Білім сапасын инновациялық технология негізінде басқару

0
1580

Оқытудың ұтымды технологиясын қолдану- оқыту сапасын арттырудың кепілі. Сондықтан колледжде оқытудың әр түрлі педагогикалық технологиялары жасалып, зерттеулер, мониторинг арқылы оқу процесіне енгізіліп жүр. Жаңа педагогикалық технологияларды енгізу оқытудың сапасына көп әсер етті. Оқытудың жаңа технологияларын орынды қолдану арқылы оқытуды жаңаша ұйымдастыру-білім беру жүйесіндегі негізгі талап болып табылады.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті-ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көздейді. Қазіргі таңда барлық оқу орындарында жаңа инновациялық оқыту технологиясы бойынша жұмыс істейді.

Жеке тұлғаның өз  бетінше жетіліп, жан-жақты дамуында арнайы пәндердің атқаратын ролі зор. Оқушыларға сапалы білім берудің бірден-бір жолы оқу тәрбие процесінде жаңа педагогикалық технологияларды енгізу болып табылады.

Жаңа технологиялардың педагогикалық қағидалары:

-оқыту мен тәрбиенің бірлігі;

-оқушының танымдық күшін қалыптастыру және дамыту;

-барлық оқушылардың дамуы үшін жүйелі жұмыс істеуі;

-оқушының өзбетімен әрекеттену әдістерін меңгерту;

-әр тұлғаны қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне  орай оқыту;

-оқу процесін оқушының сезінуі.

Тәжірибе жүзінде бірнеше оқыту технологиялары қолданылады. Олар М.Жанпейісованың модульдік технологиясы, Ж. Қараевтың деңгейлеп оқыту технологиясы, Д.Эльконин мен В.Давыдовтың дамыта оқыту технологиясы, сын тұрғысынан ойлау және т.б. Осылардың ішінде өз тәжірибемде педагогикалық инновациялық технологияның төмендегі түрлерін қолданамын:

І. Деңгейлеп оқыту. Оның мақсаты- барлық оқушыларды жалпы білім берудің мемлекеттік стандартына сай бағалық білім деңгейімен қамтамасыз ету. Әрбір келешек маманның өз деңгейінде оқу материалын меңгеруіне жағдай жасау. Себебі әрқайсысының жеке тұлға ретінде жан дүниесі, өзіндік ерекшелігі, ақыл-ойы, қабілеті, дүниетанымы әр түрлі деңгейде болады.

Бірінші деңгей-міндетті деңгей. Тапсырмалары білімнің минималдық шегі, мемлекеттік стандарт талабына сәйкес бағдарлама мөлшерінен аспайтын, оқушының қабілетіне сай келетін тақырыптар мен тапсырмалар.

Екінші деңгей-алгоритмдік деңгей. Тапсырмалары түрленіп, күрделене түседі. Бағдарламаға сай барлық тапсырмалардың түрлерімен керегінше өзбетімен жұмыс істейді. Олардың сөйлеу, түсіну, қабылдау, жазба жұмыстарын орындау көрсеткіштері міндетті деңгейден әлдеқайда жоғары болады.

Үшінші деңгей-шығармашылық деңгей. Оқушылардың шығармашылыққа деген мотивтерінің айқын көрінуімен, логикалық ойлау дәрежесінің жоғары болуымен, жеке басының белсенділігімен, білімді жаңа жағдайда пайдалануымен сипатталады.

ІІ. Модульдік оқыту  технологиясы. Бұл технология әдістері оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттырып, өзбетімен жұмыс істеуіне, жүйелі білім алуына жол ашады.

Модульдік технологияның мақсаттары:

-жеке тұлғаның өзін -өзі дамытуына қолайлы жағдай туғызу;

-өз бетінше білім ала білуі;

-өзін өзі басқара алуы;

-өз көзқарасын қалыптастыра білуі;

-өзін-өзі анықтау қасиеті;

-өз-өзіне сенімді болуына тәрбиеленуі;

-өзіне-өзі баға бере алуы;

-өзінің жағымды қасиеттерін қоғамда пайдалана білуі және басқаларға игі әсер ету қабілеттілігі.

Модульдік оқыту технологиясы оқушыларды өздігінше тапсырманы орындап, мәселені шешуіне, өз пікірін қорғай білуіне, алға қойған мақсатқа жету үшін белсенділігін, қабілетін арттыруға септігін тигізеді.

Бұл технологияда оқушы жеке-жеке тараулар бойынша емес, біртұтас тақырып түрінде жүйеленген білім алады. Модульдік оқытудың мақсаты-оқушының өздігінше жұмыс істей алуын дамыту, оқу материалын өңдеудің жекеленген әдістері арқылы жұмыс жасауға үйрету.

ІІІ. Сын тұрғысынан ойлау-оқушының оқытушымен, құрбы-құрдастарымен еркін сөйлесуге, пікір таластыруға, бір-бірінің ойын тыңдауға, құрметтеуге, өзекті мәселені шешу жолдарын іздей отырып қиындықты жеңуге көмектесетін технология. Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасын терең түсініп, әдістерін тиімді пайдаланылған  кездегі жеткен жетістіктерім төмендегідей:

-оқушылар өз бетінше ізденуге үйренеді;

-сұрақ қойып, сұрақтарға жауап беруге дағдыланады;

-ынта-ықыластарын одан әрі дамытуға мүмкіндік жасалады;

-ақпаратты саралауға, жүйелеуге дағдыланады;

-оқушылардың сын тұрғысынан ойлау әрекеттері, шығармашылық белсенділіктері бағаланады.

Оқытушының негізгі мақсаты-оқушының қызығушылығын арттыру, білімді маман дайындау. Мен пайдаланатын бұл әдістер оқытушыны да, оқушыны да ой еңбегін дамытып, ізденуге жетелейді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Астана, 2007
  2. Қазақстан мектебі №6-2015
  3. Қазақстан мектебі №9-2015
  4. Кәсіптік мектеп №5-2016

 

Такесова А.К.

Батыс Қазақстан инженерлік- технологиялық колледжі

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ