Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері

0
5445
Иллюстрация: Freepik.com

Әдебиеттегі адам бейнесі. Көркем бейненің танымдық, эстетикалық әлеуметтік мәні, оған қойылатын талаптар. Көркем бейненің жасалуында қолданылатын көркемдік амал-тәсілдер: портрет, мінездеу және оның түрлері. Кейіпкер тілін даралау. Диалог пен монолог. Образ, түрлері, әдістік, тектік, тәсілдік тұрғыдан жіктелуі.

Образдың жасалу тәсіліне лайық оның түрлері туады. Образдың түрлерін белгілеудің бірнеше (әдістік, тектік, тәсілдік) факторлары бар. Көркемдік әдіс тұрғысынан келгенде, образ екі түрлі романтикалық  образ, реалистік образ. Романтикалық образ — әдебиеттегі адам бейнесінің байырғы түрлерінің бірі. Бұл образдың алғашқы үлгілері баяғы көне дүние әдебиетінде, оның “әрі өнген топырағы, әрі байлық қоры” боп табылатын мифте, қала берсе, қай халықтың болса да ауыз әдебиетінде жатыр. Әрқашан алға, алысқа, арманға асыққан халықтың қиялы да телегей-теңіз.

Ал романтикалық образдың негізінде қиял жатады. Романтикалық образ өмірдегі болған немесе бар деректен гөрі өмірде әзірше жоқ, бірақ болатын дерекке негізделеді.

Реалистік образ — әдебиеттегі адам бейнесінің ең сымбатты, шынайы түрі. Мұның сымбаттылығы да, шынайылығы да шыншылдығында; бұл-кәдімгі өмірде болған, бар және бола беретін, бірақ қайталанбайтын, әрқашан бұрын-соңды белгісіз тың қырынан көрініп, ылғи жаңарып отыратын тип.

Дұрысында, образ атаулының айрықша мағыналы, мәнді түрі де осы-реалистік образ. Өйткені бұл образдың эстетикалық идеалы – романтикалық образдағыдай бұлыңғыр емес, анық, адам қолы жетпейтін тым асқақ, алыс емес, қолмен ұстап, көзбен көргендей затты әрі жақын нәрсе.

Әдеби тек (эпос, лирика, драма) тұрғысынан анықтағанда образ үш түрге бөлінеді:

Эпикалық образ – кескін-кейпі, мінез-құлқы, іс-әрекетімен тұтас көрінген әрі толық жинақталған, әрі әбден дараланған тип. Мүсіндеу мен мінездеу, диалог пен монолог, түрліше сезімдер мен әрекеттерді суреттеу секілді көркем бейне жасаудың көп амал-тәсілдері, әсіресе эпикалық образ үшін керек. Өйткені мұнда адамның түр-түсін де, ішін де, ісін де кең суреттеп, мол көрсетуге, терең әрі жан-жақты танытуға мүмкіндік бар. Оған эпикалық шығарманың өрісі де, құшағы да еркін жетіп жатыр.

Лирикалық образ – сыншыл өлең-жырлардағы ақынның өз бейнесі; оның ішкі бітімі; ақынның мың иірім көңіл күйінен – нәзік сыры мен сылқым сезімінен өріліп жасалған өзгеше кейіпкер. Мұнда, эпикалық образдағыдай ұзақ, кең, мол суреттеліп, жан-жақты ашылған адамның сыртқы кескін-кейпі де, қым-қуыт шиеленісіп жатқан тағдыры немесе іс-әрекеті мен қимыл-әрекеті де тұтас көрінбеуі мүмкін. Оның есесіне адамның аса терең әрі нәзік ашылатын ішкі сыры, мінез-құлқы, жан-тынысы айрықша әсем айшық табады.

Драмалық образ – эпикалық не лирикалық образдар секілді қағаз бетінде емес, тура өмірдің өз аясында – сахнада көзбе-көз, қолма-қол жасалатын көркем бейне. Мұны кейде тура “сахналық бейне” деп те атайды. Драмалық образдың бір кемшін жері эпикалық не лирикалық образдар секілді кітап бетінде бар қасиетін сақтап қалып, мәңгі өмір сүре алмайды; әр образ өзін жасаған актермен бірге кетеді, көрген адам санасында тек әсері мен елесі ғана қалады.

Бұл ретте кейде әрбір сахналық бейненің ғұмыры бір кештік тәрізді. Бірақ драмалық образ, ғұмырының мұншалық қысқалығының есесіне, бір көрінсе де бірегей, кәдімгі тірілерше дидарласып, оларды қолма-қол күлдіріп не жылатып; қуантып не сүйсінтіп; сүйгізіп не жек көргізіп, әйтеуір, тікелей ықпал жасап, ойлантып, тебірентіп кетеді.

Образдың жасалу тәсіліне байланысты геройлық, трагедиялық, фантастикалық, юморлық және сатиралық түрлері жасалады.

Юморлық образ – күлкілі кейіпкер; юмор — өмірдегі кісі күлерлік құбылыстардың өнердегі сәулесі. Күлкі жоқ жерде юмор да жоқ. Ал күлкіні әншейін жеңіл-желпі нәрсе деуге болмайды. Күлкіде зор қоғамдық сипат, әлеуметтік сыр жатады. Қазақ әдебиетінің тарихына бақсақ, баяғы аты шулы әпенді Қожанасырдан күні кешегі өзіміздің Мырқымбайға дейін юморлық  образдың талай тамаша түрлерін тауып, тануға болады.

Сатиралық образ – ұнамсыз тип. Сатирамен суреттелер құбылыс – керексіз, кесір құбылыс. Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына – көрініске шығарады, қағып-сілкілейді, мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді. Қулық пен сұмдықты, екі жүзділік пен мансапқорлықты, усойқылық пен ұятсыздықты, әйтеуір өмірдегі зиянды жайттарды аяусыз әшкерелеп, адамдарды онымен ымырасыз күреске үндейді, сөйтіп ілгері басуға, кедергіні жоқ етуге жұмылдырады.

Сатираның юмордан өзгешелігі – мұнда автордың өзі сықақпен сынап отырған адамына жаны ашымайды, оның мінін түзеу, өзін өнегелі өмірге қайта қосу мүддесі болмайды, керісінше, мұндай жексұрындық өмірде болмауы керек деген қатал үкім шығарады; юморда түзеу мақсаты жатса, сатирада жою, жоқ қылу мақсаты жатады. Сатираның юмормен бірлігі – мұнда да юмордағы секілді күлкі болады, бірақ мұндағы күлкі жай әзіл, ажуа емес, ызалы күлкі – мазақ, сықақ, мысқыл, кекесін; мұндағы күлкі – кекті күлкі.

Фантастикалық образ – қиялдан туған қаһарман, адамның ақиқатқа ұқсас арманында бедерленген бейне; әдебиеттегі адам образының бағзы замандардан күні бүгінге дейін келе жатқан көне түрлерінің бірі. Дүниежүзілік көлемде тұңғыш фантастикалық қаһарман ретінде Жерден Күнге дейін ұшып барған Икарды атайтын болсақ, қазақ ауыз әдебиетінің өз келесінде туғызған кереметтері бар. Солардың бірі – Ер Төстік.

Трагедиялық образ да әдебиетте тым әріден келе жатқан адам бейнелерінің бірі. Трагедиялық образ ескі мен жаңа, адам мен қоғам, адамдық пен жауыздық арасындағы ымырасыз күрестен, бітіспес тартыстан, қайшылықтан, соның өзінде де мейлінше асыңқы, адам жеңіп болмас ауыр, азапты жайларды әдеби шығармада терең және шебер жинақтаудан туады. Қаһарманның өмірі көбіне өліммен аяқталып отырады. Трагедиялық қаһарманның үлгісі ретінде адам мұраты үшін жанын пида ғып, құдіретті Зевспен ауыр айқасқа түскен Прометейді атауға болар еді. Прометей — әрі геройлық, әрі трагедиялық образ.

Геройлық образ – ұнамды кейіпкер: адамға тән небір тамаша сипаттардың синтезі секілді сом тұлға, өз дәуірінің ең аяулы, асыл мұраттарынан туған тарихи тип. Геройлық образ – еңбек пен күрес адамының көркем әдебиеттегі ең көрнекті типі, ұлағатты түрі, биік үлгісі.

Образдың жасалу жолдары. Образдың жасалу жолдары сан алуан, ең негізгілері: портрет, мінездеу, психологиялық параллелизм, кейіпкерлердің сөздері және жанама мінездеу.

Портрет – кейіпкерлердің кескінін, келбетін, пішінін, тұлғасын, түсін, жүріс-тұрысын суреттеу.

Мінездеу – жазушының кейіпкерлердің сыртқы портретімен қатар, ішкі портретін – мінезін, құлқын, наным-сенімін, дүниеге көзқарасын суреттеуі. Адам образын жасауда мінездеу айрықша орын алады. Өйткені әдеби образдың ерекше көзге түсуі де, мәңгілік есте қалуы да адам мінездерінің шебер жасалуымен байланысты.

Жанама мінездеу – қатысушының өзін емес, оның айналасын суреттейді. Жазушы өз кейіпкері қандай нәрсені жақсы көреді, қалай киінеді, оның үйіндегі заттарды т.б. суреттейді. Бірақ жазушы менің кейіпкерім ананы ұнатады, мынаны ұнатпайды, оның мынандай себептері бар деп түсіндіріп жатпайды. Тек барды бар күйінше ғана көрсетіп отырған тәрізді әсер қалдырады.

Психологиялық параллелизм. Адам баласы өмірде әр алуан жағдайға кездеседі. Оның қуанып, шаттанатын да, ренжитін, қайғыратын да кездері болады. Бұлардың бәрі де адамның ішкі сезім дүниесінде, рухани, жан жүйесінде болатын құбылыстар. Оқырманның сезіміне үлкен әсер ететін нәрсе – адамның басында болатын күйініш-сүйініштерді суреттеу. Адамның сезім дүниесіндегі өзгерістерді суреттеудің әріден келе жатқан бір түрі – психологиялық параллелизм, яғни адам басындағы ауыр халді табиғат құбылыстарымен қатарластыра суреттеу.

Образ жасауда кейіпкерлердің тілі шешуші орын алады. Кейіпкерлердің сөздері монолог, диалог түрінде кездеседі.

Монолог – бір адамның сөзі, кейіпкердің біреуге не көпшілікке қайырыла сөйлеуі.

Диалог – екі не бірнеше адамның кезектесіп сөйлесулері.Диалог – драмалық шығармалардың негізгі құралы.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Әдебиеттануға кіріспе. Хрестоматия. Құрастырған: С.Мақпыров. Алматы, 1991.
  2. Майтанов Б. Қаһарманның рухани әлемі. Алматы, 1987.
  3. Исмаилова Ф. Феминистская имагология. Алматы, 2005.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, 1992, 2002.
  2. Тоқтаров Р. Әдеби бейне және көркемдік шешім. Жұлдыз, 1990, 1.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  2. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  3. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  4. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  5. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
  6. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  7. Смағұл Елубайдың өмірі мен еңбегі
  8. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  9. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  10. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ