Дүңгіршек — көпжылдық, тамыры жоқ, «жыртқыш» су өсімдігі. Оның 200-дей түрі белгілі. Қазақстанда 3 түр кездеседі.
Ол суда қалқып өседі. Гүлі — сары түсті. Жапырақтарында ашық жасыл реңдес көбік тәрізді дүңгіршіктері болады. Бұл өсімдікті сол себепті де дүңгіршек деп атаған.
Оның дүңгіршіктерінде саңылаулар орналасқан. Саңылаулардың шет жағында тармақталған ұзын қылы бар. Оны «дарвин антеннасы» деп атайды. Саңылаулардың төменгі жағы қалың келеді. Ал жоғарғы бөлігінен қысқа әрі жіңішке созылмалы қалқаншаларды көруге болады.
Осы қалқаншаларында жабысқақ және тәтті дәмі бар зат шығаратын бездер орналасқан. Бұл ұсақ жәндіктерді өзіне тарту үшін қажет. Дүңгіршектің ішке қарай ашылған қалқаншасы арқылы сумен бірге кірге жәндіктер кері шыға алмай өсімдікке қорек болады. Қоректенген сайын дүңгіршек жайыла түседі.
Дүңгіршектер көп өсетін суларда азықтың жетіспеуі салдарынан балықтар аз кездеседі.
Таушешек — көпжылдық өсімдік. Ол кейде «шала бұта» деп те аталады.
Биіктігі — 25 см кейде 40 см-ге дейін барады. Түзу өскен сабағында ашық жасыл түсті сопақша жапырақтары болады. Тік сабағының ұшында қызыл түсті жиырма шақты майда түтікше тәрізді гүлдері жетіледі. Түтікшенің сырты ашық қызыл, ал ішкі жағы ақшыл түсті болып келеді.
Соңғы кездері ғалымдар өсімдіктер мен сирек кездесетін металдар арасында тығыз байланыс бар екенін анықтады. Мысалы, кейбір өсімдіктер арқылы уран, селен және тағы да басқа сирек кездесетін металдарды табуға болады. Өсімдіктің бойынша қанша металл жинағанын анықтау үшін оны жағып, күлін зерттейді.
Таушешектің тағы бір керемет ерекшелігі бар. Геологтар қазба жұмысын жүргізер алдында осы өсімдік жиі кездесетін аймақтарды ескере отырып, олардың таралу картасына қарайды екен. Себебі бұл өсімдіктің тарамданған тамыры өте тереңге жайылып, бериллий еріге сумен қоректенетін көрінеді. Сондықтан геолагтар таушешекөскен тоғай көрсе, сол жерде табиғатта сирек кездесетін металл — бериллийдің қоры жатқанын біледі.
Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т