Өнерінің эстетикалық табиғаты

0
2660
Иллюстрация: Freepik.com

Классикалық антика дәуірінде өнердің эстетикалық ерекшеліктері қалай зерттелгенін талқыға салмас бұрын сол антикалық кезеңдегі театр, музыка, сәулет өнері, мүсін және сурет өнері қалай жасалды.

Оларды қандай эстетикалық талғамға негіздеп жасады, ол туындылар қандай көркемдік қажеттіліктерге жауап бере алды деген мәселелер төңірегінде ойланып алғанымыз жөн. Біз классикалық антика кезеңі деп біздің жыл санауымызға дейінгі ҮІ ғасырдан ІҮ ғасырға дейінгі аралықты, яғни грек ақсүйектер полисінің гүлденуі мен құлдырап қирауына дейінгі екі жүз жылдан , аса уақытты қамтитын кезеңді атаймыз.

Әлемдік классикалық әдебиетгің басында тұрған Эсхил, Софокл, Еврепид, Аристофан секілді драматургтер дәл  осы уақытта сөз өнері аспанында жарқырай көрініп, ертедегі гректердің трагедия және комедия жанрларын бұрын адамзат баласы қол жеткізе алмаған : шырқау биіктерге көтерді. Бейнелеу өнері де ерекше қарқынмен дамыды.

Сурет өнері туындылары біздің заманымызға дейін сақталып жетпесе де сол кезден қалған жазба деректер Аполлодор, Полигнот, Зевксис сияқты әйгілі шебер суретшілердің болғаны туралы маңызды мәліметтер қалдырған. Сол көне дәуірдің өзінде гректерде суреттерді сақтап, көрме өткізетін| «Пинакотек» деп аталатын арнайы ғимараттар болған деседі.

Жылына бірнеше рет сурет өнерінің көрмелері ұйымдастырылып, бейнелеу өнерінің майталман білгір сьшшылары салынған суреттердің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы өз ой-пікірлерін ортаға салатын болған. Ол нағыз өнер мерекесі ретінде тойланып, шебер суретшілер жүлде алып, атақтары шартарапқа жайылып жатады екен. Ал «тастан қашалған адамдар мен жан-жануарлардың мүсіндері көшеде жүрген тірі адамдардан да көп еді» деген Плутархтың сөзі сол замандағы грек халқының өнерге деген керемет ынта-ықыласын, көзқарасын айқын танытса керек. Сол кезден қалған дене бігімі сымбатты ер жігіт пен сұлу әйел мүсіндері туралы жазылған мына сипаттаманы осы арада толық келтіргенді жөн санап отырмыз.

«Монументтік мүсінге ерекше тән ер жүрек атлет-сарбаз типі б.э. бұрынғы VI ғасырдың бедерлі бейнелерінде жиі кездеседі. Б.э. бұрынғы 510 жыл шамасында афинылық шебер Аристокл Аристионның бейнесі сальгаған мәрмәр құлпытас жасады. Оның кеудесіндегі қалың был ғары сауытының астынан хитоны көрінеді, басында дулыға, аяғында қола саптама сауыт.

Сарбаз найзаға сүйеніп түр, ол бар тұлғасымен ұзынша тақта тасқа келісті ойылған. Шебер Аристионның бет әлпетін, қолының саусақтары мен аяғының башпайларын, бұлшық еттерін айқындап тұрған хитонының нәзік күлтелерін таңғажайып өнерпаздықпен сомдаған. Шынайы өміршең көріністерді берудегі айрықша бір сүйіспеншілік бейнеге тұтастық дарытып тұр. Бедер сырланған. Сарбаздың сәнді шашында, сақалы мен қару-жарағында қызғылт сырдың ізі сақталған. Писистрат пен оның балаларының тираниясы заманында афинылық құл иеленушілердің нәзік эстетикалық талаптарына гректер кора деп атаған қыздардың тамаша мәрмәр мүсіндері жауап оерді.

Афины абызтайларын бейнелейтін олар Акропольдегі тәңірия храмында түрды. Мұндай мүсіндердің бірнеше ондағаны табылды. Олардың көбісі б.э. бұрынғы VI гасырдың екінші жартысына, Аттикада иониялық ше-берлер жұмыс істеген кезге жатады. Бізге аты беймәлім талантты аттикалық бәдізшінің қолынан шыққан кораның мүсіні әмбеге аян. Ол б.э. бұрынғы 530 жыл шамасында парос мәрмәрінен қашалған. Шебер жүн матадан пеплос (лыпа) киіп, белін қынай буған қыздың қимылсыз қалпындағы кескінін бейнелеген.

Оның иығында қалыңдау материалдан тігілген желбегей, лыпасының астынан нәзік сызықтармен тартылған кенеп хитоны байқалады. Хитонның төмен қарай төгілген етегі қыздың сұңғақ пішінін айқындай түседі. Қыз басына сән берген қола шір сақталмаған, құлағында сырғасы болған, сол қолына шір немесе бұтақ ұстап тұрған. Мүсінші мәрмәрда қыздың албыраған жүзін, ықшалау, баданадай көз жанарын, қиғаш қасы мен сәл езу тарта жымиған ойлы күлкісін таңғажайып нәзіктікпен жеткізген. Бақырая қараған ашық жанары мен бетінің алмасындағы иірім шұқыры өңіне аңғал пәктік, рухани айқындық береді.

Кора бейнесі шынайы шаттығымен, баурап алатын жастық шақ сұлулығымен көз тартады. Мәрмәрдің алтындай жайлы түсі иығына төгілген шашының қызыл күрең реңіне тамаша жара сады. Мүсінге жағылған сыр талғампаз өнерді танытады. Қас-кірпігі қара, көзі мен ерні қоңыр, желбегейінің жиегі жасыл сырмен боялған. Осының бәрі мүсінге мерекедегідей шат-шадыман өң беріп, жайнатып түр» [5. С. 80-81].

Бірақ ежелгі Грекияда кезінде шарықтап дамыған өнердің бірі — музыка өнері туралы бізге жеткен дерек-тер мардымсыз. Антикалық көркем мәдениет, соның ішінде эстетика неге классикалық деп аталды? Классика дегеннің өзі не нәрсе? Гегель аталған термин жайлы терең толғана келіп: «Үжымдық мақсаттар мен қүндылықтар жеке түлғаның мақсаттары мен құндылықтарымен тең дәрежеде болатын қоғамдық жағдай мәдениет тарихында классикалық деп аталады», — деген қорытынды жасаған екен. Біздіңше бүл сол дәуірдегі өнер дамуының ерекшелігін терең тал дап түсінген соң, аталған кезең мәдениетінің табиғатын дүрыс танығаннан кейін барып айтылған ең дүрыс пікір деп ойлаймыз.

Расында да ежелгі Грекияның классикалық дәуірінде антикалық полистер гүлденіп, өркендеді. Онда өмір сүрген жеке адамның мақсат-мүддесі күллі қоғамның мақсат-мүдделерімен үйлесімділікте болды. Антикалық полис азаматы өз полисінде өзін қауіпсіз, еркін сезінді. Өйткені оның жеке басын, құқығын, мақсат-мүддесін полис қорғады, қоғамдық қатынастарда әділдік үстемдік құрды, мемлекет пен жеке адам мүдделері бір-бірімен тығыз байланыста, тең дәрежеде өмір сүрді. Осыдан келіп обьективті және субъективті жағдайлар бір-біріне кірігіп кетті, іштей үйлесім тапқан өзгеше үлгі, өлшем . пайда болды.

Мысалы, біз XV ғасырдағы Италия өнеріне немесе |XVIII ғасырдағы Франциядағы көркем шығармашылық жайлы «классикалық» деген анықтаманы қолданғанда ; жоғарыдағыдай жеке адам мен қоғамдық мақсат- ‘мүдделердің гармониялық бірлігін еске түсіреміз. Ол классикалық деген ұғым үшін өлшем, үлгі, өнеге іспетті.

Неліктен антикалық өнер күллі өнер атаулының бастауында тұрса да өзінен кейінгі көркемдік дамудың барлығына бірдей үлгі болып қалды? Себебі

антикалық көркемдік сана синкретті сипатта болды, өзінің табиғи бітімі мен болмысы тұрғысынан түтастығымен, бүтіндігімен ерекшеленді. Күні бүгінге дейін жеткен өнердің омірдегі негізгі талғам-таразысы мен ерекшеліктерін айқындайтын барлық категориялар өз негізін антикалық кезеңнен алады. Ол дәуірде эстетикалық ләззат алу деген нәрсенің өзі әлі жеке мәселе ретінде қарастырыла қоймаған еді.

«Эстетикалық» деген түсініктің өзі синкретті сипатта болды. Олардың түсінігінде көркем шығармашылық пен күнделікті өмірде адамгершілікке сай іс істеу, адамдар арасындағы дұрыс, маңызды қатынастар эстетикал ық қасиеттер ретінде қабылданды. Сондықтан да өнер өмірдеп мәнді рухани қажеттіліктер үшін қызмет етті. Ол қажеттіліктер құқықтық санадағы азаматтарды тәрбиелеу, отанын қорғайтын жауынгер азаматтарды тәрбиелеуге негізделген болатын.

Сол себепті антикалық дәуір эстетикасында өнердің әлеуметтік әсер ету теориясы, кейде көркемдік тәрбие идеясы ерекше дәріптеліп, халықтық қолдауға ие болды. Сол антикалық тәрбие мектебінен Сократ, Платон, Аристотель сияқты данышпандар тәрбие алды. Антикалық өнер теориясын солар жасады. Сократтың әсемдік туралы «әдемі нәрсе қажетке жарамды нәрсе» деп қазіргі адамдар үшін қарапайым болып саналатын байлам жасауының да сыры осында деп ойлаймыз.

Антикалық дәуір адамдары ең жетілген құбылыстың эстетикалық сипаттамасы ретінде «калокагатия» де-ген өз категорияларын ойлап тапты. Ол адамгершілік пен әсемдіктің бірлігін танытатын ұғым болатын. Орта ғасырда мір сүрген Отырарлық данышпан ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің адамгершілікті, тәрбиені біліммен ұштастырған пікірінің астарында сол ежелгі

грек ойшылдарының ертеде қалыптасқан пікірлерімен астасқан ойдың жатқанын да аңғарғандай боламыз.

Қоғамдық ортада адамгершілік принциптердің қатаң сақталуы, адамдар арасындағы сыйластық, бірлік, ізеттілік сияқты жағымды моральдық қатынастардың болуы өнерде ғана емес, ғылым мен саясатта да үлкен жетістікке жетудің кепілі саналған. Сондықтан да ежелгі батыс, шығыс әдебиегімен терең таныс болған Абай «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең  істің бәрі бос» деген өсиет қалдырған.

Платон түсініктеме шығару үстінде (шығармашылық акт) буырқану, арқасы қозу кейпінде болады. Ол өлең шығарғанда өзінің бұрынан жаттап алғандарын ғана айтып қоймайды, оны оның бойындағы қалыптасқан шеберлік те өзгеше күйге түсіре алмайды, оны тек құдайдың тылсым күші ғана өз дегеніне бағындырып, шабытты күйге ендіреді.

Әдебиет туралы ғылымның, дәлірек айтқанда, оның ғылыми жұрнақтарының шығу тарихының әріде жатқаны мәлім. Қай халықтың тарихын алсақ та бәрібір, оның баяғы бабалар дәуірінен басталатын ауызекі көне әдебиетінің туу, қалыптасу, даму кезеңдерінің әр тұсында сөз өнері туралы толғамдар туып, кейбір эстетикалық талғамдар белгіленген. Олар кейін әр сипатта, әр жолмен, қоғамдық  таптар пайда болған тұстарда әр алуан таптық ағым мен бағытта өрбіп отырған. Әдебиет туралы ғылымның туу тарихы тым әріде жатыр.

Сөз өнері жайлы топшылаулардың туу тарихын, жалпы нерге тән қасиет хақындағы қағидалардың қалыптасу тарихын әдебиет пен өнер зерттеуші ғалымдар біздің дәуірімізден бұрынғы УІ ғасырдан, яғни Пифагор тұсынан бері қарай қарастырып, жүйелейді. Адам баласының көркемдік талғамының алғашқы белгілері грек цивилизациясынан ондаған ғасыр бұрын Нил мен Нигер, Хуанхэ мен Янцзы, Инд мен Ганг, Тигр мен Евфрат жағалауларын мекендеген көне халықтардың рухани өмірі мен өнерінен пайда болған.

Вавилон жұртының «Көрмегені жоқ кісі туралы» дастаны, үнді халқының «Ригведа», «Махабхарата», «Рамаяна» жырлары тәрізді еңбекші халықтың жер бетінде туғызған тұңғыш әдеби ескерткіштерге қарасақ, адам баласының сөз өнері, соған сабақтас көркемдік пен көріксіздік, ерлік пен ездік, жақсылық пен жамандық, білімдарлық пен надандық туралы талаптары мен талғамдарының б.з.д. 3-2 мыңыншы жылдарда туып, тұрлаулы ұғымға айнала бастағанын түсінеміз. Көне Египеттің «Ағалы-інілі екеу туралы ертегі» секілді үш мың жыл бұрынғы бабалар дәуірінің байырғы көне деректері де бар. Гректің әдемілік туралы ілімі Пифагор мен пифагоршілердің (б.з.д.УІғ.) дүниедегі зат атаулының түп мәнін санға сайған аңғарымдарынан басталады.

Ал Гераклит әдеміліктің негізі сан емес, сапа деп біледі. Тұңғыш энциклопедиялық ақыл иесі атанған Демокрит әр нәрсенің әсемдігі оның мөлшерінде деп біледі.  Демокрит бірінші болып адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынастарға ерекше назар аударып, адамдар өнер-білімді тірі табиғатқа еліктеумен тапқан деп көрсетеді. Әйгілі Сократ ойының өзгешелігі – идеалистік сипатында. Сократ әр нәрсенің ажары оның қажетке жарамдылығында деп түсінген. Платон теориясының философиялық негізі оның бұлжымас, бақи «идеялар» жайлы идеалистік және мистикалық ілімімен тығыз байланысты. Сөз өнері хақындағы Платон философиясы сын көзбен қарауды қажет етеді.

Платонның әдемілік жайлы идеалистік көзқарастарын қатал сынға алып, өзінің тың және терең эстетикалық толғамдарын қалыптастырған ұлы ойшыл Аристотель еңбегінің бүкілдүниежүзілік әдебиет пен өнер тарихында теңдесі жоқ. Аристотельдің «Поэтикасы» – өнер туралы тұңғыш философиялық-эстетикалық трактат. Мұнда поэзияның тегі, мәні, мазсұны, пішіні, әдеби шығарманың композициясы кең әрі келелі сөз болумен қатар, көркем шығарманың біраз жайлары: характер, әрекет, байланыс, шешім, шиеленіс, хабар, түйін, метафора, гипербола, фабула, аналогия талданып, тексеріледі.

Аристотель еңбегінің құндылығы да тарихта тұңғыш рет дұрыс және дәл эстетикалық принцип ұсынып, өнердің қоғамдық маңызын анықтап ашуында. Аристотельдің эстетикалық принциптерінің ең түйінді тұсы: өнердің мақсаты – ақиқатты тану, ал ақиқатты тану жолы – адамның мінезі мен ісін суреттеу деген даналық қағидасы.

Ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби бүкілдүниежүзілік білім мен мәдениет аспанында жарық жұлдыздай жарқырап, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз дәрежесіне көтерілді. Әл-Фараби «Поэзия өнерінің канондары туралы» трактатта Аристотельдің «Поэтикасын» талдап-түсіндіруді мақсат ете тұра оны рет-ретімен және егжей-тегжейлі тексермейді, ол поэзияны трагедия, комедия, драма, эпос, риторика, сатира, поэма т.б. деп бірнеше түрге бөледі де, әрқайсысына жеке-жеке жанрлық сипаттама береді.

Фараби өлең жазатындарды үш топқа бөледі: бірі – тумысынан ақпа-төкпе, ағыл-тегіл дарындар; екіншісі – туғаннан соң жетілген, өлең өнерінің барлық құпиясымен жете таныс «ойлампаз» таланттар; үшіншісі – тума қабілеті де, табиғи таным-дарыны да жоқ, жоғарғы екеуіне еліктеумен ғана жүретіндер. Ғалымның «Поэзия өнері туралы» трактаты түгелімен өлең құрылысына –  өлең өлшемдерін талдауға, өлеңдегі ырғақ пен буын мәселелерін тексеруге арналған.

Батыс Европадағы әдеби-эстетикалық ілімнің даму тарихына көз салсақ, Қайта өрлеу дәуірін ерекше атау қажет. Бұл – ғылым мен техниканың, әдебиет пен өнердің дүр сілкініп, дүрілдей дамыған дәуірі. Қайта өрлеу дәуірінің ой-санасынан, күллі ғылымы мен тәжірибесінен туған теориялық түйін – атақты Декарт философиясы. Әдебиет пен өнер туындыларындағы әсемдікті Декарт олардың бүкіл мазмұн-пішініндегі бүтіндік пен бірлікте, симметрия мен гармонияда деп білді.

Ал француз классицизмінің ірі теоретигі Никола Буало Декарт рационализмін өзінің эстетикасы мен поэтикасына негіз етіп алды. Кезінде бұл еңбек классицизмнің әдеби манифесі деп танылды. Буалоның «шындықтан асқан сұлулық жоқ» деп, суреткерден тек шындықты талар етуі, бұл ретте сөз аяғын ұйқастырғандардың бәрі ақын емес деп өлең өнеріне өз тұсының көркемдік талғамын белгілеуі – жалпы эстетиканың даму тарихындағы үлкен жетістік.

Дени Дидро керісінше, сарай аристократиясының сұлулық талғамы мен талабын аяусыз сынға алды, қалың бұқара рухын жақтады. Оның теориялық толғамдары демократиялық сипатта болды. Ол шын суреткерге тұп-тура «сен әрбір қимыл-қарекеттегі ұлылық пен сұлулықты мәңгіге дәріптеуің керек, талайсыз-бақсыз қор болған ізгіліктің абыройын сақтауың қажет, рақат пен құрметке бөленген кеселді кескілеуің керек, мейірімсіз жуандардың зәресін ұшыруың шарт» деп ашықтан-ашық күрес талабын қойды; суреткер еңбегіндегі шыншылдықты уағыздады; эстетикаға реализм ұғымын енгізді; реализмнің қиялға, ойдан шығару мен көркем жинақтауға арақатысын белгіледі.

Дүниенің түп діңгегі – абсолюттік идея, абсолюттік рух деп білген немістің атақты идеалист-философы Георг Фридрих Гегель эстетика мәселесін өзі жүйелеген атышулы триада (тезис-антитезис-синтез) тұрғысынан байыптады. Гегельдің «Эстетика» атты арнаулы трактаты философтың өз ұғымындағы және өз пайымдауындағы «идея» мен «құбылыстың» яки мазмұн мен пішіннің арақатысына талдау жасаудан туған. Оның эстетикалық жүйесі бойынша бұл арақатынастар диалектикасы өнердің үш сатысына (символикалық, классикалық, романтикалық) түріне сай келеді. Сонымен қатар, жалпы адам баласының көркемдік даму тарихында өнер туындылары арқылы белгіленген кезең-кезеңдер де белгіленген осынау үш сатыға, яғни үш бағытқа сай.

Мысалы, ежелгі үнді мазарлары, байырғы египет пирамидалары секілді Көне Шығыс цивилизациясының архитектуралық мұралары, Гегельдің дәлелдеуінше, өнердің символикалық түрі болып табылады. Өйткені бұл тұста «идеал» анық емес, бұлдыр, көмескі; ал құбылыс идеяның образға айналу мүмкіндігін ғана танытады. Ежелгі Греция мен Римде мейлінше өріс алып, өркен жайған мүсін өнері Көне дүние өнерінің классикалық түрі классикалық түрі болып табылады. Өйткені бұл тұста рухани «идеал» адамның сыртқы кескіні ғана емес, ішкі мінезіне, жан-дүниесіне – сезіміне, күйініш-сүйінішіне, көңіл-күйіне айналған, сондықтан философияға жуықтаған, тіпті философияға дейін өрбіп жетілген.

Гегельдің түсінігінше: өнердің предметі –  әдемілік, ал эстетиканың предметі – ұшы-қиырсыз мол әрі жан тебірентер ғажайып әсемдік әлемі. Жалпы өнер атаулының бәрін Гегель «абсолюттік рухтың» өзіндік дамуындағы, өзін-өзі тануындағы белгілі бір кезең ғана деп түсінді. Бұл – Гегельдің әлемге аян идеалистік жүйесінің  эстетикалық көзқарастарындағы нақты көрінісі.

Орыс ағартушылары сөз өнері жайында. Сөз өнерін зерттеушілер Ресей топырағындағы эстетикалық байыптаулардың басын Х ғасырдағы библиографиялық жазбалардан іздейді. Әдебиет пен өнерді шын мәніндегі материалистік тұрғыдан түсініп, сыншыл реализмнің эстетикалық принциптерін теориялық жағынан түйіндеген орыс революционер-демократтарының эстетикалық ой-пікірлері орыс қоғамында ғана емес, Маркске дейінгі бүкіл дүниежүзілік парасат әлемінде құнды. Данышпан сыншы, даңқты философ В.Г.Белинский (1811-1848) самодержавиелік-крепостниктік правоның қатал айыптаушысы, езілген шаруалардың мұң-мүддесі мен ой-арманының жалынды жаршысы болды.

Оның «Әдеби арманнан» басталып, «Александр Пушкин шығармаларына» дейін өрлеп келетін, одан саяси өсиеті «Гогольге хатқа» шалқып шығатын барлық қимыл-қозғалыс үстіндегі эстетикасының өткен ғасырдағы орыс әдебиетінің тарихынан алатын орны ерекше. Идеологиялық қарсыластары оны «алаңда орын болмағандықтан журналда бүлік шығарып жүрген әдебиет сойқаны» десе, бұл «қайсар Виссарионның» күрескерлік кейпін танытса керек. Белинский сөз өнерінің шыншылдық, халықтық қасиетін, қоғамдық-зерттеушілік маңызын ту ғып көтерді, ғасырдың «ұлы мақсаттарына» қызмет етуін, адамды құлдық бұғаудан босатар, күрес пен бостандыққа шақырар құдіретті күш болуын талап етті.

Әрбір жаңа шығарманы «орыс өмірі үшін қажет мәніне» қарай бағалады. Бұл идея оның бүкіл әдеби қызметіндегі пафос болды. Белинскийдің өзіне тән ғажайып күшінің сыры да сол пафоста жатыр». «Диалектикалық материализмге әбден таяу келіп, тарихи материализмнің алдына жеткенде тоқтаған» майталман философ-материалист, жалынды публицист А.И.Герценнің (1812-1870) эстетикасындағы ең өзекті нәрсе суреткер атаулыны өз дәуірінің үні, өз заманындағы озат идеялардың жаршысы болуға шақыруы.

Ол үшін Герценнің ойынша, суреткер өзі өмір сүріп отырған мезгілдің мұң-шеріне, көкейтесті мәселелеріне терең бойлап, жанымен тебірене, толғана білуі шарт. Шын мініндегі көркем шығарма, Герценнің пікірінше, қилы-қилы халық тағдырынан ғана тумақ, ал «ақын мен суреткердің көркем шығармаларында әрқашан халықтық болып қалмақ». Бұл ретте Герценнің «Ресейде революциялық идеялардың дамуы туралы» деген кітабында ұлы талант тек өзінің ұлттық топырағында ғана туатынын айта келіп, «жан түкпіріне дейін тап-таза ағылшын Байрон мен жан түкпіріне дейін түп-түгел орыс Пушкинге» әрқайсысының келешекке көзқарасы тұрғысынан шығармашылық мінездеме беруі – оның терең және білгір эстетик екенін дәлелдейді.

Кемеңгер жазушы, философ, ғалым-сыншы Н.Г.Чернышевский (1828-1889) орыс революционер-демократтарының көсемі болды. Ол әдебиет пен өнердің қоғамдық қызметі туралы Белинский пікірлерін одан әрі өрістетіп, өзінің тамаша эстетикалық ілімін ұсынды. Чернышевский материалистік философияның программалық документі ретінде танылған «Өнердің болмысқа эстетикалық қарым-қатысы» атты тамаша диссертациялық еңбегінде көркем әдебиеттің өмірдегі орнын, мақсаты мен міндетін белгілеп берді.

Оның пікірінше, суреткер өмірдің тек күнгей бетін, жақсылық жағын ғана суреттеп тынбауы керек. Өмірдің өзі қандай жан-жақты болса, өнер де жан-жақты болуға тиіс. Өнер адамға керек нәрселерді, адамды қызықтырар құбылыстарды толық қамтуға және дұрыс көрсетуге міндетті. Шындықты адамдарға ғылым қандай дәрежеде танытса, өнер де солай етуі керек. Өнер «өмірдің оқулығы» болуы шарт. Ол үшін, Чернышевскийше, өмірдегі кез-келген ұсақ-түйекті жіпке тізе бермей, жинақтау тәсілі қолданылуға тиіс. Адам өмірді танып-білумен тынбайды, оны өз мүддесіне сай өзгеркісі келеді. Демек, суреткер өз шығармашылығы арқылы адамның осы мақсатына ат салысуы қажет, ол үшін өз шығармасында суреттеліп отырған өмір құбылыстарына үкім шығаруы қажет.

Бұл арада  күрескердің өнерге отты өзек болуға тиіс азаматтық пафос туралы ұғымы жатыр. Чернышевский эстетикасы бойынша, жазушының көркем әдісі – реализм. Ал өмірді шыншылдықпен суреттеу – сұлулыққа барар жол. Бұл арада сыншының әлеуметтік идеал туралы ұғымы жатыр. Чернышевскийдің эстетикалық принциптері мұнымен бітпейді. Оның әдемілікке берген анықтамасының өзі – Гегельдің идеализмін төңкеріп түсірген терең материалистік түсінік: «әдемілік – адам, адамдағы әдемілік – өмір, адамның бақыты, адам өмірінің рақаты не болса», соның бәрі – адам үшін әдемі. Демек әдемілікті көктен емес, жерден іздеу керек».

Ал дана сыншы Н.А.Добролюбовтың (1836-1861) эстетикалық еңбектерінде желі тартып жатқан өзекті мәселе — әдебиет пен өнердің халықтығы. «Әдебиет – қоғамның қозғаушы күші» болуға тиіс екенін дәлелдей келіп, Добролюбов әдебиет халықтық болу үшін әдеби туындыларында «жергілікті табиғат сұлулығын суреттей білу, халықтан естіген ұлағатты сөздерді ұтымды қолдана білу, салт-сана, әдет-ғұрып басқа сол секілділерді дұрыс тану» аз екенін, ақын шын мәнінде халық ақыны болу үшін «халық рухына бөленуге, халықпен бірге өмір сүруге, халықпен бірге адымдап, бірге тыныстауға тиіс» екенін өзіне тән биік талғаммен, терең талғаммен түсіндіреді.

Маркске дейінгі әдебиеттану ғылымын ілгерілетуде аса талантты сыншы Д.И.Писаревтің (1840-1868) атқарған ролі, еңбектері қоғамдық-саяси және философиялық көзқарастарымен тығыз байланысты. Ол «ХІХ ғасырдың схоластикасы» деп аталатын ірі еңбегінің өзінде Чернышевскийдің саяси көзқарасын жақтап, самарқау социалистер мен кертертпаларға қарсы күреседі. Писарев әдеби сында қоғамдық маңызы зор мәселелерді көтеріп, дәлелсіз, дерексіз сөйлемейтін әділ әрі адал сыншы, аса шебер публицист, мықты стилист болды.

Орыс эстетикасын сөз еткенде мәңгі жасайтын ғажайып әдеби шығармалары бүкіл адам баласының көркемдік дамуында айрықша адым болып қалған ұлы жазушы Л.Н.Толстойдың (1828-1910) өнер туралы ой-пікірлері өте маңызды. Толстой өнер туындыларының ең негізгі қасиеті оның халықтығында, ал өнер тудырушылардың ең негізгі қасиеті оның реализмінде деп білді. «Өзіңіз суреттеп отырған адамдардың өмірімен өмір сүріңіз, әр образда оның ішкі түйсінулерін суреттеңіз; сонда өз мінездеріне лайық қимыл-әрекетті олардың өздері жасайды» деп жазды ойшыл. Өзі жан-жақты, өте білімдар, биік мәдениетті Толстойдың өзгелерге қояр талабы да жоғары. Бұл тұста оның эстетикалық талғамы танылады: «суреткер өз ғасырының жоғары білімінің дәрежесінде болуға тиіс, ең бастысы – жеке қара басының қамы үшін ғана тіршілік етпей; барлық адам баласының өмір-тіршілігіне белсене араласуға тиіс.

Данышпан жазушының барлық шығармашылық тәжірибесі, ойшыл ретіндегі философиялық-эстетикалық көзқарастары, жекелеген даулы тұстарына қарамастан шын мәніндегі шынайы релистік өнердің ең жоғары мектебі екені сөзсіз.

Сөз өнері жөніндегі қазақ әдебиетіндегі қоғамдық ой, оның ішінде эстетикалық пікір тарихында қазақтың асқан ғалымы Шоқан Уәлиханов (1835-1865), атақты ағартушы Ыбырай Алтынсарин (1841-1889), ұлы ақыны Абайдың (1845-1904) алатын орны айрықша, биік. «Шығыстану әлеміне құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыққан» Шоқанның сөз өнері жайлы ғылымға қатысты еңбектері екі сала (ауыз әдебиетін жинау және жинаған нұсқаларын өзінше парықтау).

Шоқан өзі «дала Илиадасы» деп бағалаған әйгілі қырғыз эпосы «Манастың» бір тарауын тұңғыш рет қағаз бетіне түсіріп, өз халқының ұланғайыр жырларын ел аузынан іздеп тауып, талдап-тексеріп, оларды араб поэзиясымен салыстыра келіп: «Дала өмірін жырлаған поэзия болғандықтан, бұл екі елдің поэзиясы бір-біріне өте-мөте ұқсас, екеуінің де сюжеті дала өмірі тәрізді үнемі біркелкі болып келетінін», бірақ қазақ поэзиясы – саф таза, сұлу поэзия екенін, қазақ тілі араб тіліндей бояма, күлдібалам емес, татаусыз төгілген тұнық, мөлдір тіл екенін дәлелдеуі – соншалық байсалды, парасатты, ғылым тұрғысынан әбден піскен, кәмелетті пікір.

Ы.Алтынсаринның әдебиеттануға қосқан үлесі жұртқа мәлім ағартушылық еңбектерімен сабақтас. Оның «Қазақ хрестоматиясы» кітабында ғылыми-педагогикалық әрекеттеріндегі прогресшіл сипат қана емес, оның әдебиетші ретіндегі қалыптасқан эстетикалық принциптері жатыр. Әдебиет оқулығын жасау қамында жүріп Ыбырай қазақтың ауыз әдебиетін жинау, жариялау ісіне көп еңбек сіңірді.

Ол өз хаттарында ауыз әдебиетіндегі идеялық-көркемдік жағынан нәрі шамалы жеңіл-желпі нәрселерді кітапқа «енгізгісі келмейтінін, өйткені қатаң тұрмыста өскен қазақтарға бұдан гөрі мәндірек әңгімелер керек» екенін айтты. Іс жүзінде қазақтың әдеби тілінің тазалығы, әдеби шығармалардың халықтығы, тәрбиелік мәнінің биіктігі үшін күресті. Ал халқымыздың ұлы классигі Абайдың сөз өнері жайлы ұғым-түсініктері, ой-пікірлері барлық көркем шығармаларының өн бойында желі тартып жатыр.

Абай шыншыл ақын болғандықтан, қазақ әдебиетіндегі реализм принциптерін бұлжытпай, мейлінше ұтымды жүзеге асырды. Поэзия бәрінен бұрын халық өмірінің айнасы болуын, халықтық мәні бар келелі шындықтар суреттелуін талап етті. Мықты реалистік принцип тұғырында тұрған ұлы ақын өзі өмір сүрген қоғамның кескін-келбетін жіті танып, қазақ даласындағы тап қайшылығын көру дәрежесіне дейін шырқап барды.

Сондықтан Абайдың өз өнеріне де, өзге өнер иелеріне де қояр эстетикалық талап-талғамы бұл ортада бұрын-соңды болмаған биікке шалқып көтерілді. Сонда оның ақындық кредосы мынадай болып шықты:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін. Осының өзі көркем шығарманың ең асыл, ардақты қасиетін оның эстетикалық және тәрбиелік мәнінен тапқан дана ақынның «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсе» тұрса да, туған әдебиетінің келешек даму жолдарын керемет, көрегендікпен байқап, болжауы болатын. Ақын өзінің бүкіл ақындық өнерімен әдебиеттің қоғамдық-өзгертушілік күшінің өлшеусіз мол екенін танытты.

Ақынның әлеуметтік бітімін, қайраткерлік міндетін белгіледі, оның өзі өмір сүріп отырған ортадағы кеселді, кертартпалықты, әділетсіздікті көріп қана қоймай,оған өз қолымен үкім шығарып, өзгелердің ыза-кегін шақыруды, «қыранша қарап Қырымға, мұң мен зарды қолға алуды; кектеніп надан зұлымға, шиыршық атып толғануды» талап етті.

Пайдаланылған әдебиет: М.Жолдасов Әдебиеттің эстетикалық негіздері. Алматы, 2011

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  2. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  3. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  4. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
  5. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  6. Смағұл Елубайдың өмірі мен еңбегі
  7. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  8. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  9. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ