Батырлық пен қорқақтық туралы мақал-мәтелдер

0
2124
Иллюстрация: Freepik.com

Ер сүрінбей, ел танымас,

Ат сүрінбей, жер танымас.

***  ****

Малы жоқ деп,

Ерден түңілме.

Егіні жоқ деп,

Жерден түңілме.

***  ****

Нар тәуекел – ер ісі

***  ****

Ел үмітін ер ақтар,

Ер атағын ел сақтар.

***  ****

Ер – намысының құлы.

***  ****

Сойылды соға білмеген өзіне тигізеді.

***  ****

Айлалы батыр алдырмас.

***  ****

Бөрі азығы мен ер азығы жолында.

***  ****

Оқ жетпес жерге қылыш суырма.

***  ****

Ылдисыз өр болмайды,

Табыссыз ер болмайды.

***  ****

Ер қартайса, қазаншы болады.

Бүркіт қартайса, тышқаншы болады.

***  ****

Шын орақшы орақ таңдамайды,

Шын батыр құрал таңдамайды.

***  ****

Әлі келген алып та жығады,

Шалып та жығады.

***  ****

Жүк ауырын нар көтереді,

Ел ауырын ер көтереді.

***  ****

Қашпақ, қумақ – ерге сын,

Көшпек, қонбақ – жерге сын.

***  ****

Шын ер жеңсе, тасымас.

Жеңілсе, жасымас.

***  ****

Ер – елдің ық жағының қаласы,

Жел жағының панасы.

***  ****

Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені,

Еменнің иілгені – сынғаны.

***  ****

Батыр мақтанса,

Жауға шапқанын айтар.

Қу мақтанса,

Алдап қаққанын айтар.

***  ****

Үйіңе келгенде үйдей өкпеңді айтпа.

***  ****

Тымырсық болса, ер оңбас.

Тоңға жатса, мал оңбас.

***  ****

Ерді қорласаң, састырар.

Асты қорласаң, құстырар.

***  ****

Жігіт жолдасынан белгілі,

Сарбаз қолбасынан белгілі.

***  ****

Ердің атын не аты шығарар,

Не қатыны шығарар.

***  ****

Қасында қара көп болса,

Нөкер емес немене?

Шөлдегенде ішкен су

Шекер емей немене?

Ат жалынан тапқан мал

Бекер емей немене?

***  ****

Тоқсанымыз жиылып,

Тоқты жыққан батырмыз.

Сексеніміз жиылып,

Серке жыққан батырмыз.

***  ****

Ердің малы – елдің малы.

***  ****

Ерді жаяулық емес,

Қаяулық аздырады.

***  ****

Ел – ырыстың орманы,

Ер – ырыстың қорғаны.

***  ****

Жоқшылық жомарт ердің қолын байлар.

***  ****

Тәуекел тау жығар.

***  ****

Батыр ортақ,

Бақ жалқы.

***  ****

Су жетпейін демейді,

Жар жеткізбейді.

Ер жетпейін демейді,

Мал жеткізбейді.

***  ****

Жаман жігіт

Жолдасын жауға алғызар,

Өзін ұятқа қалғызар.

***  ****

Өз басыңды дауға берсең де,

Жолдасыңды жауға берме.

***  ****

Қыз құшпаған ер арманда,

Қызғалдақ жемеген қозы арманда.

***  ****

Отызыңда орда бұзбасаң,

Қырқыңда қыр аса алмассың.

***  ****

Ер сасқанда белгілі,

Ат шапқанда белгілі.

***  ****

Қорыққан бұрын жұдырықтар,

Шабан үйрек бұрын ұшар.

***  ****

Қорқақтың көзі үлкен,

Ақымақтың сөзі үлкен.

***  ****

Қорқақты көп қусаң, батыр болады.

***  ****

Бақ келді деп таспа,

Жау келді деп саспа.

***  ****

Тәуекел ет те, тас жұт.

Ажал жетпей, өлмек жоқ.

***  ****

Алпыс күн атан болғанша,

Алты күн бура бол.

***  ****

Арманы жоқ жігіттің

Пәрмені жоқ.

***  ****

Арғымақ аттың құйрығы –

Әрі жібек, әрі қыл.

Ер жігіттің белгісі –

Әрі мырза, әрі құл.

***  ****

Жау жеңетін жігіттің

Жарағынан танимын.

Дау жеңетін жігіттің

Талабынан танимын.

***  ****

Қорлық өмірден,

Ерлік өлім артық.

***  ****

Алыс жол атты сынайды,

Ауыр жол ерді сыйлайды.

***  ****

Ерге лайық ат туар,

Жерге лайық шөп шығар.

***  ****

Тайынбаған тауды жығады,

Тайсалмаған жауды жығады.

***  ****

Жау жоқта батыр көп,

Дау жоқта ақыл көп.

***  ****

Орақшы орақ таңдамайды,

Батыр жарақ таңдамайды.

***  ****

Қылышынан қан тамған батырды

Тілінен бал тамған ақын алады.

***  ****

Пенде көресісін көрмей,

Көрге кірмейді.

***  ****


ПІКІР ҚАЛДЫРУ