Эссе. Тәрбиеше — бала жанының бағбаны

0
4833

Бөбегіңіз былдырлап тілі шыққаннан тәрбиешіге сеніп тапсырасыз. Бүлдіршін күннің тең жартысына жуығын сонда өткізеді. Тәрбиеші оған қамқор болып, жан-жақты да зерделі болып қалыптасуына, ой-өрісін дамытуға күш салады. Сәбиіңіз мектеп қабырғасын аттағанда, тәлімгер тәрбиешіңіз тәтті тілі жаңа шыққан басқа бүлдіршіндерді жетегіне алады. Осылайша жалғаса береді. Мен үшін де осынау өмірімдегі ең қастерлі әрі қасиетті мамандық ол – тәрбиешілік. «Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дегендей, әу баста ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің ертеңі боларлық бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, ауыртпалығы мен жауаптылығы қырық атанға жүк боларлық осы кәсіпті таңдау арқылы қоғамдық дамуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанымды мақтан етемін.

Алғаш балабақшаға келіп, 25 баланың ортасынан бірақ шықтым. Жан жағымда толған бүлдіршіндер. Ішімнен ойлап қоямын менде екі көз бар мына 25 балаға қалай жетемін деп. Алғашқы сәбилердің сыңғырлаған күлкісі, балдай тәтті сөздері, мөлдіреген көздері бәрі — бәрі өте қызықты сәттер болды. Солай қызықты да, жауапкершілігі мол күндерім өте берді. Өйткені мен бала бағбаны — тәрбиешісімін. Негізі бағбан деген сөздің астарына көптеген мағына жатыр. Бағбан деп, яғни біз тәрбиешілер. Бау- бақшамыздағы жемістер әрине балаларымыз. Бағбан бау -бақшадағы жемістеріне дұрыс қарамай, баптамаса жемістеріде көркеймей, өркенін жаймайды. Ендеше, бағбан  бүлдіршіндерге дұрыс бағыт бағдар беріп, білімін жетілдірсе сонда ғана жемісін береді. Болашақ азаматтарды тәрбиелеу тек қана мектепке дейінгі ұйымдардың қолындағы дүние емес, оған отбасы, қоғам да үлкен үлес қосары һақ.  Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт.Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын  менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені, мен оларға, олар маған қажетігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы — әр тәрбиешінің бақыты.
Бала өмірдің гүлі, отбасы дәнекері, ана ғұмырының жалғасы, ең бастысы, біздің қоғамымыздың алға қарай дамытушы болашағы. Сондықтан да жас ұрпақты заман талабына сай, көздің ғана емес, көңіл қуанышы етіп тәрбиелеу – басты міндет. Педагог К. Д. Ушинскийдің егер педагогика адамды жан — жақты тәрбиелегісі келсе, оны жан — жақты білуі керек деген терең мағыналы сөзін жадыма сақтай отырып, білімімді тереңдетіп, ізденуді мақсат еттім. Кішкене сәбимен сөйлесе білу де – үлкен өнер. Олар бір нәрсені естігені мен көргендерін есте сақтағыш, тез қабылдағыш, мейлінше сенгіш, барынша таза, адал көңілді, білуге, тануға құмартқыш келеді.
Менің педагогикалық ұстанымым балаларды денсаулығы мықты адам етіп қана өсірмей, сонымен қатар кең пейілді, ақылды, жауапкершілігі бар адам етіп тәрбиелеу. Көздері қарақаттай мөлдіреген балалардың менің өткізген оқу қызметіне қызығушылықпен қарап отырғандарын ұқтым. Тәрбиеші баланы жан тәнімен сүюі керек. Алдымен рухани қуат беруі қажет. Мейірімділік, шыдамдылық, кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттері арқылы ғана мен өз мәртебемді көтере аламын. Балаға үнемі қолдау көрсету — менің ізгі ұстанымым.

Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Ендеше, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады.

ТӘРБИЕШІ! Бұл әрдайым үлкен әріптермен жазылуға тиіс мазмұнды сөз деп танимын. Сондықтан да бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Ұлы педагог Г.Песталоцци: «Егер де сүйе білмесең, тәрбиелеу құқығың жоқ», деген екен.
Бүгінде балаларға мейірім төге отырып, биік белестерге жетуіне жауапты екенімді ешуақытта естен шығармаймын.

Француз ағартушысы,жазушы Жан-Жак Руссо  «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туды, оның үстіне шыймайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең ол солай тәрбиеленеді» деген нақыл сөзі осы балабақша бүлдіршіндеріне арналғандай.
Өзімнің еңбек жолымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастырамын. Себебі бала рөлде өзі ойнаса сол кейіпкердің бойындағы барлық қасиет дағдыларын ой елегінен өткізіп саралайды. Ақылмен ойланады. Ол үшін тәрбиеші бойындағы асыл қасиет – ақыл-парасат болуы шарт. Ал сәби жүрегіне қонымды жауап беру үшін, мен күнделікті оқу қызметімді шынайы, жақсы, қызықты өткізуге тырысамын. Әр оқу қызметінің сәтті шығуы бірінші кезекте, әрине, тәрбиешілер қауымына – өзімізге байланысты.
Менің педагогикалық ұстанымым – кішкентай бүлдіршіндерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Болашақта тәрбиеленушілерімнен Қазақстан елінің жарқын да белсенді балалары болады деген үлкен үміт күтемін.

Смагулова Гулназия Шынтемировна

№ 2 «Айналайын» бөбекжайының тәрбиешісі

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ