Шет елде оқудың артықшылығы мен кемшілігі…
Жақсы білім — бұл әрқайсымызға жақсы жұмыс тауып, жоғары табыс табу үшін қажет негіз. Отандық білім беру деңгейі әлемдегі ең жоғары деңгейден алыс және шетелде білім алудың айтарлықтай артықшылықтары бар. Сондықтан көптеген адамдар шетелге баруға және сол жерде оқуға тырысады. Апта, ай немесе тіпті бірнеше жыл болсын – бұл тәжірибе. Ол, сіздің өміріңізді жақсы жаққа өзгертуге және бәсекелестік өте жоғары әлемде артықшылыққа ие болуға көмектеседі.
Ерте жастан бастап, айналасындағылар шетелде оқу керемет, беделді және қызықты екенін айтады. Бірақ шетелде білім алудың артықшылықтарын ғана табуға бола ма?, кешіліктері қандай?
Сонымен, Шетелде білім алудың қандай артықшылықтары бар екенін анықтайық.
- Қызықты тәжірибе. Ең алдымен, бұл баға жетпес халықаралық тәжірибе. Әдетте, кез-келген ұлттың азаматтары шетелге оқуға барады. Сондықтан сізге біреудің мәдениетін көруге, жеке дәстүрлермен танысуға мүмкіндік беріледі. Шетелде оқуды міндетті нәрсе ретінде ғана емес, сонымен қатар тосынсыйлар мен жағымды оқиғаларға толы саяхат ретінде де қарастыруға болады.
- Шет тілін жетілдіру. Шет елге тіл үйренуге келген студенттер үшін, сол атмосферасына толығымен енудің тамаша мүмкіндігі. Оны өз отанында толық көлемде жасау мүмкін емес.
- Жоғары білім деңгейі. Оксфорд, Кембридж сияқты әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алу жоғары деңгейде жүргізіледі. Басқа еш жерде сіз осы оқу орындарындағыдай білім ала алмайсыз. Алынған тәжірибе сіздің мансабыңызда оң рөл атқаратыны сөзсіз. Жұмыс берушілер міндетті түрде сізге назар аударады. Мұндай біліммен сіз өмірде бұрын соңды болмаған және мұндай тәжірибесі жоқ адамдарға қол жетімді емес көптеген мүмкіндіктерді ашасыз.
- Мамандықтардың кең таңдауы. Әлемдегі ең ірі жоғары оқу орындарында мүлдем басқа бағыттар бойынша оқытуды ұсынады. Сондықтан ешбір жанға қолайлы мамандық табу қиынға соқпайды. Сіздің мүмкіндіктеріңізге сүйене отырып, сізде мамандық бойынша толық курстан өтуге мүмкіндік бар. Оқуға тек студенттер мен оқушылар ғана емес, біліктілігін арттырғысы келетін, мамандығын өзгерткісі келетін ересектер де келеді.
- Жаңа таныстар. Әрине, оқу барысында сіз біраз уақыт өмір сүретін және сөйлесетін көптеген жаңа таныстарды кездестіресіз. Жаңа достарыңыз, серіктестеріңіз немесе болашақ әріптестеріңіз болады. Бұл сіздің психологиялық жағдайыңызға оң әсер етіп қана қоймайды, сонымен қатар сіздің өміріңіздің кез – келген сәтінде пайдалы болуы мүмкін-мүмкін.
- Жұмысқа орналасу мүмкіндігі. Оқу курсын бітіргеннен кейін көптеген оқу орындары ең жақсы студенттерге жұмыс орындарын немесе тағылымдамадан өту гранттарын ұсынады. Отандық және шетелдік компаниялар тұрақты негізде осындай оқу орындарымен ынтымақтасады, онда болашақ жұмыскерлерге жоғары жалақы мен бүкіл әлемдегі үздік жобаларда қызықты жұмыс ұсына отырып, оларды табады.
- Тұрақтылық және өз өмірін өз бетінше құру мүмкіндігі. Шетелге оқуға кететін адамдар бейтаныс адамдармен, жаңа мәдениет пен өмір ережелерімен қоршалған бейтаныс жерде «өмір сүруге» мәжбүр. Ол тәуелсіздікті, еңбекқорлықты және тапқырлықты дамытады. Бұл қасиеттерге тек табысты адамдар ие, сондықтан мұндай мүмкіндікті жіберіп алмау керек. Сонымен қатар, сізді сіз сияқты жақсы жаққа ұмтылатын, дамып, өз өмірлерін құрғысы келетін адамдар қоршап алады. Сондықтан сіз әрқашан сәтті адамдардың ортасында боласыз, бұл сіздің өміріңізге де оң әсер ете алады.
Шетелде білім алудың кемшіліктері
Шетелде білім алудың пайдасы мен артықшылықтары шексіз болып көрінеді. Бірақ бәрі бірдей қарапайым емес. Шетелде білім алудың қандай кемшіліктері бар екенін білейік.
- Бірінші атап өткім келетіні ол оқу бағасы. Білім, әсіресе ең жақсы, тегін немесе арзан бола алмайды. Сондықтан, көптеген адамдар мұндай мүмкіндіктен бас тартады. Оқу бағасы аптасына 200 евродан басталады, содан кейін жол жүру, тамақтану және тұрғын үй құны да арзан емес. Егер сіз бір айға немесе бірнеше семестрге барғыңыз келсе, онда курс үшін 1500 евродан төлеуге дайындалыңыз.
- Отбасылық істер. Шетелге оқуға кетуді шешкеннен кейін, сіз оқу кезінде жұмыстан, отбасыңыздан, достарыңыздан кетуге тура келетінін нақты түсінуіңіз керек. Кейде мұндай өзгерістерге төтеп беру өте қиын, әсіресе егер сізде мұндай тәжірибе болмаса.
- Жаңа жағдай және қатаң жағдайлар. Біріншіден, көшуге жиі жол беру қиын, өйткені сіз жақын жерде достарыңыз немесе таныстарыңыз жоқ жаңа елде жалғыз боласыз. Сіз өмірдің жаңа ережелеріне бағынуыңыз керек. Екіншіден, шетелде оқу шарттары өте қатал. Сіз тәртіпті сақтауыңыз керек, материалды тез игеруіңіз міндетті, сабақты өткізіп, жібермеуіңіз қажет және аралық білімді тексеруден сәтті өтуге тиіссіз.
- Тілдік кедергі. Шетелде оқу негізінен шет тілінде жүргізілетіні түсінікті. Оқытушылар сабақтарды шет тілінде өтеді. Барлық оқулықтар мен материалдар шет тілінде жазылған. Сондықтан тілді білу деңгейі түсіну мен қарым-қатынас үшін жеткілікті жоғары болуы керек. Көбінесе білім беру мекемелері тілді тікелей сол жерде үйренуге мүмкіндік береді, бұл сізге қосымша уақыт пен қаржылық шығындарды қажет етеді. Әйтпесе, сіз айналаңыздағы ақпаратты жай ғана қабылдай алмайсыз.
Шетелде білім алудың жақсы да, жаман да жақтары бар екенін білдік. Сіз өзіңіз үшін нақты шешім қабылдауыңыз керек, бұл одан да маңызды. Шешім теңдестірілген және жақсы ойластырылған болуы міндетті. Егер сіз қиындықтардан қорықпасаңыз және болашағыңыз үшін күресуге дайын болсаңыз қапы қалмаңыз. Бәрі сізге байланысты және ешкім сізге кедергі жасай алмайтындығын ұмытпаңыз!
Хайдарова Сара Есмағамбетқызы
Windows қолданушылары назарына!
Компьютерден жаңа қалта (папка) ашқанда, оны қалай атасаңыз да өзіңіз білесіз. Бірақ, Microsoft компьютерлерінде бұған қарама-қайшылық бар. Бұлай дейтініміз Microsoft-та жаңадан қалта ашқанда оны «con» деп атауға болмайды. Неге дейсіз ғой? Оның өзіндік тарихы бар.Әлем танитын миллионер Билл Гейтсті танушы ма едіңіз?
1976 жылы Microsoft компаниясының негізін қалаған дәл осы Б.Гейтс болатын. Болашақ миллионер оқушы кезінде өзіне қызықсыз пәндерді ысырып қойып, математика пәнін сүйіп оқыған. Сыныптастары оны «con», яғни «оқымысты» деп атап келеке қылған көрінеді. Бұл оқушы Б.Гейтс үшін жағымсыз сөзге айналғандықтан, ол барлық жерде осы сөзден құтылуға тырысқан. Сондықтан да сіз Microsoft компьютерлерінде «con» атауымен қалта аша алмайсыз. Сенбейсіз бе? Өзіңіз көріп көз жеткізсеңіз болады.
Гүлманат Райымбаева
Қазақстанға шетелдік блогерлер не үшін шақырылмақ?
Алматы қалалық туризм басқармасы қаланың халықаралық және ішкі нарықтағы брендтерін әлемге таныту мақсатында оңтүстік астанамызға шетелдік блогерлерді шақыруды жоспарлап отыр.
Грузия, Армения, Беларусь, Ресей, Украина, Түркия, Корея, БАӘ және Гонконгтен 20 блогер шақырылады. Олар Алматы аумағындағы Қазақстанның тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін киелі орындарды аралайтын болады. Блогерлердің турына бюджеттен 26 млн теңге бөлінетін көрінеді. Шетелдік қонақтар үшін қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеу бойынша шеберлік сыныбы және ұлттық киімдегі фотосессия мен қолөнершілер шеберханасына бару ұйымдастырылатын болады.
Осыған ұқсас жоба осыдан 2 жыл бұрын Жастар жылы аясында ұйымдастырылған болатын. Бір айырмашылығы, 2019 жылы келген блогерлер еліміздегі бірнеше аймақтарды шолып шықты. Атап айтар болсақ: Рахман қайнарлары, Берел қорғаны, Қатон-Қарағай ауданы, «Косы Вероники» сарқырамасы, Зырян және Осиновка асуы. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи және Арыстан баб кесенелері, Отырар, Сауран қалалары мен Ақсу Жабағылы қорығы. «Бурабай» ұлттық табиғи паркі, «Ботай-Бурабай» және «АЛЖИР» мұражайлары. Ақтау қаласы, Бозжыра шатқалдары мен алқабы, Кендірлі, Тоқмақ мысы, Қарақия және Түйес. Алматы қаласы, Үлкен Алматы көлі, Шарын шатқалы, Қайыңды көлі, Тамғалы тас пен Алтын Емел жерлерінде болды. Шетелдік блогерлерден талап етілетіні: саяхат барысында түсірген бейнематериалдарын Youtube-ке жүктеп, алған әсерлерімен бөлісу.
Мұндай жобалар еліміздегі туризмді дамыту және оны шетелге таныту мақсатында ұйымдастырылады. Нәтижесінде, Қазақстанға келетін туристер саны артатын болады деп күтілуде.
Гүлманат Райымбаева
Талайды таңқалдырған тележоба
Қазақстандық көрермендердің жүрегін жаулаған музыкалық «Маска» телешоуының алғашқы маусымы өз мәресіне жетті.
Талайды тәнті еткен шоудың финалына Аққу, Арыстан және Арқар маскалары жеткен болатын. Жеңімпаз Арқардың маскасын киген әнші Ерден Жақсыбеков атанды. Жобаға барлығы 14 маска қатысты. Әрбір маска өз алдына ерекше, қазақи болмысымызға сай етіп тігілген. Сол ерекше маскалардың астында халық алдында жүрген танымал тұлғалар өнер көрсетті. Олар осы жобада өздерін мүлдем басқа қырынан көрсете білді.
Жобадағы әрбір масканың өзінің жанкүйерлері табылды. Көрермендер масканың ішіндегі адамның кім екенін білмесе де, оларға отбасымен қолдау білдірді. Әр бөлім сайын бір-бір маскадан жобадан шығып отырғаны өкінішті-ақ. Бірақ, бұл жоба талабы болатын.
Барлығымыздың назарымызды аударған жобаның тарихы қай елден бастау алғанын білесіз бе? Аталмыш жоба Оңтүстік Корея елінде пайда болған. Ең алғашқы көрсетілімі 2015 жылдың сәуір айында шыққан. Сол уақыттан бастап атышулы шоу әлемнің 30-дан астам елінде өткізіліп келеді.
Осы жылы біздің елімізде «Хабар» арнасында алғашқы маусымы өткені барлығымызға белгілі. Көрерменнің көңілінен орын таба білген сәтті жоба өз жалғасын табады деген үміттеміз.
Гүлманат Райымбаева
Мотивация беретін топ 5 фильм
Адамдарға көп жағдайда қандай да бір іспен айналысу үшін немесе мақсатқа жету үшін мотивация керек . Кейде пенде болған соң өмірге деген құлшынысың артпай, өмір қызық еместей болып көрінеді. Сондай сәттерде өмірге деген қызығушылығыңды арттыратын , өзіңді шабыттандыратын қандай да бір іспен шұғылдануың қажет деп ойлаймын.Осындай сәттерде «Қандай іспен шұғылданамын ,мотивацияны қайдан аламын?» деген сұрақтар туындайды. Мен мотивацияны көбіне жақын адамыммен сырласқанда,кітап оқығанда немесе фильм қарағанда аламын.Көбіне қолым бос кезде өзім отырып қызықты фильмдер көргенді жақсы көремін. Фильмді көріп қана қоймай оны ұғынып ,өзің үшін түйін шығарып үйренуің қажет.Ал түйін шығару үшін кез-келген фильмді емес, мән-мағынасы бар фильмді көруге кеңес беремін.Мағынасы бар фильмдер сізге тек мотивация ғана емес , қандай да бір ой тастауы мүмкін.Өзім көрген сондай қызықты ,әрі шабыт беретін фильмдер тізбегін сіздерге ұсынамын .
- Дангал(Күресу)
Дангал – 2016жылы түсірілген үнді туындыларының бірі болып табылады.Спортты сүйетін адамдарға өте әсерлі фильм.Сонымен қатар қазіргі кезде көтеріліп жатқан ең маңызды жағдайлардың бірі – феминизм,әйел теңдігі туралы айтылады.
Фильмнен қысқаша айта кететін болсам ,Дангал қазақ тілінде «Күресу» деген мағына береді. Басты рөлдегі Махавира Сингха Пхогата жастайынан күреске әуес болады. Алайда отбасы мен ақша мәселесіне байланысты күресті тастап кетеді. Оның арманы елінің туын желбіретіп,алтын медаль алып беру болатын.Бірақ , ол бұл арманын орындай алмаған соң,болашақта ұлымды күреске баулып, еліме қалайда алтын белгі аламын деп ант етеді. Алланың жазғаны сол шығар оның ұлы емес төрт бірдей қызы болады. Махавира Сингх қыздың өмірі тек қазан-ошақтың қасы емес,одан да үлкен белестерді бағындыруға болатынын көрсетеді.Ол қыздарын жастайынан спортқа баулып,үлкен жетістіктерге қол жеткізіп елінің туын асқақтатады.Фильмде тек шаршы алаңда күресу ғана емес,өз-өзіңмен күресуді,жеңіс пен қатар жеңіліс те бірге жүретінін үйретеді.Алайда сол жеңілістерге мойымай өзіңе сеніп,тек алға ұмтылуды көрсетеді.
2.Бақыт жолында ( В погоне за счатьем )
Бақыт жолында – бұл фильмді көп адамдар көрген болар. Алайда көрмеген болсаңыздар міндетті түрде көруге кеңес беремін. Шынайы өмірден алынған мотивацияға толы,өте әсерлі фильм. Фильмнің қысқаша сипаттамасы: Крис Гарднердің ұлы ғана бар, үйі де, жұмысы да ештеңесі жоқ. Ол ештеңеге қарамастан ұлы үшін, арманы мен мақсаты үшін барлығына да барады.Крис үшін мотивация оның — ұлы. Мақсатына жетер жолда қанша кедергілерден құласа да, қиындықтарға мойымады. Ол бақыт жолында көп қиыншылық көретінін біле тұра, барлығына тәуекел етті.Тәуекел етіп, ешқашан мойымаған адам әрқашан жеңіске жетеді.
- Капернаум
Капернаум – 12 жасар баланың басынан кешкен оқиғасы айтылады. Фильмнің сюжеті өмірден алынған,адамға ой салады. Кейде біздің басымызда болып жатқан қиыншылықтар мына баланың қиыншылығының қасында түк еместей көрінеді.
Фильмнің қысқаша сипаттамасы: 12 жасар Зейн көп балалы , жағдайы нашар отбасында дүниеге келеді. Ата-анасының жауапкершілігі болмағасын,Зейн бар ауыртпашылықты өз мойнына алады. Кішкентайынан дүкендерде зат тасып,қайыршылықпен айналысып үйіне ақша әкеледі. Қиындықтан қажыған кішкентай бала Швецияға кетуге документтер дайындайды. Алайда оның жоспары орындалмай , өмірі түбегейлі өзгереді.Бұл фильм қанша сағың сынса да,өмірден түңілмеуді,барға қанағат,жоққа тәубе етуді үйретеді.
- Неприкасаемые 1+1
Бұл шынайы өмірден алынған, өте керемет фильм. 2011жылы жарыққа шыққан,комедия жанрындағы фильм. Қысқаша сипаттамасы: басты рөлдерде Франсуа Клюзе мен Омар Си ойнайды. Филипп – өте бай,бірақ арбаға таңылған кісі. Ал Дрисс түрмеден шыққан бұзақы болады. Филипп өзіне қарайтын көмекші іздейді және оның көмекшісі боып Дрисс жұмысқа тұрады. Қыңыр мінезді Филипп пен бұзақы Дрисс жақсы достарға айналады. Дрисс Филипптің аяғы мен қолы болады,өмірде аяқ-қолың жұмыс жасамаса да бақытты өмір сүруге болатынын көрсетеді.
Фильмнен өмірде ақша мен байлықтан да басқа құнды дүние бар екенін түсінесің. Әрқашан кез-келген сәтте сені қолдайтын,сен үшін уақытын арнайтын адамдардың барын ұғынасың, сезесің, қуанасың.
5. Человек, который изменил все (Барлығын өзгерткен адам)
Бұл фильм 2011жылы АҚШ-та жарық көрді. Басты рөлле Брэд Питт ойнайды. Фильмнің қысқаша мазмұны: Өмірден алынған бейсбол командасының менеджері Билли Бинаның шынайы оқиғасы. Билли Бинаның командасындағы барлық адамдар оқыс апаттан қайтыс болады.Ол қайта команда жинау үшін көп еңбек етеді.Оған ешкім сенбесе де , ол өзіне сенімді болды. Фильм тек спорт жайлы емес, сонымен қатар өмірде екінші мүмкіндіктің болатынын, оны тиімді пайдалану керегін, адамдардың сан қырлы таланты болатынын көрсетеді. Өмірде таңдау жасаудан қателеспеу керегін, өзіңді және басқаны да өзгерте алатыныңды үйретеді.
Міне,бұл мен көрген және маған ұнаған фильмдер топтамасы. Қысқа екі сағаттық фильмдерден де ой саларлық дүние көруге болады.Сондықтан бір сәт уақытыңызды бөліп,пайдасы бар фильмдер қараңыздар.
Ерсайынова Бибақыт Тұран университеті 3курс
Ұстазыма арналған мадақ сөз
Жаңа қоғамға рухани жан дүниесі бай,бойына ата-бабамыздың ізгілігі мен адамгершілігін,имандылығын сіңірген,дүниетанымы,талап-талғамы,білімі мен білігі жоғары жеке тұлға тәрбиелеуде ұстаз еңбегі ерекше. Сондай педагогикалық еңбектің шебері,сен мыңдаған шәкірттің жүрегіне жол тауып,ғылым-білім көшінде келе жатқан ізгі жанның бірі,өмірдегі ұстазым әрі әжем – Әнипа Есенжоловаға өзімнің ізгі ниетімді білдіргім келеді.
Әнипа Есенжолова 1948жылы 22желтоқсанда Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген. «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» болған әжем Арал ауданындағы №15 орта мектептің түлегі еді. Ол 1967жылы М.Мәметова атындағы педучилищені,1973жылы математика факультетін бітірген.Еңбек жолын Арал ауданындағы №71орта мектептен бастаған.
Ұлағатты ұстаз,тәжірибелі маман,жаны жомарт,пейілі дархан әжем менің өніп-өсуіме,тәрбинің шыңына жетуіне барын салған адам. Бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігімнің барлығы осы әжемнің бағыт-бағдары,тілегі мен қолдауының арқасы деп білемін. Әжем маған өмірдің қыр-сырын білуге,сын қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып,жан-дүниеме шуақ түсіріп,адамгершілікке баулыған ұстазым. «Ұстаздық еткен жалықпас,үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай,әжем,маған да басқаға да ақ пен қараны айыруды үйретуден жалыққан емес. Маған берген өмірлік бағытыңыз бен шынайы тілегіңіз үшін алғысымды айтып тауса алмаспын,сірә!
Себебі жүрегі мейірімге толы өмірлік ұстазым мадаққа да,марапатқа да лайықты. Олай дейтінім саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған апатайым – шәкірт жүрегіне жол таба білген ұстазым. Маған үйреткенді өзгеге де,өзге оқушыға үйреткенді маған да үйренкен әжем,ешкімді бөліп жарған емес. Әр оқушысын өз баласындай мәпелеп,жақсылығын асырып,жамандығын жасыра білген ардақты «Ана».
Ұстаз еңбегінің қыр сыры мол,қиын да жауапты,шығармашылық еңбек екендігіне қарамастан ол үнемі отбасына да уақыт табатын. Әр кез жұмысына жақсы көңіл күймен кетіп,жадыраңқы көңіл күймен келетін. Өзінің жұмысын жақсы көргені соншалық бір де бір рет шаршадым деген сөз айтпайтын.
Әжемнің ерекшелігі әділдікті сүйетін,адам еңбегін адал бағалайтын,оны тәрбиелеуде батыл қадамдар жасайтын,тапсырылған жұмысты жауапкершілікпен және бар ынтасымен жасайтын керемет жан.
Құлағанда көтеріп,мойығанда қолдау көрсетіп,жылағанда жұбатып,қателескенде кешіріп,білмегенімді үйретіп,адам қатарына қосып,әр кез қолыңызды созғаныңыз үшін алғысым шексіз.Менің мақтанышым секілді,мен де сіздің мақтанышыңыз болу үшін барымды саламын.Сізді жерге қаратпаймын деп уәде беремін!Ізгі ниетпен немереңіз.
Бибақыт Ерсайынова
Тұран университеті
3 курс студенті
Журналистика әлеміне саяхат
Сан түрлі қырлары мен ғажайыбы бітпес мына өмір барлығымызға жұмбақ. Өзгелерден өзгеше болу, болмысы мен жан дүниесін әсемдікке толтыру, барлық жанның арманы. Өзіңе не керектігін,нені жүрегің қалайтындығын білетін адам, әрқашан жетістікке жетпек. Өмірің мәнді болсын десең, әрине, таңдай да, талғай да білу керек. Болашағыңның жарқын болуының бірден бір себебі, өмір бойы айналысатын сүйікті нәрсеңе байланысты екенін білгенің жөн. Ол дегеніміз әрине, мамандықты дұрыс таңдай білу. Ал сен, ең қызықты, ең мықты мамандық түрін білгің келе ме? Жұдырықтай жұмылса жер жаһанды көтеретін журналист қауымын үздіктердің үздігі дер едім.
Журналист–әлемде болып жатқан алуан құбылысты зерттеп, саралай алатын, мақсаткер, халық мұңы мен қуанышын сөзсіз ұғатын нағыз кәсіп маманы. Төртінші билік иесі болған бұл мамандық иелері халықтың ең сенімді жанашырлары. Қаламың мен қағазың арқылы қорғансызға пана болып, әділеттік тапқанда, біреудің бақытты болуына себепші болғанда бұл мамандықтың құдіретін сезінуге болады. Тіл жансызды жандандырады, әлсізге күш береді, мықтыны ойсыратады. Мықты журналист болу тікелей тілмен тығыз байланысты. Тілінде тазалығы бар, сауатты, сөзі салмақты журналисттің жұмысы мен еңбегі қашан да биік бағаланады. Журналист болу үшін бойында қайсар, пысық, шапшаң, сабырлылық деген сияқты қасиеттер болу керек. Журналистика мамандығы қызығы мен қиындығы қатар жүретін жан – жақты мамандық. Бұл мамандықты игеру үшін әрине, ең бастысы ниет пен қабілеттің болуы шарт. Журналистика мамандығын таңдай отырып, радио, теледидар, газет, түрлі редакцияларда жұмыс жасауға болады. Бұл мамандықта қайсарлықты, жұмысқа тиянақты қарауды, жауапкершілікті сезінуді үйренесің. Мықтылардың арасында жүріп тәжірибе алмасып, өзіңді шыңдауға кірісесің.
Журналистика мамандығының қоғамға тиер пайдасы өте көп. Себебі, журналист халық пен биліктің алтын көпірі, халықтың айнасы. Заңгерлер құқығымызды қорғап, дәрігерлер денсаулығымызды сақтайтын болса, журналистер халықтың әрбір ауруына ем бола алады. Іштеріндегі астарлы ойы мен жан айқайын осы журналист қауымы бір – ақ сәтте жеткізеді. Соның арқасында қоғамның барлық сұрақтары жауапсыз қалмайды. Осындай жауапкершілігі мол мамандық иесі атану үшін де батыл болу қажет.
Тәуекелге бара алатын болсаң, қиындықты жеңе алатын болсаң, журналистика мамандығы сені есігін айқара ашып қарсы алады. Сөз саптауыңды дамытып, өзгелерден ерекше көзқарас қалыптастырып, дүниетанымыңды кеңіткің келсе, кітап оқы. Кітаппен дос болған адамның өзі де, сөзі де басқа. Әрине, кез – келген адам бұл мамандықпен келісе алмайды. Дегенмен, белгілі нысанға жетудің тоқсан тоғыз пайызы еңбектен тұратынын есте ұстағанымыз жөн. Бар күшіңді салатын болсаң, еңбектенсең әлемнің мың есігі жеңіс болып ашылады.
Бибақыт Ерсайынова
Тұран университеті
3 студенті
Сөздік қорды байытудың 6 жолы
Сөздік қорды байыту үшін өзім қолданатын 6 әдіс.
1. Кітап оқу . Бәрі айтып жауыр етсе де , » Кітап — үйреткеніне ақы сұрамайтын қазына » . Тек , таңдаудан мүлт кетпеңіз ! Мұқият оқу арқылы ерекше , сіздің сөз қолданысыңызда жоқ сөз тіркестерді блокнотқа жазып жүруді әдетке айналдырыңыз . Мағынасын түсінбеген сөзіңізді түсіндірме сөздіктен не гуглдан сөздің этимологиясы деп ақтарсаңыз 3 секунд жеткілікті . Нәтижесінде , +1 мағыналы , айрықша сөз тіркесі қоржыныңызда .
2. Айтыс көру . Ютубқа терерде сөз сайысшыларын биік пайыммен таңдаңыз . Айрықша тіркесті құлағыңыз шалса , видеоны тоқтатып , жазып алуға ерінбеңіз . Мұнымен іс бітпейді .Мәселен , пицца жасаудың рецебін мастер кластан көргеніңізбен , өзіңіз дайындап көрмесеңіз , оны жасай алатыныңызды не алмайтыныңызды білмейсіз ғой . Сол секілді , орайы келсе , өзіңізге ұнаған тіркесті жазғанда , біреумен сөйлескенде қолдану керек .
3. Аптасына бір рет газет — журнал оқу . Жазылып алдырмасаңыз да , ресми сайтынан іздеу . Мақалада автордың мақал — мәтелдi , статистиканы қалай үйлесімді қолданғанын көңіл сүзгісінен өткізу . ( » Егемен Қазақстан » , » Айқын » )
4. Айтары бар , сөз саптауы сауатты тележүргізушінің бағдарламасын көру . Мұнда да , есті сөзді ести сала , қойын дәптерге түртуді ұмытпаңыз ! Күнделікті қолданыңыз . ( » Тұлға » , » Парасат майданы » , » Асыл қазына » ) .
5. Тұлғалық қасиеттері дамыған , өмірде жетістікке жеткендермен сұхбаттас болуға асығыңыз !» Жақсымен бірге өткізген жарты сағат , жаманның өтіп кеткен ғұмырындай » .
6 . Осының бәрін істей алмасаңыз , тым құрығанда , әлеуметтік желіде мәнді мәтін жазатын жандарға тіркеліңіз .
Бибақыт Ерсайынова
Тұран университеті
3 курс студенті