Қалдырған ізің мәңгілік

0
15519

Атырау менен Алтайдың жалғап арасын,
Жырымен қорғап, жайлаған қазақ даласын.
Тарихта қалған ұлтының ұлы ұстазы
Ұлы Ыбырайға тамсанып жұрты қарасын.

Қай заманда да қадірлі болған елінде,
Кіндігін кескен Балғожа бидің жерінде.
Қостанай дейтін жерұйық, дархан даланың
Туылыпты ұстаз Арқарағай төрінде.

Білім алыпты Ыбырай ауыр заманда,
Қазағын қимай «надандық» дейтін жаманға.
«Кел,балалар,оқылық!» деп ұран көтерді,
Апарар жол деп ғұмырлы, жарық ғаламға.

Ағартушы да, дарынды, дара тұлға еді,
Ел қамын жеумен өткен де еді күндері.
Патшалық жаулап, зорлықты көрген заманда
Ұлы Ыбырайдың ұрпақтарының жүр кегі.

Торғайда ашқан мектебің сенің алғашқы,
Білімге қарай талпынтып еді әр жасты.
Адамгершілік қасиетің дарып халқыңа
Жақсылық орнап, жамандықпенен жауласты.

«Кел, балалар, оқылық!» еді ұраның
«Өнер-білім бар жұрттарды» да жырладың.
Ағартушылық мақсатыңды анық көрсетті
«Қазақ хрестоматиясы» жинағың.

Өнеге қылып жырларын жазып қалдырған,
Болашақ үшін білімнен қамал салдырған.
Ұрпағы үшін тынымсыз еңбек атқарған,
Ұлт жолында болғанда еді жан құрбан…

Ыбырай ашқан қазақтың тұңғыш мектебін,
Ұрпаққа алғаш тапсырған қалам-дәптерін.
Біз үшін кеткен Ыбырай Алтынсариннің
Ақтап жүр ұрпақ еңбектен аққан ақ терін.

Елінің көріп мұң халі менен мұқтажын,
Арқалап өткен мойнына жұрттың жүк-назын.
Перзенттік сезім, жігерін елге жұмсаған
Ұмытпас халқы «Ұлтының ұлы ұстазын».

Абай мен Ыбырай — бір-бірімен үндескен,
Қараңғылықта қазағыменен күн кешкен.
Біліммен бірге еліне жарқын жол ашып,
Білім кемесін бір теңізінде мінгескен.

Талантыменен танылған ұлы Ыбырай,
Қай қазақ тұрар тұлғаңа қарап жылымай.
Аты да өшпес ұстазымыздың, әлі де
Туады қазақ Ыбырай атты ұлыңдай.

Сіздермен ғана егемен елім мақтанар,
Сіздердің жеміс — арайлап атқан ақ таңдар.
Ыбырайлардың шәкірттері ғой, мінекей,
«Мәңгілік елдің» іргесін қалап жатқандар.

Билікке келді Елбасыдай ұлы адамы,
Егемен елге жасаған жүз нақ қадамы.
Біздерге жеткен, қалдырған ізің мәңгілік
Жауһардай болып жадымызда өшпей, қалады.

Біліммен бірге бірлігі елдің оянды,
Республика мен Астанамыз да бой алды.
Сіздердей тұлға өмірге келген қазақтай
Егемен елдің болашағы бар баянды!

                                                                                                       ШЫНАР ТӨЛЕУХАН


ПІКІР ҚАЛДЫРУ