ІЛИЯС  ЕСЕНБЕРЛИН (1915—1983)

0
3031
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

Ілияс Есенберлин 1915 жылы Ақмола облысындағы Атбасар қаласында туған. 1940 жылы Қазақ тау-кен институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейінгі жылдарда филармонияны, «Жазушы» баспасын басқарады, т.б. жұмыстар атқарады. Жазушы Алматыда дүние салды. Қазақ әдебиетінде I. Есенберлин — жазған романдарының саны ең көп аса көрнекті жазушылардың бірі. Жазушы «Айқас» (1967), «Ғашықтар» (1968), «Алтын құс» (1971), «Көлеңкеңмен қорғай жүр» (1974), «Маңғыстау майданы» (1978), «Аманат» (1978), т.б. романдарымен оқырман назарын өзіне аударды.

Тарихи романдары. Есенберлиннің нағыз жазушылық орнын белгілеген шығармалары «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» атты тарихи романдары.

Тарихи романдар деп өткен тарихтың маңызды оқиғаларын қайта жаңғыртып, оларды көркем түрде баяндайтын романдарды айтады. Жазушылар тарихи романда тарихты жаңғыртумен шектеліп қоймай, адамгершілік, психологиялық, мәдени мәселелерді біртұтас көтеруге көңіл бөледі.

Жазушы I. Есенберлин өзінің тарихи трилогиясында қазақ елінің XV—XIX ғ.ғ. тәуелсіздік үшін табанды күрестерін көркем суреттейді. Осы жолдағы қыруар қиындықты, ішкі қайшылықтарды, адам қатынастарын, олардың әрекеті мен мінез құлықтарын, сырт жаулармен шайқаста шыныққан бірлікті, дәстүрді, салт-сананы көрсетеді. Тарихи жазба деректерге, шежіре мағлұматтарына, аңыз әңгімелерге сүйене отырып, қаламгер қазақ халқының тарихының аса маңызды тұстарын ашып, көптеген тарихи қайраткерлердің көркем тұлғасын жасайды.

«Алмас қылыш» романы — XV ғ. оқиғаларынан аса көп мағлұматтар бере алады және ол оқиғалардың жылнамалық реті сақталған. Сол себепті де оны роман-хроника деп атауға болады. Роман-хроника болғандықтан, онда көптеген тарихи оқиғалардың тізбегі басым келуі — жанрлық заңдылық.

«Алмас қылыш» романында Дешті Қыпшақтың (бұрыңғы қазақ елінің бір атауы) қаһарлы ханы Әбілхайырдың кезінде қазақ руларының қазақ хандығы қол астына топтасуы, бір жағы — Әбілхайыр, екінші жағы — Жәнібек, Керейлердің тақ пен тәж үшін таласы, хан ордасындаіы шытырман оқиғалар, алдау мен зорлықтар тізбегі баяндалған. Кітаптың бірінші бөлімі — Әбілхайыр ұлысының екіге бөліну жағдайын көрсетуге арналса, екінші бөлімі қазақ хандығының ішкі, сыртқы жауларымен кескілескен күрес үстінде шынығып ширауы, бұл жолдағы қыруар кедергілер мен қиындықтар көрсетілген.

Романның басты идеясы — қазақ руларының бірлесу, бір хандықта ынтымақ құру мәселелері.

Шығармада басты қаһарман Әбілхайырдың, сондай-ақ Жәнібек, Мұхаммед Шайбани, Бұрындықтардың, тағы басқа тарихта болған қайраткерлердің бейнелері жасалған. Автор олардың күрделі тұлғаларын бойындағы қайшылықтарын ашып көрсету арқылы жасайды. Мәселен, Әбілхайыр, бір жағынан, айлакер, ақылды айбарлы ел басшысы болса, екінші жағынан, өз мақсаты жолында ешбір арамдық, азғындықтан тайынбайтын мейірімсіз, қанды қол. Оның жүздеген жылдарға созылып, әріден келе жатқан Шыңғыс ханның үрім-бұтағының озбырлық саясатын жалғастырушы екенін де автор жасырмайды, хан екен деп, орынсыз дәріптемейді.

Қалың әлеумет адамдары да романның басты идеясын ашуда елеулі қызмет атқарады. Мәселен, Асан қайғының Бердібек пен Әбілхайырға айтатын қатал сын сөздері, Әбілхайырдың Керей мен Жәнібек елін шабам деген екпінінің қол астындағыларының қолдамауынан су сепкендей басылуы сияқты көріністер бұған айғақ.

Мұнда халықтың жақсы қасиеттерін бойына дарытқан Қобыланды, Қазтуған, Саян, Орақ секілді кейіпкерлер романның идеялық жүгін едәуір көтеріп тұр. Мәселен, Қазтуған мен Қоқан ақындардың айтысы арқылы роман бүкіл қазақ даласының тарихи көрінісін, шежіресін береді, халықтың сан ғасырлық өмірін, күрестерін, олардың сыры мен сипатын айтады.

Трилогияның «Қаһар» атты кітабында I. Есенберлин XIX ғ-дың 30—40 жылдарындағы Кенесары Қасымов бастаған Ресей отаршылдығына қарсы қозғалыстың жай-күйін әңгімелейді. Мұнда жазушы жұртқа бұрыннан белгілі тарихи оқиғаларды тізе отырып, ондағы адамдардың күйініш-сүйінішімен, арман-өкінішімен, мұратымен, кейіпкерлер тағдырымен байытып көрсетеді.

«Қаһарда» қазақ даласында тәуелсіз хандық орнатуды мақсат еткен Кенесарының қол жиып күреске шығуы, тәуелсіздік үшін күресті қолдамаған сұлтандарға және патша бекіністеріне шабуылы, Кенесарының билікке қол жеткізу үшін патша өкілдерімен келіссөздер жүргізуі, талабы өтпеген жерлерде халық қанының төгілуімен есептеспей, күш қолданылатын істерге баруы баян етіледі. Осы жолдағы ханның қаталдығы, елдің күйзеліске ұшырауы, Кенесары дұшпандарының ұйымдасқан іс-әрекеттері, сан алуан адам мінездері көрсетіледі.

Бір отаршылдан екінші отаршылдың артықтығы жоқ екені, бәрінің көксеген мүддесі қазақ елін бөлшектеп бөліп, өлсіретіп, қансыратып, талан-таражға салу, өз билігін жүргізу екенін жазушы ашып көрсетеді. Мәселен, Қоқан, Хиуа хандықтарына ұзақ уақыт тәуелді боп тұрған оңтүстік қазақтарының ауыр жағдайы, Ташкенттің құшбегі Бегдербектің жәрдем сұрап барған Есенкелді, Саржанды қасындағы нөкерлерімен бірге опасыздықпен өлтіріп жіберетін суреттер тарихи шындықтарға негізделген.

Романда Кенесары бейнесі тарихи толық мазмұнда көркем сомдалған. Автор оның жеке басындағы ерлік пен парасаттың үйлесімін шебер аңғартады. Мысалы, Саржан мен Есенкелдінің құшбегі Бегдербек қолынан қапыда мерт болғанын естіп, «Ташкентті шабу керек» деген Қасым төренің кеңесін іштей қабыл көрсе де, соғысқа шығуға ертерек екенін түсініп, жоспарды кейінге қалдырады. Кенесарының Ақмола бекінісін алғанда көрсеткен ерлігі де әсерлі. Кенесары бастаған қозғалыстың белгілі батырлары — Ағыбайдың, Иманның, Төлебайдың, Басықараның, Жанайдардың, Бұхарбайдың эпизодтары да олардың батырлық бейнесін айқындай отырып, Кенесары тұлғасын толықтыра түседі.

Романда Ресей патшалығының әр дәрежелі өкілдері бейнелері де бар. Солардың ішінде, әсіресе, Қараөткелдің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендиннің халыққа қаны қас мейірімсіздігі мен мансап үшін арын сататын арамзалығы анық таңбаланған. Ол Омбы генерал-губернаторының сеніміне ие болып, билігі мен мансабынан айырылып қалмау үшін елдің бас көтерер адамдарын ұстап береді. Әйелі Зейнеп, баласы Шыңғыстың қылықтары да Қоңырқұлжаның шексіз азғындық өмір сиқын жалаңаштай түседі.

Жалпы алғанда, I. Есенберлиннің «Қаһар» романы — қазақ халқының азаттық жолындағы күрес шежіресіне қосылған,   оның   Кенесары   қозғалысы   сияқты   аса   ірі кезеңінің ішкі сырларын көркем түсінуге көмектесетін елеулі тарихи шығарма.

  1. Есенберлиннің «Жанталас» романы «Көшпенділер» трилогиясының құрамында тұрып, оқиғалық кезегі жағынан «Алмас қылыш» пен «Қаһар» аралығынан орын алады. Романның бірінші бөлімінде Жоңғар елінің жаулаушылық тарихынан, қазақ жеріне шабуылды қалай әзірлегенін, ұрымтал тұсты пайдаланып, жойқын соғыс бастағандығынан шежіре шертіледі. Қазақ халқының осы кезеңдегі ауыр қасіретке душар болуы, бірте-бірте ес жиып, күш қосып, Бұланты өзені мен Алакөл бойында алғашқы екі жеңіске жеткені айтылады. Сонымен қатар, Бұқар жырау әңгімесі арқылы қазақ жұртының Сауран қаласын шет жаулардан қалай қорғап қалғандығы туралы хиқая қозғалады.

Романның екінші бөлімінде Әбілхайыр, Бөгенбай бастаған қазақ қолы Ордабасы деген жерде жоңғарларға күйрете соққы береді. Әбілхайыр елдің тыныштығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында әрі өзінің хандық билігін нығайту ойыменен Ресей патшалығының қол астына кіреді. Алайда оның арманы толық орындалмай, патша өкімдерінің ойыншығына айналғаны романда тарихи шындық ретінде суреттеледі.

Билік үшін таласта Әбілхайыр хан Барақ сұлтанның қолынан өледі. Тақ үшін тартысқа ендігі жерде Әбілхайырдың баласы Нұралы шығады.

Романның үшінші бөлімінде Абылайдың және оның батырларының Жоңғар мен Қоқан билеушілерінен қазақ жерін азат ету жолындағы ауыр, даңқты күрестері, Абылайдық дербес қазақ хандығын бүтін, тәуелсіз ұстауға бағытталған істері тізілген.

«Жанталас» романында қазақ халқының XVIII ғ. жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресімен бірге Бұхар жырау әңгімесі арқылы Хақназар, Тәуекел, Есім хандар кезіндегі қазақ елінің ахуалы, үздіксіз жанталас соғыстар, сыртқы жаулардың толассыз шабуылы туралы да қыруар деректер берілген.

Романдағы басты кейпкерлердің адамдық болмыстары, психологиялық күйзелістері нанымды да әсерлі. Әбілхайыр хан жоңғарларға қарсы күресте қазақ қосындарының басшысы болып сайланып, екі-үш соғыста ерлік үлгісімен жеңіске де жетеді. Оның ақылдылық, айлакерлік, табандылық қасиеттері Ресейге Кіші жүз қазақтарын қосуында ашыла түседі. Бірақ, ол өзінің ішкі түпкі мақсатына жете алмайды. Патшалық оны бар қазақтың емес, Кіші жүз қазақтарының ғана ханы деп таниды. Әбілхайыр патшалық шешіміне көңілі толмай, бұлқынуға, басқа жол таңдауға дәрмені болмай, трагедиялық халге душар болады. Патшалық Ресей Әбілхайырдан қазақ атынан бағыну туралы антын алып алған соң, ендігі жерде Әбілхайырды керек етпейді. Әбілхайыр үлкен психологиялық күйзеліске түседі, ол өзінің тордағы құстай кіріптарлықда түскенін сезеді.

Романда неғұрлым айқын, толық көрінген тұлға — Абылай. Мұнда біз Абылайды алғаш рет өзінің шын аты мен тегін жасырып, Төле бидің түйесін бағып жүрген кезінен көреміз. Абылай романда талай-талай ақыл мен айла, тапқырлық, пен алғырлық сынынан өтеді. Оның кектеніп келе жатқан арғындардың қолына қарсы келмей, бой тасалап, шиеленісті апатқа ұрындырмауы, Ертіс өзені тұсынан қазақтарды шаппақ болып келе жатқан жоңғарлардан айламен үстем шығуы, Сыр бойындағы қалаларды Қоқан хандығы уысынан азат етуі, қалың қытай әскерін ілгері жібермеу үшін тапқырлықтары хан бейнесін биіктетеді. Жазушы Абылайды қазақ жерін жаудан босату, жан-жақтан анталаған көп дұшпанға төтеп беру, қазақ елін біріктіру жолында шыңдайды. Бұл туралы Абылай аузына өмірінің соңғы шағында мынадай сөздер салады: «…Өкінішім — үш жүздің басын қоса алмадым… Өзге жаудан қазақтың жерін қорғаймын деп жүргенімде дүние құрғыр өтіп кетіпті ғой».

Қорыта айтқанда, I. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы — оқушыны отаншылдық рухқа баулитын, тарихи таным берер мәні жоғары көркем туынды. Оның қазақ әдебиеті тарихында тарихи роман ретінде шоқтығы биік тұр.

Пайдаланылған әдебиеттердің тізімі:

Қазақ әдебиеті  Авторлары: Т.Жұмажанова, Т.Ақшолақов, С.Дүйсебаев, С.Қалиев Алматы, “Мектеп” 2000 ж.

Елтұтқа   Авторлары: М.Жолдасбеков т.б.   Алматы, 2003 ж.

Көшпенділер   І.Есенберлин    Алматы, 2000 ж.

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ