Әбілқайырдың Бопай сұлуы

0
1322

Қазақ елінің тарихында өзінің есімдерін алтын əріппен жазып кеткен батыр əйелдер болды. Соның бірегейі өз ерліктерімен, ақылдылығымен тарихта атын қалдырған Бопай сұлу.

Ханның бəйбішесі байырғы дала өркениетінің дəстүрімен елдің қамын ойлайтын ұрпақтарын тəрбиелеген Бопай сұлудың орны ерекше. Бопай сұлу Кіші жүздің ханы Әбілқайыр ханның жары мен құты болды. Бопай Әбiлқайыр ханның екінші əйелі бола тұра, өзінің табиғатынан ерекше салиқалы қасиеттерінің арқасында  «сұлтанша» лауызымына ие болды.                                                                                                             

Ол келiн болып түскелi Қажы сұлтан шаңырағының құт-берекесі арта түсті. Әбілқайырдың тасы өрге домалады. Көп ұзамай Әбiлқайырды Кіші жүздің игi жақсылары ақ киiзге көтерiп хан сайлады. Бопай сұлудың өз басы да қазақ əйелiне тəн кiшiпейiлдiлiк, ақылдылық, ұстамдылық, парасаттылық жəне басқа сол секілді қасиеттерiмен Әбiлқайыр шаңырағында жақсы келiн, əрi жақсы бəйбiше атанды. Әйел болса да ердiң ақылы мен батырлығын өз бойына сыйдырған абзал жан едi. Бопай сұлудың аса беделдi болғаны соншалық Әбiлқайырдың көптеген саяси iстерiн ақылмен шешуге көмектескен.                                                                                               

 Батыр атанған Әбілқайырдың қилы мінездеріне тоқтау айтып, сабырлылыққа шақырып, сабасына түсiрiп, қиын мəселелердi бабымен шешуге көмектескен. Бопай Әбілқайырдың ел басқару ісінде кеңесшісі, арқа сүйер тірегі болған. Елдің ішкі жəне сыртқы саясаты мəселелері шешілетін құрылтайларда Бопай өзі құқық білгірлері билер мен шешендік өнер иелерімен қатар сөз сөйлеп ел басқару ісіне қатысқан. Әбілқайыр əйелі Бопайдың кеңесін тыңдап, оның пікірін бағалаған. Әсіресе Еділ қалмақтары мен башқұрттармен қарым- қатынастың өршіген шағында Әбілқайырдың сол кездегі Ресейге жақындасуын қолдаған Бопай болатын.                                         

1731 жылы А. И. Тевкелев бастаған Анна Иоанновнаның елшілігі келген кезде, бірінші болып өз мөрін басқан еді. Сонымен қатар өз үлгісі негізінде өзгелерді де осы шартқа көндіре алған. Әбілқайыр өлгеннен кейін ұлы Нұралының хан болып сайлануы, Бопайдың Ресей империясымен дипломатиялық қарым- қатынасының негізінде іске асқан. ХVIIІ ғасырдың ортасында, яғни 1748 жылы Әбiлхайыр өлгеннен соңғы дəуiрдегi тарихи құжаттарда Бопайдың аты көп кездеседi. Оның Орынбор басшыларына жəне Петербургке жазған хаттары сақталған.                                       

Бопай сұлу 1780 жылы 31 мамырда қайтыс болған. Алайда ел ақындары мен дана қарттары аузынан Бопай есiмi түскен жоқ. Белгiлi Адай ақыны Абыл жыраудың (1777-1864) Баймағамбет сұлтанға айтқандарының iшiнде мынандай толғаулар бар:

Апамнан (Бопайдан) туған əкең Айшуақ хан,                                                          Табаның таймай тұр-ау мiнген тақтан.                                                                     Дəлiрген тажал сынды дəрежеңдi,                                                                                    Деп жүрсiң Құдай қорып, Қыдыр баққан…

Дереккөз: «Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар» кітабынан үзінді


ПІКІР ҚАЛДЫРУ