Инстаграм желісіндегі алаяқтық

0
824
Cyber Theft

ХХІ ғасыр – технологиялардың қарыштап дамуымен қатар жүретін таптырмас мүмкіндіктердің уақыты. Күні кеше адамзат сымсыз телефонды алғаш рет қолына алған сияқты еді. Көзді ашып-жұмғанша өзінің ерекшеліктерімен таң қалдыратын смартфондардың да заманы келіп жетті. Әлем алға жылжыды және байланыс құралдарының сапасы артты. Осының нәтижесінде әлеуметтік желілер де адам өміріндегі өз орынын нақты белгілеп келеді.

Біреу үшін әлеуметтік желі қызық пен ойын-сауықтың орталығы болса, енді біреу үшін бұл желі табыс көзі болып табылады. Үшіншілері түрлі қосымшалардың көмегімен танымал болуға ұмтылса, келесісі аңқау азаматтарды алдап, халықтың қаражатын жымқырып жүр. Бүгін алтын көрсе жолдан таятын инстаграм желісіндегі алаяқтар туралы сөз қозғамақпын.

Инстаграм – блогерлердің кішігірім Отаны. Бұл желіде қандай да болсын қызықты контент жасай алған адам уақыт өте келе есімі елге мәлім жұлдыз болып шыға келеді. Жұлдыз болған соң, контентінен қаражат шығару үшін парақшаларына жарнама және бартер тәрізді қосымшаларды енгізе бастайды. Әрине, жарнамада тұрған ештеңе жоқ – блогерлер осы арқылы өз нанын тауып жеп жүр. Дегенмен, өздері жасайтын жарнамаға аз да болса көңіл бөліп қараса екен деген тілек бар.

Онлайн жұмыс.

Қазақ блогерлерінің арасында өз Stories-терінде немесе жазбаларында оңай жолмен табыс табуға шақыратын жарнамаларды орналастыратындар бар. Көбінесе бұл жарнама «онлайн жұмыс», «онлайн табыс» сияқты кілт сөздермен беріледі. Қаражат таппай қиналып, инстаграм желісінде отырған отандастарымыз осы тәтті сөзге жиі алданып, нәтижесінде қарызға батып жатады. Бұл жұмысқа шақыру мынандай сөздер арқылы жүзеге асуы мүмкін:

Қызықты жарнамалармен алдап, онлайн табысқа адамдар жинаған соң, жұмыс берушілер сізге қосымша арқылы инстаграмдағы парақшаларға лүпіл басып, пікір жазуды үйретеді. Бұл жұмысқа күніне 12-13 сағат уақыт бөлсеңіз де, тапқан табысыңыз 500 теңгені құрайды. Күніне 5000 теңгеге дейін табысқа шығарамын деген алдамшы сөздер қайда қалды сонда?

Онлайн дүкендер.

Мәселенің мәні болып тұрған тек қана онлайн табыс тақырыбы емес, сонымен қатар, халықтың қаражатын жымқырып, қалтасына басып жатқан онлайн дүкендер де қызмет етеді. Онсыз да адамдар арасындағы сенім азайған заманда инстаграм арқылы сауда жасау тіпті қиын әрі тәуекелі жоғары іске айналды. Кейбір онлайн дүкендер инстаграм парақшаларына тауарлардың суреттерін қойып, төмен бағалармен сатып алушылардың назарын аударады. Кейін сатып алушы қаражатты картадан аударған соң, қара тізімге салып, өміріңізден де, чатыңыздан да ғайып болады. Мұндай алаяқтарға алдаубау үшін онлайн дүкеннің парақшасын мұқият зерттеген жөн.

  • Ең алдымен, міндетті түрде сол дүкеннің аты көрсетілген кері байланыстардың бар-жоғын анықтаңыз. Кейбір дүкендер жай ғана чаттың суретін енгізіп қояды, оған алданбаңыз. Міндетті түрде дүкеннің аты көрсетілген кері байланысты іздеңіз.
  • Екіншіден, төлем жасайтын уақытта сізден картаға емес, телефон нөміріне бірлік ретінде аударуды сұрайтын адамдардан сақтаныңыз. Міндетті түрде картаға аударым жасауды өтініңіз.
  • Үшіншіден, дүкен қызметкерінен жеке басын куәландыратын құжатты жіберуін талап етіңіз.

Алаяқтарға алданбаудың ең басты жолы – оңай әрі жылдам табыстың бар екеніне әрдайым күмәнмен қарау және кез-келген тауарды сатып алмастан бұрын мұқият тексеру. Оңай жолмен келген қаражат әрдайым оңай жолмен су болып ағып кетеді. Тек өзіңіздің маңдай теріңіз бен жұмыс жасайтын екі қолыңызға сенім артыңыз! Алаяқтардын алдын алу сіздің қолыңызда!


ПІКІР ҚАЛДЫРУ