Гүлбақыт Қасен: «Құсжолының жолағына жалғанып, Ғұмыр кештім өлең бағып, жан бағып…»

0
3235

Төлеген Айбергенов айтқандай ақын болу үшін әлемнің қасіретін бойыңа жинауың керек-ақ. Бұл жолда ер азаматтардың да қабырғасы сөгіліп, мехнат шегетіні жырсүйер қауымға таңсық емес шығар. Кейде әдебиетші қауымның арасында арулар ақын болуы үшін тағдырдың ағысына қарсы жүруі шарт деген сөздер айтылып қалады. Бұл қағида емес. Оған Гүлбақыт Қасеннің өзі дәлел болмақ. Ендеше, Гүлбақыт ақынның  мөлдір жырлар оқып, көңіл патшалығымызды бір шалқытайық!

Құсқанаты
Аспан сілкіп түсірген құсқанатын,
Құсқанаты соңынан қыс қалатын.
Айналса ғой ұлпа қар ғайып болмай –
Әшекейге әдемі қыз тағатын.

Құсқанаты –
секілді үкілі арман,
Үкілі арман жолында бүкіл арман.
Бір ғаріп жан сүйіп тұр алақанын,
Періштесін аспаннан күтіп алған.

Қылаулаған ұшқыны үміттердің,
Құсқанаты, сен соны біліп келдің…
Тамсандырдың.
Сағыныш сарайына –
Гүл боп көктем, жаз жайнап күліп келдің.

Жазғытұрым жауатын құсқанаты –
Бағзы бір сәт құс тілін құс табатын.
Жастық пенен қарттықтың белгісіндей,
Күн ұзарып, түн мерзім қысқаратын.

Құсқанаты –
төгілген жыр қауырсын,
Біреулерге тым жеңіл, тым ауырсың…
Саусағына…
ақынның жүрегіне –
Қонақтайсың әлемді жырлау үшін…

Көңілдің де қысы, жазы, күзі бар,
Ал, көктемде сұлулық бар біз ұғар.
Теңіз толқып, тау теңселіп кеткендей…
Жыр ғұмырда қандай сыр бар қызығар?

Сүйіп кеткен, сүйікті еткен, көктемім –
Мен өзіңмен биіктемін, көктемін.
Қалап тұрам құс біткеннің ән салып,
Алтын күннің шұғыласын төккенін.

Көк белдердің гүлдегенін қаладым,
Алма ағаштың бүрлегенін қаладым.
Мені көріп мейірімді Жер-Ана:
деп тұрғандай «айналайын, қарағым».

Еркеледім. Еркесі етті мына әлем –
…Құсжолымен жетелейді бір әуен…
Мына өмірге қайта келу бұйырса:
Мен бәрібір ақын болып туар ем,
…ең бақытты ақын болып туар ем!

Қымбаттым
Бірінші жыр

Қабағымнан кілкіп мұң мен қайғыны,
Жұбатып тұр…
тербетіп жыр айдыны.
Жанарында жылдың сезім ұшқыны –
Түйісті екен қай сағатта, қай күні?

Қай сәт ойды –
тоғыстырған, бесін бе?
Нәркес көзден маржан төккен кешім бе?
Сезімімді соқыр еткен ақшам ба?
Түн талықсып, Шолпан туған.
Есімде.

Ән есімде.
Бәрі есімде, тілдескем.
Ақ періштем, арманыммен үндес пе ең?
Көктем-өлең.
Көктен жаңбыр төккенде –
Мен ерекше өмір кешкем, сыр кешкем.

Бәрі есімде –
ерке назым, күлгенім…
Шешу қиын тағдырымның күрмеуін.
Қай тасадан таптың екен,
Қымбаттым,
Ұмыт болған бақытымның сүрлеуін?..

Екінші жыр

Мұңды байқап жанарынан қалқаның,
Тұтылғандай Күн мен Айы Арқаның.
Екі дүние қыл көпірі тұсында –
Сенім жүгін айтшы кімге артамын?..

Тасып жатса суы көлдің, теңіздің,
Жер қозғалса мүйізінде өгіздің.
Жаза басып адасқанда тұманда –
Жаратқаным, «жар бола гөр» дегіздің.

Көтере ме аспа жолы аспанның?
Биік тұрып құлдырауым – қас-қағым.
Мейірімді жүректемін – қуансам,
Мұңайғанда – тамыры жоқ тастамын.

Тоңдырды қыс, жанымды күз жауратты,
Жар астында дос пейілді жау жатты.
Жалғыздықта – бір Жан мені іздейтін,
Жаңғыртатын таныс Дауыс тау жақты…

Ат іздедім өтер сәтте өткелден –
Көрінбедің көктемдерден, көк белден…
Сәуір-сезім.
Сүмбілеге серт байла,
Тағдырласым, тағдырыма дөп келген!

Үшінші жыр

Жаз да келді,
сағынып ем көктемде,
Хат жібергем өлеңменен өткенге…
Ақ тамақты қарлығаштар айтқан ба –
ат байлапсың мен өтетін өткелге.

Тасыр ойлар тұңғиыққа батырған –
Ту сыртымнан талай жебе атылған…
Санам сөніп, талмаураған сәтте де –
арылмадым сендік ойдан, ақылдан.

Ұшқын үміт үрлегендей шоқтарын,
Қайда кеткен?
Жоқ қызуым, жоқ табым.
Сенің ғана жаз жанарың сездірген –
ең аяулы мейірімді жоқтадым.

Құсжолының жолағына жалғанып,
Ғұмыр кештім өлең бағып, жан бағып.
Тамшы сезім жүрегіме тамып тұр,
…ағып келем арманымды арна ғып.

Сен жіберген Ақ боз атты ерттедім –
Ғайып болған бақытыма беттедім.
Шілтерледім шымылдығын шілденің,
Өткен шақтай…
тым алыстап кетпегін!
Қымбаттым!

АҚ ТІЛЕК

Жыр арнадым Жетісуға – адал, ақ,
Қадірімді арттыратын бағалап.
Жақсы жандар қанатымды қатайтып,
Тұлпарымды берген еді тағалап.

Кейде өмір тасып жатты төгіліп,
Кейде көңіл – қабырғасы сөгіліп…
Сөзің болып тізіліп ем моншақтай –
Өрістедім Өлең-жыр боп өріліп.

Дархан жүрек – кеңдігіндей даланың,
Асқақтай ма, аспандай ма дара үн?
Нота болып қосылып ем пернеңе –
Күмбірлеген Күй боп шалқып барамын.

Күміс су да көз тартады жарқырап,
Жақсы жерде жайқалмай ма бал-құрақ?
Бұлақ болып қосылып ем арнаңа –
Өзен болып ағып барам арқырап.

Сәтті күнде Күнім күліп, шығар Ай,
Жақсы істерді жүрем естен шығармай.
Шыбық болып қадалып ем шыңыңа –
Тамыр алып биіктедім Шынардай.

Даналықтан көп дүние ұқтым мен —
Гүл әлемге жыр арнадым шық тілмен.
Жота болып жалғасып ем төбеңе –
Талаптанып Таудай болып шықтым мен.

Құрмет тұтам жақсыларды – асылды,
Бар қуаныш…
жанарда жас жасырды…
Тамшы болып тамған әппақ тілектер —
Көл боп шалқып, мерейімді асырды

 

Алланың шексіздігі

Іліктірмей сұқкөздің садағына,
Нұрын төккен әр басқан қадамыма.
Жаратқан Аллам менің шексіз Ізгі –
Жамандықтан жанымды ада қылған.

Иманжүзді пендесін сүйікті еткен,
Сынақ беріп, бақты да үйіп-төккен.
Жаратқан Аллам менің шын Төреші –
Адалдықтың ақ туын биіктеткен.

Асыл аят санамда жаңғырады,
Жүректі емдеп, жабыққан жанды ұғады.
Жаратқан Аллам менің шексіз Ұлы –
Жоқты жасап ғайыптан таң қылады.

Өзгертеді ниет пен пейілімді,
Аллам шексіз пендеге мейірімді.
Өсіреді түсінік, пайымымды,
Аллам шексіз маған да қайырымды.

Бес қызымыз
бір үйдің

Бәріміз де бір-бір үйдің гүліміз,
Неге іздейміз бірімізді-біріміз?
Түсінетін шығар мұны тек жүрек,
Түсінбейміз мұны біз!

Шаңырақтың отын жақтық әр бөлек –
Үйімізде отағасы, бар бөбек.
Бір анадан туған соң ба әйтеуір,
Әлдилейтін ән керек!

Бес саусақтай бес қызымыз бір үйдің,
Ата-анадай мына бізді сүйді кім?
Сағынамыз қара орманның ұшырған,
Шаңырағын, түндігін.

Көрікті еткен бұрымымыз он өрім –
Бойға жидық қазағымның өнерін.
Аңсап жүрміз әкеміздің ақылын,
Анамыздың өлеңін!
…Қаншама алыс болса-дағы арамыз,
Сағынғанда құстай ұшып барамыз.
Туған жердің түлегіміз – бас иер,
Ата-анаға – баламыз!

Айға ұмтылам…

Сезбеймін сиқырын ғаламның –
Тағдырым ұшында қаламның.
Тұтқыны боп өтем өлеңнің,
Жарымын Жыр атты қағанның.
Сөзімнен соғамын жыр мүсін,
Бедерлеп ұлылық үлгісін.
Мен мәңгі берілдім Музаға…
Сен мені таба алмай жүрмісің?

Адалдық танытам жырыма,
Қанық бол тұңғиық сырыма.
Жүректі шыңдаймын болаттай –
Төзуге тағдырдың сынына.

Тосыннан қинайды сын деген,
Сондайда жазасың мұңды өлең.
Жаныма араша ар-намыс,
Қаныма жат қылық сіңбеген.

Мен Айға ұмтылам қалайда,
Сен мені іздеме, жарай ма…
Нұр болып оралам бір күні,
Айналған сәулелі арайға.

Өлең-жыр – өмірім, ардағым,
Жеткізер бақытқа арманым.
Тәубе деп оянам әр таңда,
Сүйікті құлымын Алланың.

Өлеңге сыр

Жанымды ұғар дәл өзіңдей кімім бар?
Сен болмасаң өліп кетер түрім бар.
Мұңайғанда қарс айырылар жүрегім,
Ей, Өлеңім, мені қуант,
Тілімді ал!

Қуануға хақы бар-ау иеңнің,
Киелі Өлең, саған басты иемін!
Менің бүкіл тағдырымды, қайғымды,
Сен түсіндің…
Сол себепті сүйемін!

Қу жанымды шүберекке түйгенде,
Бір басыма қайғы бұлтын үйгенде.
Қол созасың тек сен ғана, Өлеңім,
Сағыныштың жыр қамытын кигенде.
Пана болмай салқар дала, көк аспан –
Жарық күнде жол таба алмай адасқам.
Ей, Өлеңім, сен төзіммен жеңесің,
Тек өзіңмен армандарым алға асқан.

Қиын сәтте мені ұлықтап, демедің,
«Сені ұқпадым, түсінбедім» демедің.
Барым да сен, Арым да сен –
Өлең-жыр,
Сен болмасаң менің қанша керегім?

… Ең болмаса, сезім қалса деп едім,
Сен аман бол, сен аман бол, Өлеңім!

Тірлік дәмі
(диптих)

І
Жалғанда жан бар ма Анаға тең келер?
Мейірім-шуағын балаға тең бөлер.

Жұмақтың кілті де табаны астында,
Тірліктің көзі – өзі, өмірде – бас тұлға.

Көк аспан және Анам – ең алғаш көргенім,
Биіктік, мейірім сүйреген өрге мың.

Мәңгілік сәби боп өтер ем еркелеп,
Жалғанда жағыпар келмесе ентелеп.

Анамның әлдиі – ақ бесік жырлары,
Көкейде уылжып әрқашан тұрғаны.

Анамның тілімен өмірді таныдым –
Дарыған бойыма өнеге-тағылым.

Анадан қабылдап инабат, әдепті,
Ою мен кестені үйрендім әдеткі.

Қос бұрым өргізіп, ағарып жаулығы –
Әлемді әдемі етуге баулыды.

Дәмді ас мәзірдің түр-түрін жасатты,
Кермек дәм жиілеп, көзімнен жас ақты.

Жеті нан пісіріп, аппақ боп білегі –
Ұл-қыздың бақытты болуын тіледі.

Анамыз ұяда біздерді тосады,
Немере, шөбере бал үнін қосады.

«Алдымен анаңа, анаңа, сәлем ет!»
Деген сөз Құранда айтылған керемет.

Ананың алғысы – ақ нұры Алланың,
…Келемін тірліктің мен татып бал дәмін.
ІІ

…Әкемнің ақылы – санамды билеген,
Ойланып қаламын оңаша үйде мен.
Әкемнің жігерлі сөзімен есейдім,
Теректей тәкаппар, асқақтау күйге енем.

Орнаған ептеген үйде сәл қаталдық,
Ауылда «Ақшаның қыздары» атандық.
Аузында – иманы, қолында – құраны,
Бақытты болсақ деп, Әкеден бата алдық.

Ақсақал атанып, бір басын сыйлы еткен,
Асырап асықтай алты ұлын үйлі еткен.
Қатардан қалдырмай жетелеп алдыға,
Серік боп жақсыға жүруді үйреткен.

Тым ерте жетім қап қиындық өткерген,
Тарамыс қолдары бейнетті көп көрген.
Басымнан сипаған сол қолдар мамықтай,
…Бүгінде қарайды томпайып бөктерден.

Мұра етіп төс, балға, ер-тұрман құралын,
Өсиет қалдырып, мәңгі етті тұрағын.
… Сен тіккен отаудың еңсесі биікте,
Сөнбейді, әкетай, соңыңда шырағың.

Сөзіңді еске алып, ойларым бөлінер,
Сағынып, исіңді көзден жас төгілер.
Өрімді қамшыңыз төрімнен түспейді –
Әлі де жөн сілтеп жатқандай көрінер…

Өмір – жолда із қалар

Балалықтың бақ ұясын бұзбаған…
Көз саламын балдәуренге қызғана.
Маған қарап қол бұлғайды періште –
Тұлымшағы желбіреген Қыз бала.

Әр қиырға алып қашып ой кеткен,
Жүйрік еді жылдар, жылдар…
Ой, неткен?!
Бақ ішінен күлімсіреп қарайды –
Шолпысына сыр жасырған Бойжеткен.

Сағынышты жіберді ме сағым ғып,
Кестеленген орамалдан халімді ұқ…
Сәукелеге тиіп кетсе саусағым –
Шымылдықтан сығалайды Қалыңдық.

Алға басар жігер алып сенімнен,
Ғажап ғұмыр тілемейтін тегіннен.
Ақбоз үйдің маңайына
Аялдап,
Ұшырасам ақжаулықты Келінмен.

Тәтті елестер ой-санадан өше ме?
Тәубе етемін бүгінгіге, кешеге.
Жақсылықпен жолықтырған тағдырым –
Бесік тербеп отыратын Шешеге.

Уақыт – жылдам,
әрбір сәтін бағамын…
Өткелдерді артқа тастап барамын.
Жолаушымын.
…өмір-жолда із қалар,
Естелікті жырларымнан табамын.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ