Этносаралық келісім – ел тұрақтылығының кепілі

0
6733

«Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімнен артық ешқандай баға жоқ» ,- деген Елбасымыздың сөзі әрбір қазақстандық азаматтың жүрегінде  еліміздегі тұрақтылық, болашаққа деген сенімділік пен көркейіп келе жатқан мемлекеті үшін мақтаныш сезімін тудырады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарынан бастап, этносаралық татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, олардың қауіпсіздігі мен бейбіт тұрмысын қорғауға бар күш-жігерін салды.

Мемлекеттегі бейбітшілік және келісім, оның қауіпсіздігі және тұрақтылығы этносаралық қарым-қатынастың орнықтылығына, төзімділікке және оң бағытталғандығына көбіне көп байланысты. Жастарда патриотизмді, азаматтықты, дінге төзімділікті және халықтар достастығы сезімін қалыптастыруда көп ұлтты мемлекет шеңберінде дамып жатқан ұлттық қатынастар мәнді әсер етеді.

Этносаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудағы теориялық негізінің және тұжырымдамалық алғы шартының айқындаушы компоненттерінің бірі – санына қарамай әрбір этнос бүкіл адамзат үшін орасан құндылық, оның баға жетпейтін игілігі және бірегей бөлігі деген қағида болады.

Қазақстан Республикасы бабалардан қалған және жалпыадамзаттық дәстүрлерді сақтай отырып, тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтауға мүмкіндік беретін өз дамуының сарабдал саясатын таңдады.

Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын нығайту мақсатында, Қазақстан Президенті Жарлығымен 1997 жыл — «Ұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», ал келесі 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» болып жарияланды. Алайда, тарихи сананы қайта жаңғырту белсенді жүзеге аса бастаған уақытта алдыңғы буын ұрпақтың еңбегі мен жетістіктері объективті бағалануы үшін және негізсіз сындарға жол бермеу мақсатында, Қазақстан Президентінің Жарлығымен 1999 жыл елімізде «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп белгіленді. Сондықтан да, Қазақстан халқы құрамының полиэтностық болып қалыптасу тарихы дәл осы қағидаларды негізге ала отырып зерделенеді.

1992 жылы Қазақстан халқының кезекті форумдарының бірінде жасаған баяндамасында Елбасы: «…халықтар достығын қазақстандықтардың бірнеше ұрпағы қалыптастырды. Бүгінгі таңда, тарихымызды қайта таразылау кезінде, бұл байлықты жоғалтуға, интернационализмнің игі дәстүрлерін жоққа шығаруға хақылы емеспіз. Олар соңғы он жыл бойында және партиялық нұсқаумен қалыптасқан жоқ. …Қазақстанға бұл халықтар барлық жағдайда өз еркімен қоныстанбаған. …Біздің жеріміз барлығын жылы қабылдап, мыңдаған адамдардың туған үйіне айналды. Бұл жағдайда қазақ ұлты, оның ашықтығы, ғасырлардан келе жатқан қонақжайлық және бейбіт көршілестік дәстүрлері ең шешуші рөл атқарды. Бірлескен еңбек, аға ұрпақтың басына түскен ауыртпашылықты еңсеру, күнделікті тұрмыстық тіршілік пен мерекелер арқылы республика халықтарының қазіргі келбетін таныстыратын өзіндік ортақ дүниесі қалыптасты» деп, тарих пен тағдыр ортақтығы жағдайында қазақстандық ортақ мәдениет пен бауырластық ұстаным қалыптасқандығын айтып, ел бірлігінің тұғырнамасын анықтап берді. Барлық этностарды бодандықтан енді арылған қазақ халқының ұлттық санасының жаңғыру үрдісіне түсіністікпен қарауға да шақырды. Мәселенің өз деңгейінде шешімін табуы үшін билік пен азаматтық қоғамның өзара іс-әрекетін қалыптастырудың тиімді тетіктерін қарастырды. Форумдардың бірінде мұндай шешімді Елбасы былай ұсынады: «Біз күнделікті әр адамның, әр халықтың және әр ұлттың дауысын естиміз бе? Өкінішке қарай, әрдайым олай емес. …Біз жаңа қоғамдық институт – Қазақстан халықтарының келісімі және бірлігі Ассамблеясын құра аламыз. Ол жалпыхалықтық ұлтаралық келісімді бекіту міндетін шешетін саяси емес, үкіметтік емес ұйым болар еді». Осылайша, көп ұзамай 1995 жылы наурызда Елбасы Жарлығымен «Қазақстан халқы ассамблеясы» институты құрылып, іске қосылды. Мемлекеттік этносаясатты жүзеге асырудың басты буыны болып табылатын Ассамблея бүгінгі таңда 800-ден аса этномәдени бірлестіктердің басын қосқан ірі азаматтық қоғамдық құрылым ретінде орнықты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді. Кеңінен алғанда, негізінен Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конференссияаралық келісімнің бірегей моделі қалыптасты.

Ел ішіндегі татулық пен ұлттар арасындағы достықты насихаттау, оны халыққа түсіндіру, соның негізінде қоғамдық пікірді қалыптастыру Қазақстан дамуының негізгі кепілі бола алады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» ұлт жоспарының болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру жөніндегі міндеттерінің Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту тұжырымдамасы әзірленді.

«Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан Рспубликасының Презденті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2014 жылғы Жолдауында «Мәңгілік Ел» жалпұлттық патриоттық идеясы ұсынылған болатын. Бүгінде « Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы – қазақстандық бірегейлік пен бірлікті, қоғамдық келісімді қалыптастыратын құндылықтар жүйесіне айналды.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев қазақстандықтарды біріктіруші басты фактор болып табылатын қазақ тілі одан әрі дамытуға барлық күш – жігерді жұмсау қажеттігін бірнеше рет атап өтті.Сонымен қатар, елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің өз ана тілінде еркін сөйлеуіне,оқуына және тілдерін дамытуына қолайлы жағдай жасау қажет.

Тіл саясаты Қазақстандағы ұлт саясатының маңызды тармақтарының бірі болып табылады. Қазақстан Рспубликасының бүгінгі таңда жүргізіп отырған тіл саясаты ең алдымен елдің әлеуметтік – саяси тұрақтылығына, қоғамдағы ұлтаралық, этносаралық келісімдерді нығайтуға бағытталған. Себебі, әр ұлттың тілі мен мәдениеті, даму жағдайлары белгілі бір мөлшерде халықтар арасындағы қарым – қатынастарға, байланыстарға да өз әсерін тигізеді.

Ұлтаралық келісім мен татулық мәселелері елдің ішкі бірлігі жайындағы мәселелер Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы-қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде жан-жақты көрініс тапты [1]. Республикада этникааралық қарым-қатынас мәселелерін дұрыс шешуде, әсіресе, жастардың бойына ұлтаралық қатынас мәдениетін сіңіруде Н.Ә.Назарбаевтың осы еңбегінің үлкен мәнді методологиялық маңызы болды. Өйткені, Қазақстан дүниежүзілік өзгеде бір қатар мемлекеттер сияқты көп ұлт өкілдері қоныс тепкен аймақ болып саналады. Түрік және славян тілді қауымдардың ірі топтарының қазақ жерінде мекендеуі ұлтаралық қатынас мәселелерін әрдайым басты назарда ұстап, реттеп отыруды талап етеді. Басты орын алып отырған осы мәселені шешу ішкі саясатта Қазақстан тәуелсіздігімен алысымен-ақ күн тәртібіне қойылды. Көпұлтты Қазақстан мемлекетінде әртүрлі ұлттық мүдделерді шешудің бір ғана жолы бар. Бұл қазақ ұлтының біріктіруші рөлі негізінде барлық халықтардың тепе-теңдігі қамтамасыз ету болып табылады.Бұл қазақ ұлтының біріктіруші рөлі негізінде барлық халықтардың тепе-теңдігін қамтамасыз  болып табылады[2,35-41бб.].

Қазақстанда жалпы мемлекеттік және ұлттық мүдделердің бірлігі, ұлтаралық қатынастың үйлесімді сабақтасуы айрықша мәнге ие болып отыр. Бірақ бұл Қазақстанда ұлттық қарым-қатынас мәселелері түбегейлі шешілді деген сөз емес. Қазіргі уақыттағы ең басты мәселе азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім, халықтар достығы, ынтымақтастық пен бауырластық мәселелерін нығайту экономикада орын алып жатқан дағдарысты жою, әлеуметтік шындық, сөз бен істің үйлесімділігі сияқты принциптерді жүзеге асыру жолдарын іздестіру. Ұлттық мақтаныш пен ұлтжандылықтың мағынасын дұрыс бағалау –өзара түсіністік пен халықтар бірлігін нығайтуға үлкен үлес  қосады.

Қазақстанның даму, өсу, өркендеу жолындағы басым бағыттарының бірі — ұлттық келісім, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің жоғары деңгейі екені даусыз.

Қазақстан әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты және орнықты дамудың үлгісі бола алады. Бұрынғы Кеңес Одағының бір де бір мемлекетінде ұлттар мен диаспоралар осындай келісімде өмір сүріп жатқан жоқ. Қазақстандағы ұлттық мәселенің мұндай жағдайы, әлбетте, қарама-қайшылықтармен емес, ұлтаралық қатынастардың ерекше адамгершілік үлгісімен және әр түрлі мәдениеттердің өзіндік бай симбиозыментүсіндіріледі.

Қазіргі және келешек ұрпақтың басты міндеті – бір-біріне деген ықыласты қатынастар, төзімділік және көпұлттылық кемшілік емес, керісінше, мемлекеттің артықшылығы болып табылатын Қазақстан территориясында өмір сүріп жатқан әрбір халықтың тілі мен мәдениет құрметтеу арқылы осы бейбітшілікті аялау және сақтап қалу болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде // Астана, 2015. – 32 б.

2.Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2050, Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты.

3.Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Халқына жолдауы // Алматы: Юрист, 2013. – 44 б.

4.Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Халқына 2017 жылғы Жолдауы // Егемен Қазақстан.

5.Назарбаев Н.Ә.Қоғамды бейбітшілік, ізгілік мұраттары, сындарлы түсіністік негізінде топтастырайық. // Ақиқат №7, 1997

 

Бүркітбаева Гүлжан Сайынқызы

Ақтау қаласы. Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжі


ПІКІР ҚАЛДЫРУ