География: Тынық мұхиты

0
17805

Тынық мұхиты- жер шарындағы ауданы жөнінен ең үлкен мұхит. Тынық мұхиты Магелланның дүние жүзін айналу саяхаты кезінде ашылған. Магеллан Тынық мұхиты үш ай бойы жүзген кезде мұхит тыныш болған, соған байланысты мұхитты Тынық деп атаған. Шын мәнінде Тынық мұхит өз атына сай емес. Жер қыртысы жиі қозғалу нәтижесінде жер сілкінулер, цунами жиі байқалады. 1947 жылы норвег саяхатшысы Тур Хейердал жеңіл бальс ағашынан жасалған «Кон Тики» салысымен Перуана жағалауынан бастап Тынық мұхит пен оның аралдарының құпияларын ашуға арналған саяхаттарын жүргізді.

Тынық мұхитта Дүниежүзілік мұхиттың ең терең бөлігі Мариан шұңғымасы орналасқан. Мариан шұңғымасының тереңдігі 11022 м. Мариан шұңғымасы Тынық мұхитының ең үлкен теңізі Филиппин теңізінде орналасқан. 1957 жылы Ресейдің «Витязь» ғылыми зерттеу кемесі Тынық мұхитта зерттеулер жүргізіп, оның ең терең бөлігі Мариан шұңғымасын ашты.

Тынық мұхитында жекелеген су асты жоталарының саны он мыңнан асады, олардың басым көпшілігі жанартау атқылау нәтижесінде қалыптасқан. Бұл жоталардың су бетіне шыққан бөлігі аралдарды құрайды. Тынық мұхитындағы ең үлкен жанартаулық арал тобы Гавай аралдары болып саналады. Гавай аралдары Тынық мұхиттағы жанартаулық аралдардың ең ірісі болып саналады. Мұнда сөнбеген Мауна-Лоа жанартауы орналасқан, оның биіктігі 4170 м.

Тынық мұхиты солтүстік полярлық белдеуден басқа барлық климаттық белдеулерді қамтиды.Солтүстік Мұзды мұхиттың суларынан құрлық арқылы бөлініп жатқандықтан, судың температуоасы мұхиттың солтүстігіне қарағанда оңтүстігінде төмен болады.

Тынық мұхиттың өсімдіктер мен жануарлар өте бай. Оның басқа мұхиттардағы тіршілік дүниесінен айырмашылығы өте ежелгі және алып түрлердің көптеп кездесуі. Бұл ерекшеліктер мұхит суының көлеміне, табиғат жағдайларының алуан түрлілігіне байланысты. Тынық мұхитта басқа мұхиттарда кездеспейтін теңіз кірпілері, семсерқұйрық,теңіз мысығы, теңіз құндызы кездеседі.

Тынық мұхит жағалауларында Жер шары халқының тең жартысы мекендейтін 50 ел орналасқан. Бұл елдердің халықтары ежелден ақ мұхит байлығын пайдаланып келеді. Көптеген еледр мұхит суынан түрлі пайдалы қазбалар, ал мұхит қайраңдарынан мұнай өндіреді.

Тынық мұхитының орталық және оңтүстік батысында шоғырланған аралдар тобын Мұхит аралдары деп атайды. Мұндағы аралдардың саны 7 мыңнан асады. Мұхит аралдары еуропалықтарға Ф. Магеланның дүние жүзін айналу саяхатынан кейін ғана белгілі болды. Кейіннен бұл мәліметтерді ағылшын саяхатшысы Д.Кук пен орыс саяхатшылары толықтырды.

Мұхит аралдары тарихи географиялық ерекшеліктеріне байланысты Меланезия («қара аралдар»), Микронезия («ұсақ аралдар»), Полинезия («көп аралдар») және Жаңа Зеландия болып бөлінеді. Жаңа Гвинея аралында 12 жыл тұрған орыс ғалысы Н.Н. Миклухо – Маклай Мұхит аралдарының табиғаты, халқы туралы еңбектер жазып қалдырған. Мұхит аралдарында саяхатшының құрметіне қойылған көптеген географиялық атаулар көп.

Мұхит аралдарындағы ең ірі, шаруашылығы жақсы дамыған ел — Жаңа Зеландия. Жаңа Зеландия жері екі үлкен арал мен көптеген ұсақ аралдардан тұрады.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ