Интернеттің пайда болу тарихы

0
1715

Интернеттің пайда болуына XX ғ. 60-жылдардың аяғында жарық көрген ARPANet есептеу желісі үлкен септігін тигізген. Бұл желіні Advanced Resaerch Project Agency деп аталатын АҚШ-тың үкіметтік ұйымы құрастырған болатын. ARPANet желісі орталықтандырылмағанына қарамастан, ақпараттық дестелер өздерінің белгіленген жерлерін тауып, қабылдаушының рұқсатымен есептеуіш құрылғысына енетін. Таратылатын десте қабылдаушыға әр түрлі жолдармен келетіндіктен, бұндай жүйе өте тұрақты әрі қолдануға тиімді еді.\r\n\r\n80 жылдардың басында ақпарат таратуды басқаратын TCP/IP (Transmission Control Protocol/Internet Protocol) хаттамасы пайда болып, ARPANet желісіндегі ақпаратты тарататын басты ережелер топтамасына айналды. Дәл сол уақытта TCP/IP хаттамасының әр түрлі компьютерлік желілерді байланыстыра алатын мүмкіндігі белгілі болды. Бұл хаттаманың көмегімен әр түрлі желілер ұлттық, тіпті халықаралық деңгейде ақпарат алмасу мүмкіндігіне қол жеткізген. Осылайша интернет термині алғаш рет осындай «желілер желісін» белгілеу үшін қолданылған.\r\n\r\n1989 жылы ARPANet жобасы тәмамдалады. 90-жылдардың басында дүниежүзіндегі ірі-ірі корпорациялар интернеттің көмегімен электронды пошта арқылы ақпаратты тарату мүмкіндігін көптеп пайдалана бастайды. Бірақ, Ұлттық ғылым фондының қаулысымен интернет желісін коммерциялық мақсатпен қолдануға тыйым салынып, оның толыққанды дамуын тежеген. 1991 жылы жоғарыда айтылған қаулы өз күшін жойып, интернет желісі жеке тұлғаларға, мекемелер мен өндіріс көздеріне қолжетімді болып, ғаламтордың дамуы жаңа деңгейге шықты.\r\n\r\n1993 жылы Mosaic атты алғашқы графикалық браузер жарық көріп, осы тарихи оқиға  интернеттің дамуына түрткі болған. 1993 жылы Netscape дербес компьютерлеріне арнайы жазылған браузердің коммерциялық нұсқасынан кейін өмірге Netscape Commerce Server келген. Бұл серверлік бағдарламаның көмегімен түрлі мекемелер веб-сайттарды жариялау мен web-парақтарын оқшауланған компьютерлерге жіберу мүмкіндіктерін алып, қорғалған желілер арқылы несие карточкаларымен де жұмыс істей алатын. Осылайша, 90-жылдары интернет технологиялар қарқынды дамып, нәтижесінде «желілер желісі» ақпарат тарату мен коммерциялық әрекеттерді жүзеге асыру механизміне айналды.\r\n\r\nИнтернет желісі әлемдік коммуникационды инфраструктураның маңызды бөлшегі болып табылады. Интернеттің дамығаны соншалық, қалтаңызда  ұялы телефон немесе қалталы компьютер болса, желіге еш қиындықсыз еніп, ғаламторды шарлай бересіз. Теледидар, радио мен газет парақтарының орнын біртіндеп интернет желісі басып келеді.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ