Биоәртүрлілікті сақтау

0
5792

Қазақстанның экожүйесі Орталық Азияда және тұтастай алғанда континентте биологиялық әртүрлілік бірегейлігімен ерекшелінеді.Өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің жоғалуы генетикалық деңгейдегі әртүрлілікті жоғалтуға және экожүйелердегі тиісті өзгерістерге әкеледі. Биоәртүрлілікті іc жүзінде жоғалтудың негізгі себебі өмір сүру ортасының жойылуы және тозуы, ең бастысы, ормандарды жою, топырақтың эрозиясы, ішкі және теңіз су айдындарының ластануы, өсімдіктер мен жануарлар түрлерін тым көп тұтыну болып табылады. Таяуда ғана өсімдіктер мен жануарлардың бөгде түрлердің жерсінуі де биоәртүрлілікті жоғалтудың алаңдатар жәйі деп танылды.Биоәртүрлілікті сақтау үшін Қазақстан Республикасы 1994 жылы Биоәртүрлілік жөніндегі конвенцияны бекітті, биологиялық әртүрлілікті сақтау және теңгермелі пайдалану жөніндегі ұлттық стратегия мен іс-қимыл жоспарын әзірледі.Биоәртүрлілікті сақтаудың неғұрлым тиімді шарасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру болып табылады. Республиканың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының ауданы 13,5 млн. гектарды немесе барлық аумақтың 4,9%-ін құрайды, бұл биологиялық әртүрліліктің экологиялық теңгерімін сақтау үшін тым жеткіліксіз және 10%-ті құрайтын әлемдік стандарттардан төмен.Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын дамыту мен орналастыру тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға дейін олардың алаңын 17,5 млн. гектарға дейін ұлғайту көзделген, бұл республика аумағының 6,4%-ін құрайды.Қазақстанда биологиялық әртүрлілікті сақтау мақсатында биоәртүрлілік объектілерінің жай-күйін бағалау және түгендеу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың желісін ұлғайту және қазіргі табиғи және антропогендік процестерді ескере отырып, оларды жасанды молықтыру және бұзылған аумақтарда қалпына келтіру жолымен табиғи популяциялардың сирек түрлерін сақтау, елдің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи және мәдени мұрасы және «Адам және биосфера» бағдарламасы шеңберіндегі биосфералық аумақтар тізіміне енгізу жөніндегі шараларды іске асыру қажет,Республика аумағының небәрі 4,2%-ін алатын Қазақстанның барлық ормандарының ерекше экологиялық, ғылыми, рекреациялық, эстетикалық және мәдени мәнін, сондай-ақ биологиялық әртүрліліктің табиғи резерваттары ретіндегі олардың орасан рөлін ескере отырып, оларды ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесіне көшіру жөніндегі шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бұл үшін 2006 жылға дейін мемлекеттік биосфералық резерваттардың желісін қалыптастыру бағдарламасын әзірлеу қажет.Соңғы уақытта, әлемде кең таралған генетикалық өзгерген организмдер мен өнімдерді әкелу Қазақстан үшін елеулі сыртқы қатер болып отыр. Бүкіл әлем бойынша генетикалық өзгерген организмдер мен өнімдердің кең таралу қауіптілігін ескере отырып, Биоәртүрлілік жөніндегі конвенцияның Биоқауіпсіздік жөніндегі Картахена хаттамасы қол қоюға алынды. Қазақстанның Картахена хаттамасына қол қоюы өзге елдердің біздің еліміздің аумағында генетикалық өзгерген организмдер мен өнімдерді трансшекаралық өткізуімен байланысты қызметті жүзеге асырудағы жауапкершіліктерін арттыруға, оларды елге әкелуге жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауға, зерттеулер мен ғылыми-техникалық әзірлемелер ісінде өзара көмекті, сондай-ақ биотехнологиялар саласындағы ақпарат алмасуды қоса, халықаралық тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Осы Тұжырымдаманың айтылған ережелерін іске асыру қоршаған орта объектілерін сақтауды, оны белгілі бір тұрақтылық деңгейінде ұстап тұруды, өзін-өзі реттеу қабілеті мен жанды және жансыз табиғат түрлерінің, оның ішінде жойылу қаупі төнген тіpі организмдер геноқорының көптүрлілігін сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ