Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.

0
9092
Иллюстрация: Freepik.com

Әдебиеттің сөз өнері ретіндегі өзіндік ерекшеліктері бар. Өмір құбылыстарын бейнелеу мүмкіндігінің молдығы, себебі. Әдебиет туралы ғылымның үш саласы, мақсаты, өзара байланысы. Әдебиеттің негізгі және жанама салалары.

Әдебиет туралы ғылым негізінен, мынандай үш түрлі ғылыми салаларға бөлінеді: әдебиет теориясы, әдебиет тарихы және әдебиет сыны

Әдебиет теориясыкөркем әдебиеттің болмысы мен бітімін, әдеби шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін байыптайды. Әдебиеттің өзіне тән ерекшелігін, оның қоғамдық қызметін, көркем шығарманы талдаудың қағидалары мен тәсілдерін, әдеби жанрлар мен оның түрлерін, өлең жүйелерін, тіл мен стиль, әдеби ағым мен көркемдік әдіс мәселелерін әдебиет теориясынан ғана танып-білуге болады.

Әдебиет теориясының ереже секілденген эстетикалық қағидалары мен қисындары — әшейін ойдан туа салған нәрсе емес, әдебиет тарихы арқылы табылып, тексеріліп, жүйеленген ұшан – теңіз нақты әдеби деректерді терең талдау, байыптау нәтижесінде қорытылған толғамдар, түйін – тұжырымдар.

Әдебиет тарихы, сөйтіп, жеке алғанда, бір елде, жалпы алғанда, бүкіл адам баласының тарихында көркем әдебиеттің қалай пайда болғанын, қайтіп қалыптасқанын, қандай жолдармен дамығанын зерттейді. Қай халықтың болсын, атамзаманындағы сәбилік шағында , жазу-сызуы жоқ кезінің өзінде ауыз әдебиеті өрбігені, одан ілгерілей келе жазба әдебиеті туып, дамығаны мәлім.

Әр халықтың осындай көркемдік сапарын саралайтын да, сын көзбен сұрыптайтын, сарапқа салатын да әдебиеттің тарихы. Сонымен қатар, бұл ғылым әр дәуірдің әдеби нұсқасына тарихи тұрғыдан қарап, оның сапасын сол тұстың сана сатысына, ой өрісіне байланыстыра тексереді. Олай етпей, ауыз әдебиетінің нұсқалары болсын, жеке жазушылар шығармашылығы болсын, әділ бағаланып, әдеби дамуындағы өзіне лайық орнын алу мүмкін емес.

Әдебиет теориясының толғамдары әдебиеттің тарихын негізге алумен бірге, әдебиеттің сынымен де тығыз байланысып жатады.

Әдебиет сыныәрқашан дәл өз тұсындағы әдебиеттің тірі процесіне белсене араласып, нақты әдеби туындыны жан-жақты талдау, оның идеялық көркемдік құнын белгілеу, өз кезеңінің эстетикасы үшін мәні мен маңызын анықтау арқылы, бір жағынан, жазушыға жазғандарының бағалы қасиеттерін, ерекшеліктері мен кемшіліктерін көрсетіп, оның шығармашылық өсуіне тікелей қолғабыс жасаса, екінші жағынан оқырмандарды оқығандарының байыбына барып, оны жете түсініп, дұрыс бағалауға баулиды.

Бұл ретте, сыншыны жазушы мен оқырманның екеуіне ортақ – ара дәнекер десе де болар еді. Бірақ бұл аз. Сыншы – қалың оқырманның өскелең талабы мен талғамының жаршысы, әдеби құбылысты жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан пайымдайтын қоғамдық ой-пікірдің озық өкілі.

Олай болса, жалпы әдебиетті дамытудағы сыншының күші, жазушыға тигізер сынның ықпалы оның оқырманға тигізер әсеріне, қалың көпшіліктің көркемдік талғамын қалыптастыруға тығыз байланысты.

Сын тек жазушы үшін ғана емес, оқырман үшін де жазылады. Оның көркем шығармаға қосалқы комментарий емес, өз алдына жеке шығарма болып табылатыны да сондықтан.

Әдеби сында көркем шығарманы бағалаудың жолдары, тәсілдері, шарттары бар. Белгілі бір критерийлері бар. Біреулер көркемдік критерий дегенді әдеби шығарманың кемшілігін ғана  қазбалау деп ойлайды. Бұл – қате ұғым. Көркемдік критерий, ең алдымен, әдеби шығарманың бағалы жағын көре білу. Сынның ең қиын міндетінің өзі – осы.

Кез – келген шығармада болатын үлкенді–кішілі кемшілікті табу бәрінен оңай. Ал шығарма несімен жақсы екенін белгілеу, оның нағыз поэтикалық сұлулығы мен сырлылығы неде екенін анықтау бәрінен қиын. Бұл сынның берік қағидасын, зор мәдениетін, нәзік түсінігін, өрелі ойын, терең білімін, биік талғамын керек етеді.

Әдебиет туралы ғылымның жоғарыда сөз болған негізгі салаларынан басқа жанама тараулары да бар. Олар – текстология, историография және библиография.

  Текстологияәдеби туындылардың тексін зерттеп, танудың қағидалары мен тәсілдерін жинақтайтын арнаулы ғылыми пән. Текстология — көркем шығарманың тұрақты түп нұсқасын белгілейді, оның автор қолымен жасалған соңғы редакциясын анықтайды, әр алуан вариантын  өзара салыстырады, әр басылымын автографпен салыстырады, текстің автор еркінен тыс қысқарған жерлері немесе бөгде қолмен орынсыз өзгертілген тұстары болса, қалпына келтіреді, түпнұсқаны көшіріп басқандар мен әріп терушілер тарапынан кеткен емле қателері болса да ұқыппен түзеп отырады. Бұл ретте, «текстологияның ең негізгі өзекті мәселесі екеу; бірі – ғылыми мақсатпен, екіншісі практикалық мақсатпен байланысты.

Историографияәдебиет теориясының, тарихының, сынының ғасырлар бойы тарихи дамуы туралы дәйектемелер мен деректер, мәліметтер мен материалдар жинағы, мұның өзі көбіне бірыңғай ғылыми мақсат үшін керек. Әдебиеттің теориясына, тарихына не сынына қатысты қандай арнаулы мәселе болсын, оны зерттеудің көлемі мен тереңі, мәні мен маңызы сол мәселенің историографиялық материалының мөлшері мен мазмұнына қарап белгіленеді.

   Библиография – көркем әдебиеттің өзіне және әдебиет туралы ғылымға байланысты көрсеткіштер мен анықтамалар, шолулар мен сілтемелер жиынтығы. Бұл да көбіне ғылыми мақсат үшін керек. Әдебиет пен әдебиеттану тарапындағы қандай арнаулы зерттеулер болсын, оған қажет нақты материалдардың – текстер мен тексерулердің, сын мақалалар мен зерттеу еңбектерінің бәрін библиографиялық көрсеткіштер мен анықтамалар арқылы іздеп тауып, пайдалануға болады.

Әдебиеттану – қоғамдық ғылымдар ішіндегі өзіне тән өзгешелігі орасан мол, қиын әрі күрделі ғылым.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ