Дидактикалық ойын — балаға сапалы білім берудің негізі

0
1208
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Дидактикалық ойын — балаға сапалы білім берудің негізі

Мектеп жасына дейінгі баланың іс-әркеті алуан түрлі.Сол іс-әрекеттердің баланың жан-жақты дамуының басты негізі – ойын. Халық даналағы «Ойнай білмеген,ойлай да білмейді»,-деген аталы сөзді тегін айтпаса керек. Жазу-сызу болмаған кезде де қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ауыз әдебиеті үлгілеріндегі жинақталып осы кезге дейін жеткен ұлттық ойындар мен сөздік дидактикалық ойын нұсқалары баланың жан-жақты дамуына ойынның қаншалықты маңызды екенінің айғағы. Бала ойынының маңыздылығына ерекше баға берген Мағжан Жұмабаев: «Ойын баланың өз ісі. Баланың ойынына кірісуші болма. Баланы бір нәрсені бүлдіріп алмас үшін шеттен бақыла. Егер бала ойынына қатысқың келсе,өзің бала болып қатыс. Яғни,ойындарына бөгет болма. Бала сенің ересек адам екеніңді сезбейтін болсын»,-деп атап көрсетсе, Н.К.Крупскаяның педагогикалық еңбектерінде «Ойын өсіп келе жатқан бала организіміне ауадай қажет.

Ойын үстінде баланың күш-қуаты толыға түседі,қолы қатайып,денесі иілгіш,көз қырағылығы артып, тапқырлық, сезімталдық, иницатива көрету секілді қасиеттері дамиды. Мектеп жасына дейінгі балалар үшін ойын ерекше маңызға ие: ойын-олар үшін-оқу, оқу-олар үшін-еңбек, ойын олар үшін-тәрбиенің бірден-бір формасы»,-десе, А.С.Макоренко баланың ерте жасында және оның келесі өсу сатыларында ойынның ерекше маңызы бар екенін атап көрсетті. Ал К.Д.Ушинский ойынның мәнін дербес іс-әрекеті, айналасындағы өзгерістерді танып білуге, белсенді әрекет етуге жол ашушы ретінде түсіндіреді. Ойын бала үшін нағыз өмір. Бала ойын процесінде бір-бірімен қарым-қатынас жасауды үйренеді. Ойынның мазмұнына қарай іс-әрекет жасай отырып,олар жан-жақты дами түседі. Ойын сонымен қатар оқу үстіндегі оқытумен жалғасын табады. Ойындар мазмұнына қарай төмендегідей топтарға бөлінеді: сюжетті рольді , драмалық, шығармашылық, дидактикалық, қимылды,әдеби музыкалық,театрландырылған, құрылыс ойындары. Аталған ойындардың әрқайсысы да баланың жан-жақты дамуына тигізетін өз ерекшеліктері бар. Соның ішінде барлық ойындардан шоқтығы биік, құрылысы мен құрамы жағынан ауқымды ол – дидактикалық ойын. Күнделікті өткізілетін оқу-тәрбие жұмысын дидактикалық ойынсыз елестету мүмкін емес.

Дидактикaлық ойын – оқыту формасының ең қолайлы түрі. Дидaктикалық ойын кезінде балалардың білімді игеру, ақыл-ойының дамуы,өзара қарым-қатынас жасау қабілеттеріқалыптасады. Дидактикалық ойын түріне қарай заттық, үстел-үсті, баспа және сөздік болып бөлінеді. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай дидактикалық ойындардың ережесі де күрделене бастайды. Әр жастағы баланың дидактикалық ойынға деген қызығушылығы жас ерекшеліктеріне қарай тәрбиешінің асқан шеберлікпен ұйымдастырған ойын-сабақтар арқылы жүзеге асады. Сабақ барысында дидактикалық ойынды ұйымдастыру кездерін ұтымды, жан-жақты іздену арқылы алдын-ала ойластыру қажет. Қазіргі балалардың даму деңгейі заман ағымы өзгерген сайын бұрынғы көрсеткіштерден өте жоғары. Олардың білуге, білімге ынталы екендігіне көз жеткізу қиын емес.

Сабақ кезінде балаларды еркіндікке баулып, дидактикалық ойындарды түрлендіріп өту арқылы сол күні игерілетін білімді балалар санасына мықтап тиянақтауға мүмкіндік мол. Дидактикалық ойынның нәтижесі балалардың білімді игеру, ақыл-ой қызметін дамытуда, өзара қарым-қатынас жасауда көрініс табады. Дидактикалық ойындарда балалар алдына қандай міндеттер қойылады, оларды шешу үшін назарды жұмылдыру, ерікті зейін қою, ой күшін жұмсау, ережені ой елегінен өткізе білу, іс-әрекеттердің жолын қарастыру қажет. Олар балалардың түйсіну және қабылдау қабілетін дамытуға, ұғымдарды қалыптастыруға,білімді меңгеруіне көмектеседі. Дидактикалық ойындар барлық сабақтарда жиі қолданылады.

Игильманова Айгүл
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы
№ 8 орта мектеп
Мектеп алды дайындық сынып мұғалімі


ПІКІР ҚАЛДЫРУ