Биосфера туралы түсінік

0
2312

Жердің тірі ағзалар мекендейтін және олардың әсерінен өзгерген қабығы биосфера деп аталады (грекше биос – тіршілік, сфера – шар). Тіршілік, яғни биосфера атмосфераның төменгі қабатын, бүкіл гидросфераны және литосфераның жоғарғы қабаттарын қамтиды.

Жер бетіндегі тіршілік иелерінің таралуы әртүрлі. Мысалы, мұхиттағы тіршілік тұңғиыққа дейін, тіпті ең терең шұңғымаларда да бар. Тіршіліктің таралуының ең жоғарғы шекарасы – озон қабаты, ең төменгі шекарасы – Мариан шұңғымасы. Тіршілік, көбіне, құрлық беті мен гидросфераның беткі қабатында таралған.

Тірі организмдер мен олардың тіршілік ортасы тығыз байланысты. Биосфераны құрайтын тірі организмдер шартты түрде екіге бөлінеді: өсімдіктер жамылғысы мен фауна – жануарлар дүниесі. Материктерде жасыл өсімдіктердің, ал мұхиттарда жануарлардың үлес салмағы басым.

Географиялық қабық дегеніміз – Жер шарының біртұтас қабығы. Оның құрамына атмосфераның төменгі қабаты, литосфераның жоғарғы қабаты, гидросфера мен биосфера кіреді, олар бір-бірімен өзара тығыз байланысты және олардың арасында ұдайы зат және энергия айналымы жүріп отырады.

Табиғат компоненттері, атап айтқанда, ауа, су, топырақ, өсімдіктер мен жануарлар өзара күрделі байланыса отырып, табиғат кешендерін құрайды. Мысалы: мұхит, теңіз, орман т.б.

Табиғат кешені дегеніміз – өзара күрделі байланыста әрекет ететін табиғат компоненттерінің өзіндік ерекшеліктерімен көзге түсетін жер бетінің бір бөлігі. Ең ірі табиғат кешені – географиялық қабық. Географиялық қабық төрт бөліктен тұрады: литосфера, атмосфера, гидросфера, биосфера.

Географиялық белдеулер климаттық белдеулерге сәйкес келеді және солардың атымен аталады. Солтүстік және оңтүстік жарты шарлардың әрқайсысы 4 негізгі географиялық белдеуге бөлінеді. Олар: экваторлық, тропиктік, қоңыржай және полярлық белдеулер. Негізгі географиялық белдеулердің аралықтарын өтпелі белдеулер бөліп жатады. Өтпелі белдеулерге «суб» (латынша – кіші, таяу) деген сөз қосылып айтылады.

Экваторлық белдеу экватордың екі жағын бойлай созылып жатыр. Климат жағдайлары жыл маусымдарына бөлінбейді.

Субэкваторлық белдеу жаңбырлы жаз маусымы мен құрғақ жылы қыс маусымдарына бөлінеді.

Саваннада тығыз өскен биік шөптесін өсімдіктер мен сирек те болса ағаштар кездеседі. Жаңбырлы кезеңде саванна түрленіп, қызу тіршілік ортасына айналады. Құрғақ кезең басталысымен саванна қурап, ағаштар жапырағын түсіреді. Солтүстік және оңтүстік жарты шарлардың 20-30° ендіктер аралығын тропиктік белдеу алып жатыр. Материктердің ішкі және батыс бөліктерінде бұл белдеудің шегінде тропиктік шөл зонасы қалыптасқан.

Субтропиктік белдеу солтүстік және оңтүстік жарты шарларда 30-40° ендіктерде, тропиктік белдеу мен қоңыржай белдеулердің арасында орналасқан. Қоңыржай белдеу солтүстік жарты шарда аса үлкен аумақты алып жатыр, ал оңтүстік жарты шарда аз орынды алады. Қоңыржай белдеу шөл, дала, орман зоналарынан тұрады.

Шөл – Азияда, Солтүстік және Оңтүстік Америкада таралған. Шөл зонасының климаты құрғақ, ылғал тапшы, жылдық жауын-шашын мөлшері 100 мм құрайды.

Дала зонасы – солтүстік жарты шарда, Еуразия мен Солтүстік Америкада кең алқапты алып жатқан табиғат зонасы. Ол көбінесе шөптесін өсімдік өсетін, ормансыз, жазық алқапты болады. Сондай-ақ, егіншілік пен мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік береді.

Орман зонасы дала зонасы мен тундра зоналарының арасында.

Субполярлық белдеу солтүстік жарты шарда, Еуразия мен Солтүстік Американың шетін алып жатыр. Бұл белдеуде ең жылы айдың орташа температурасы +10°C-тан аспайды.

Полярлық белдеу солтүстік пен оңтүстік полюс төңіректерін қамтиды. Климат жағдайлар өте қатаң, жаппай мұз басып жатыр.

Биіктеген сайын ауа температурасы мен ылғал мөлшері өзгеріп отырады. Тауға өрлеген сайын табиғат зоналарының ауысып отыруын биіктік белдеулігі деп атайды. Таулардағы биіктік белдеулерінің саны таулардың географиялық орны мен биіктігіне байланысты.

Экология грек тілінен аударғанда «эйкос» – үй, «логос» – ғылым деген мағынаны білдіреді. Экология тірі ағзалардың қоршаған ортамен қарым қатынасын зерттейді.

Барлық табиғи кешендер белгілі бір дәрежеде адамның шаруашылық әрекетінің әсеріне ұшырайды. Сондықтан адамның шаруашылық әрекетінің әсеріне ұшыраған табиғат кешендері антропогендік табиғат кешендері деп аталады. Антропогендік табиғат кешендеріне егістіктер, бау-бақша, саябақ, су қоймалары мен каналдар жатады.

Табиғат кешені

Антропогендік табиғат кешендері

Дереккөз: iTest.kz

География пәні бойынша басқа да ақпараттар: 

  1. Географиялық зерттеулерде матрицалық әдісті қолданудың әдістемелік ерекшеліктері
  2. Жердің ең сыртқы қатты қабаты. Литосфера туралы түсінік

  3. Жер-күн жүйесінің ғаламшары

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ