ҰБТ өмір соңы емес

0
1629
Иллюстрация: Freepik.com

Қазір кез келген оқушы сары уайымға салынып, күтіп жүрген ҰБТ тестіне санаулы айлар қалды. Иә, ҰБТ-дан алған балың бойынша сенің қай жоғары оқу орнына түсетінің белгілі болады.     

-“Жоғары балл алсам ғана өзімнің қалаған мамандығым бойынша оқимын.”           

-“Тек грант ұтып алсам ғой.”                                                                                               

 -“ Ата-анама жүк болғым келмейді.”                                                                           

-“Ата-анамның үмітін ақтасам екен”- деген сынды ойлар мазалап, уайымға салынып жүрген шығарсың. Сенің жағдайыңды түсініп-ақ тұрмын. Себебі көбіміз бұл кішігірім өмірлік сынақтан өткенбіз. Сондықтан, құрметті талапкер, менің кішігірім кеңесіме құлақ асқайсың!  

ҰБТ тест бұл  өмірдің соңы емес. Алда әлі талай өмірдің қызығы мен шыжығын көресің. Бұл ҰБТ-ны алдыңда тұрған жол деп есепте. Егер сол жолдан өтпей қалсаң, қынжылма! Білім алудың, ата-ананың үмітін ақтаудың, маман иесі болудың түрлі жолдары бар.  Іздесең, әлбетте оны табасың! Сенің жетістікке жетуің ҰБТ-дағы баллға байланысты емес, өзіңе байланысты.

Жан-жағыңа зер салсаң, қазір жетістікке жеткен тұлғалардың өмірінде түрлі сынақтар болған. ҰБТ-дан төмен алып, бірақ қазір өз мамандығы бойынша жетістікке жетіп жатқандар қаншама…

Сондай бір мысал, мектепте ҰБТ-дан оқушылар арасында  ең төмен балл алған қыздың оқиғасы:      «Бүгін ҰБТ тапсыратын күн. Жүрегім жәй табар емес. Осы күнге қанша дайындалдым. Қосымшаларға қатысып, 7-8-9 сыныптың кітаптарын қайталап, тест талдап жүруші едік. Енді соның жемісін көретін күн келіп жетті.  Үйден ерте шығып, мектепке бет алдым. Мектепте барлығы жиналып алыпты. Барлығының айтар сөзі – ҰБТ, тест, шпор, сотка, т.б. Автобусқа мініп, тест тапсырар орынға жол тарттық. Автобус іші тым-тырыс. Мұғалімдер мен ата-аналар барынша қолдау көрсетуге тырысты.  Барар жерімізге жетіп, басқада оқушылар қатарына қосылдық. Оқушы саны көп болған соң, ұзақ күту керек болды. Содан болар, қобалжу кетіп, қалжыңдай бастадық

. Алайда темір есікке кезегіміз жеткенде, қалжыңымыз судай шайылды. Ол жерден қалай тез өтіп кеткенімді де сезбей қалдым. Қарасам жоғарыға баспалдақпен көтеріліп келе жатырмын. Керек кабинетті тауып, өз орныма жайғастым. Күнделікті  көріп жүрген тест кітапшасы  қолыма берілді. Ішімнен оңай нұсқасы болсыншы деп парақтай бастадым.

  Ашып қарап, білетін сұрақтарыма жауап бердім. Өкінішке орай, білмейтін сұрақтарым көп болып шықты. Қолым дірілдей бастады. Жан-жағыма көмек іздегендей айналшықтай беріп едім, бақылаушыдан ұрыс естіп қалдым. Өзің қатты қобалжып тұрғанда, ұрыс естіген бөлек екен. Одан әрі уайымға салынып кетеді екенсің. Сұраққа жауап бере алмай, көзіме жас келді. Қарасам, жанымда отырған қызда жылап отыр екен. Екеуіміз бір-бірімізге жасаураған көзбен қарап, күліп жібердік. Барлық жерден қысым сезілді. Далаға шығып, ауа жұтқым келді.

Сол ойдың жетегімен тез белгілеп, дәретханаға кіріп, бетімді суық сумен жуып алдым. Салқын су жақсы әсер беріп, сабырға келдім. Тысқа шықтым. У-шу. Ата-аналар балаларын күтіп тұр екен. Маған анам келмеймін деген соң шығар жолды іздеп жатқан едім.  Кенеттен анам алдымнан шыға келді. Анамды құшақтап, жылап алдым. Бір күндік стресс сол көз жасыммен шыққандай болды. Үйге жол тарттық. Өзім іштей төмен алғанымды біліп тұрдым. Бірақ үміт үзілмеді…       

  Тест жауабы шығатын уақыт келді. Сайтқа кірдім. Қажет деректерді теріп, экран бетіне үмітпен қарадым. Тест бағасы – 4о. Сыныптастар бір-біріне баллдарын айтып, қуануда. Алайда, менде мүлде басқа сезім. Болашағымнан айырылып қалғандай күй кештім. Ата-анамнан қатты ұялдым. 4о балл тіпті ақылы оқу орнына жетпейтін еді.

Не істерімді білмедім… Бірақ бұл уақытша еді. Ата-анамның, бауырларымның қолдауымен,  2-ші рет тапсырып, ақылы оқыдым. Жұмыс істеп, ата-анама қаржылай көмектесіп жүрдім. Жаңа орта, жаңа достар таптым. Түрлі қызық естеліктер, оқиғалар, қиындықтар өткердім. Қазір артқа қарап, ойлансам, ҰБТ-дан құлағаныма қуанамын. Алла Тағала хайырлысын біледі, біз білмейміз деген рас екен.

Егерде сол тесттен төмен балл алмағанымда, қазір менің жанымда менің сүйікті достарым болмас па еді. Жүрегімді жылытып тұратын түрлі естеліктер, қызық оқиғалар т.б. менде болмас па еді?  Сондықтан да, сары уайымға салынған талапкер, ҰБТ бұл өмірдің бір қызығы. Қазір қиын бір кедергі болса, бұйыртса уақыт өте күлкілі  бір естелік  болады. Сәттілік!»


ПІКІР ҚАЛДЫРУ