Енді қайда көшеміз?

0
344

Кезінде ата-анамның Қызылордадан Алматы шаһарына көшуінің басты себебі — біз үшін жарқын әрі бақытты болашақтың қамтамасыз етуі болды. Алайда, осы жылдар бойы Алматы тек денсаулығымыздың жағдайын нашарлатуда.


Қазгидрометтің ресми мәліметтері бойынша, Алматының ауасы «ластанудың жоғары деңгейімен» алдыңғы қатарда топ жарып келе жатыр. Тұрғындардың жалпы ауру көрсеткіші орташа республикалық деңгейден асады: респираторлық аурулар — 1,2 есе, қанайналым жүйесі — 1,2 есе, эндокриндік аурулар — 1,4 есе көп.

9-шы сыныпта мұғалімім астма (тыныстық демікпе) ауруының себебінен тұншығып, тіпті бізге сабақ түсіндіре алмай қалғаны да есімде. Қызығушылықтың есебінен одан сұрастырғанмын. Ол астма диагнозы қойылғаннан кейін, оның өмірі айтарлықтай өзгергенін айтты. Біз үшін қарапайым болып көрінетін спортпен айналысу, далаға шығу, бөлмені желдету үшін терезені ашу деген секілді нәрселер ол үшін қиындық тудырады.

Әрдайым ауа сапасы туралы ақпаратты бақылап отыруы, үйіндегі ауа тазартқышты жаңартуы, күнделікті ингаляциялық құралдарды қолдануы үйреншікті іске айналған. Сыныппен бір жерге жиналар кезде, үнемі тауға баруымызды ұсынатын. Қазір түсінемін, жыл сайын үш миллион тонна көмір жағатын өнеркәсіптік кәсіпорындар, 540 мыңнан аса автокөліктер, үйлерін көмірмен жылытып, мұржаларына фильтр қоймайтын жеке сектор тұрғындары ластаған қалаға қарағанда, тауда жеңілірілек тыныс ала алады, жөтел де мазаламайды.

Бүгін «Tengrinews» жаңалықтарын ашып қарай салысымен, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мирзағалиевтің атаған денсаулыққа қауіпті 10 қаласын көрдім. Ішінде, кезінде ата-анам “жарқын болашақ” үшін көшіп келген Алматы да бар. Бірақ, ол бізге бақытты болашақ сыйламастан бұрын, өлімге бір қадам жақындатып келе жатқан секілді. Енді қайда көшеміз?

 

Өтеп Жібек


ПІКІР ҚАЛДЫРУ