жүргізуші: Құрметті ата-аналар, біз сіздерге алғысымызды білдіре отырып келесі әнді өздеріңізге арнаймыз.

Мектепішілік , аудандық байқауларға қатысып жүлделі орындарға ие болған Ақботаның орындауындағы «Ұстаз-Ана» әні сіздер үшін,қабыл алыңыздар.

1-жүргізуші: Ата-аналар атынан сөз кезегі ………………………………………..

………………………………………………………………………………………………..беріледі.

(ата-аналардың ыстық лебіздері)

2-жүргізуші: Қымбатты ата-аналар сіздерге рахмет айта отырып,келесі әнімізді шырқауға рұқсат етіңіздер.

Ақмаржан,Айбек,Ақжарқынның орындауындағы «Мектебім» әні қабыл алыңыздар.

І жүргізуші:

Мың бұрала билейтін, әсем ән де шырқайтын

Өнер тұнған бойында , қыздарымыз бар біздің

Қазақтың өнеріне ел таңданар, Ақмаржанның әсем әнін тыңдаңыздар.

Ән: «Қазақтың қызымын»

ІІ жүргізуші:

Достар, осы бізді болашаққа не бастайды?

1 жүргізуші: Ата- ананың ақылы

Болашаққа деген сенім

Ұстаздың көрсеткен жолы

2 жүргізуші: Ұстаз! Осынау сөзде қаншама мән – мағына жатыр десеңізші!

Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да бәрі –бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан, ұлағатты ұстаздар, сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

1-жүргізуші: -Тілеубек, ендігі кезекте бізге дәріс берген, өзінің қамқорлығын аямаған ұстаздарды марапаттасақ қайтеді ?

2-жүргізуші: — Дұрыс айтасың, Айым. Олай болса,Құрметті ұстаздарға арналған өлеңдерімізді айтайық. Қабыл алыңыздар!

(мұғалімдерге тақпақ айтады)

Т.Ақмаржан: Оқушы мен мұғалімге жасап жағдай,

Жүреді қысы-жазы бір дем алмай.

Шын жүректен айтамыз сізге алғыс,

Мектеп директоры –Гүлмира апай.

Камила: Білімге мына бізді құштар қылған,

Тексеретін бізді де,ұстазды да.

Жадыра апай, біз сізге ризамыз,

Көзден таса етпеген бізді мына.

Мерей: Қоштасуда біздің сынып ерлесін,

Мақтан тұтам балалардың өңгесін.

Әр ұстазға көмек берген қашанда,

Гүлнафис апай жұмысыңыз өрлесін !

Ерсұлтан:Жақсы көріп, қадірлейміз сіздерді,

Гүлнар апай да бақылады біздерді.

Бастауыштың қамын жеген ұстазға,

Көп алғысты жаудырамыз біз де енді.

Ә.Ақмаржан:Кітапхана – дүниедегі ілімнің,

Қайнар көзі – бойға жияр білімнің.

Шын жүректен Айнаш апай сізге біз,

Артық болмас алғыс айтсақ біз бүгін.

Әдемі ғой ән сабағы мектептің,

Жүректерге әсемдікті сепкен кім ?

Айнаш апай, бас иеміз сізге де,

Ән мен сазды талмай бізге үйреткен

Жәнібек: «Жеті жұрттың тілін біл де,

Жеті жұрттың қамын жегін»

Мұрат ағай шет тілінде

Сіңіріп жүр бойға сенім.

Ұлболсын: Оқысын деп, «5»-ке сен,

Жан-жақты бәрін ескерген.

Ақмарал апайға көп алғыс,

Орыс тілін үйреткен, Алдыға бізді сүйреткен.

Айым: Келеді қазір жырлағым,

Суреттің әрбір қырларын

Айдын ағай үйретті,

Оның құпия сырларын

Мың алғыс , сізге ағатай,

Арналды осы жырларым.

Тілеубек: Дене шынықтыру сабағында қызыға біз ойнаймыз,

Салауатты өмір салтының не екенін санамызға бойлаймыз.

Шынығуда көп нәрсені үйреткен

Балғатай ағай сізге алғыс мына біздей түлектен.

Ақбота: Бұл күндері құрыспайды арқамыз

Сыныптасқа талай үміт артамыз

Денсаулығым мықты болса егер де

Клара апай мына сіздің арқаңыз

1- жүргізуші: Тілеубек, біз бастауышпен қоштасып тұрмыз. Алғашқы ұстаздарымызбен қоштастық.

2- жүргізуші: Иә, Айым бізді болашақта не күтіп тұр екен? Қандай асулар бар алда?

1- жүргізуші: Оқу білім, ізденіс жолдары. Жаңа ұстаздар күтіп тұр екен.

2 — жүргізуші:

Құрметті қонақтар, біздің қоштасу кешімізге 1- сынып оқушылары да келіп отыр. Осы оқушыларға сөз берейік.

Тақпақ

  1. Жанияның тақпағы

2- жүргізуші: Бүлдіршіндерге бастауыш мектептің кілтін ұсынамыз

Тарғын:

Ғылымды терең меңгеріп,

Үмітті сендер ақтаңдар

Мектепті үздік бітіріп,

Ұстаздың болшы мақтаны!

Шығыңдар білім шыңына,

Аманат осы сендерге

Болыңдар үздік тағы да

Оқуда және еңбекте

( Камила кілт тапсырады )

2- жүргізуші: Бастауышым – мөлдір бұлағым,
Алдым сенен балдың дәмін.
Әріп танып , білім алып,
Рахметімді жаудырамын.
І жүргізуші: Өтті сенде қызық шағым

Бастауышым мөлдір бұлағым

Қоштасар күн жетті міне,

Қимастықпен қол бұлғаймын

Бастауыш сыныптың түлектерін ортаға шақырайық

2- жүргізуші: Оқушыларымызға ақ жол тілей отырып, орта буынға шығарып саламыз.

Хор: «Ұстазы» әні

Жалпы би «Флешмоб»

І жүргізуші: Осымен «Бастауышым-мөлдір бұлағым!» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Көріп тамашалағандарыңызға көп- көп рахмет. Келесі оқу жылында кездескенше, сау болыңыздар!

Қарағанды облысы

Жаңаарқа ауданы

Ақтүбек ауылы

Ақтүбек ЖОББ мектебі

Бастауыш сынып мұғалімі

Мырзамбетова Замира Аманкуловна

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ