Болашақ ұрпаққа не қалдырасың?

0
451
«Ата-бабамыз елі мен жерін қорғау жолында жанын беріп, қасық қаны тамғанша күрескен. Біз солар қалдырған ұлан байтақ жеріміз бар» — деп мақтанып, көкірегімізді ұрамыз. Ал өзіміз болашақ ұрпаққа не қалдырмақшымыз?

Бұл сұраққа ұялмастан жауап беру үшін, әрқайсымыз “тұрақты даму” ұғымымен танысып алуымыз қажет секілді. Оның мәні — ұрпақтар арасындағы тепе-теңдіктің арқасында, болашақ ұрпақтың біздің кесірімізден зардап шекпеуі.

Саналы тұтынуды немесе ресурстарды үнемдеуді көбісі кедейліктің белгісі деп ұят көреді. Бұрын маған әпкелерімнен қалған киімді ки десе, ұялып, ашуланатынмын. Айналамдағылар ай сайын жаңа көйлек, жаңа жейде сатып алады, ал мен 4 жыл бұрынғы әпкеме сыймай қалған жемпірді әлі киіп жүрмін. Бірақ ол кезде пластикалық ластанудың негізгі көздерінің бірі — біздің киіміміз екенін білмедім. Екінші жағдай, көршім дүкенге кетерде үнемі ескі дорбасын арқалап барады. Сонда бір кісінің: “Пакетке 5 теңге аяйды ма әлде бейшараның ақшасы жетпейді ме?” деген сөздері есімде қалып қойыпты… Бұл түсініктен арылатын заман келді. Түкке тұрғысыз эгоңды қанағаттандыру үшін ай сайын көлік алғанша, өлгенде өз артыңнан азырақ қоқыс қалатындай жағдай жаса.

Ата-бабаңмен мақтану бақытына ие болсаң, дәл сондай мүмкіндіктен, болашақ ұрпағыңды айырма. Сен де біреудің тірі қалуына себепкер бол…

 

Өтеп Жібек


ПІКІР ҚАЛДЫРУ