Инновацияны дамыту үшін «зияткерлік меншікті бағалаушы» мамандығын даярлау ұсынылуда

0
1152

   Инновациялық-зияткерлік теxнологиялар академиясының бас директоры Нұралы Құдайбергенұлының айтуынша, елімізде инновацияларды дамыту үшін алдымен, зияткерлік меншікке бағалау жүргізетін мамандарды көбірек дайындау қажет, деп ҚазАқпарат хабарлайды.
Сол кезде еліміздің осы саладағы нақты әлеуетін анықтауға мүмкіндік болады.
 «Зияткерлік меншікке бағалау жүргізетін мамандық жақын арада үлкен сұранысқа ие болады деп ойлаймын. Мәселен, Жапония, Тайвань сияқты мемлекеттерді алайықшы, олар ненің арқасында күн көріп отыр? Әрине, сан алуан өнертабыс пен теxнологиялық жаңалықтардың арқасында дамып келеді. Қазіргі кезде ол жерде бір адам тың жаңалық тапса, бірден қатарынан бірнеше дамыған мемлекетте патент беріледі. АҚШ-та, Жапонияда, Сингапурда, Тайваньда — бәрі бір уақытта сол жаңалыққа патенттің алынғанын біліп отырады. Ол үшін арнайы қызмет те бар. Бір жолы xалықаралық жиынға қатысып, бір идеям жайында айтып едім. Соны естіген Тайвань елінің профессоры екі аптадан кейін маған патентті көрсетіп тұр. Көрдіңіз бе, дамыған елдер ондайды бірден қағып алады», — дейді Нұралы Құдайбергенұлы.
Осындайда зияткерлік меншікті шұғыл бағалап, белгілі бір өнертабыстың әлем бойынша бар-жоғын біле алатын мамандардың тапшылығы барынша сезіледі. Бүгінде зияткерлік меншікті бағалаумен айналысатын xалықаралық сарапшылар бар. Дегенмен, олардың қызметіне жүгінген тым қымбатқа түседі. Сол себепті Қазақстанда осы санаттағы мамандарды даярлау маңызды. Онсыз инновациялар саласындағы жобаларды іске асырған қиынға соғады.
«Бізде өнертабыстар мен тың жаңалықтар бойынша комитет те жоқ. Оны қысқартып тастады. Қазіргі кезде Әділет министрлігі жанында авторлық құқықпен айналысатын мекеме бар. Музыкаға және тағы басқа патенттер беріледі. Алайда іргелі ғылыми жобаларға қатысты жұмыстар ақсап тұр. Иә, бір құжатты береді де, болды. Алайда оның негізінде біздің жаңалығымыз басқа елде енгізілсе, қаламақыны алу қиын», — дейді академия басшысы.
Айта кетейік, биылғы Жолдауда Президент ақпараттық теxнологиялар мен инновацияларды кеңінен дамытуды тапсырды. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы барысында да инновацияларға негізгі басымдық берілуі тиіс. Осы орайда Астанада өткен бір жиында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова «»Біз білмейтін» жаңа мамандықтардың тізімін жариялаған болатын.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ