Елімізде кей құстар не себепті қорғауға алынған?

0
2824

Омыртқалы жануарлар ішіндегі ең үлкен топ — құстар. Бүкіл дүние жүзінде олардың 10—12 мың түрлерінің тіршілік етуі де құстардың кең таралғанын көрсетеді. Қазақстан территориясы да қанаттыларға өте бай. Онда құстардың 481 түрі мекендеп, күз айларындағы саны шамамен 18—20 миллионға жетеді. Міне, бұл қаншама байлық десеңізші! Оларды қорғап, пайдалана білуге тиіспіз.
Адам үшін қанаттылардың пайдасы өте зор. Бізде тіршілік ететін құстардың біразы аңшылық үшін ауланып, дәмді ет пен мамық қауырсын береді. Мәселен, қазірде Қазақстанда жылына 3,2 миллион құс аңшылардың олжасы болады. Олар — үйрек, қаз, қасқалдаң, балшықты су құстары. Жасыл желек жамылған кең байтақ даламызда ұшып жүрген біраз құстар (шымшың, торғай, тоңылдақ, ементұмсық және тағы басқалар) егістік, бау-бақша, орман зиянкестері — насекомдармен, кеміргіштермен қоректеніп, ауыл шаруашылығына айтарлықтай пайдасын тигізеді. Құстардың эстетикалық мәні өз алдына бір төбе. Бұлбұл үні мен торғайлардың неше құбылтып салған әндері талай композиторлардың шығармаларына арқау болып келе жатқан жоқ па? Сондай-ақ аспанға ұшу техникасын жетілдіру үшін құстардың ұшу заңдылықтарын зерттеу Леонардо да Винчиден бастап күні бүгінге дейінгі авиаконстукторлар еңбектерінің негізіне алынып отыр емес пе? Бүгінде де бұл жұмыстар жалғасуда.
Соңғы жылдары құстардың тек Қазақстанда ғана емес бүкіл жер шарында кейбір түрлерінің саны азайып бара жатқаны байқалады. Сондықтан да ел-елде оларды қорғау шаралары жүзеге асуда. Сол сияқты қазірде біздің республикамызда да осындай жұмысты жүргізу кең қолға алынды. Саны күрт азайып кеткен аң-құстарды шұғыл зерттеу арқылы келешекте олардың таралған аймағы анықталып, кей жерлерде қорғау шаралары жүзеге асырылатын болады. Қазақстан ғалымдары осындай құстардың тізімін алып, табиғаттың «Қызыл кітабын» жасауға кірісті. Бұл тарауда республикамызда саны аз құстардың қай аудандарда таралғаны, биологиясы, мінез-қылық ерекшеліктері жан-жақты әңгімеленеді. Өйткені, бұл мәліметтердің оларды қорғау шараларын жүзеге асыру үшін үлкен мәні бар.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ