Гүлмария Барманбекова, ардагер журналист: «Журналист үнемі ентігіп жүгіре беретін жеңіл атлетке ұқсайды»

0
985

Қайырлы күн, Гүлмария апай! Әлемде болып жатқан ахуалға қарамастан жас журналистерге ақыл-кеңесіңізбен бөлісуге келіскеніңіз үшін рақмет. Қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш спорт комментаторы болуға не түрткі болды?

— Мен қарапайым ғана көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Біздің кезімізде қазақтың қыздары спортпен шұғылданбақ түгіл, спорт дегеннің не екенін жөнді біле бермейтін. Мектепті бітіргеннен кейін  қазіргі Тараз  қаласындағы  педагогикалық училищеге оқуға түстім. Оқу оқып жүріп мергендік спортқа бейімім барын түсініп, сол спорт түрімен шұғылданып,  жақсы жетістіктерге қолжеткіздім. Алдымен облыс чемпионы, кейін одақтық жарыстарда жүлдегер болып, Орта Азия және Қазақстан қыз келіншектері спартакиадасына қатысып, сол жерден чемпион атандым.  Нысана көздеу спортынан СССР спорт шеберлігіне кандидат дәрежесіне жеттім. Мен университетке оқуға түскеннен кейін тәжірибеден өту үшін телевидениеге келдім. Ол кезде менің спорттық дәрежем Республикаға белгілі болып қалған кез еді. Мені спорт редакциясына спорт комментаторы етіп  қызметке алды. Спорт комментатор болуымның себебі де  жас кезімнен спортпен шұғылдануымның  әсері  деп ойлаймын.

Спорт комментаторы ретінде талай тартыстың куәгері болдыңыз. 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасы сіздің есіңізде қандай естеліктермен қалды?

— Тура осы жылы мен қазақ теледидарына қызметке қабылдандым. Олимпиада кезінде спорттық жарыстардың барлығы тек қана орыс тілінде жүргізілетін. Республиканың ішіндегі спорттық жарыстардың бірең-сараңдары ғана қазақ тілінде  комментарий жасалынып , ал көбінесе басым көпшілігі орыс тілінде  жүргізілетін. Мәскеу олимпиадасына біздің Қазақстаннан бір ғана комментатор Диас Омаров барған болатын. Мәскеу олимпиадасы менің есімде немен қалды дейтін болсақ, бізден алғашқы қазақ спортшыларының арасынан шыққан олимпиада чемпионы палуан Жақсылық Үшкемпіров  болды.  Жақсылық Үшкемпіров жеңіл салмақтағы классикалық күрестен чемпион атанды. Біз сол кісіге қатты алаңдап, жанкүйер болдық. Жақсылықтың жекпе-жектерін үнемі бақылап, тілеуін тілеп отырдық.  Өкінішке орай, жекпе-жекте қазақ тілінде комментатор жасалынбады. Тек орыс тілінде ғана өтті.

Қазақтан шыққан батыр – Жақсылық Үшкемпіров

Екі жыл өткеннен кейін біз Жақсылық туралы хабар жасадық. «Қазақтан шыққан олимпиада чемпионы туралы неге жасамасқа?!» деп мен басшыларға ұсыныспен кірдім. Басшылар ұсынысымды қабылдады. Енді Мәскеуге барып, Жақсылықтың финалдағы көріністерін алғымыз келді. Бардық, қарадық, 1 апта бойы архивтерді іздедік. Бірақ Үшкемпіровтың финалдағы көріністерін таппадық. Неге десеңіз, финалдағы көріністерді «шетелдіктер сатып алып кетті» деп  бізге түсінік берді. Осы күнге дейін, Жақсылықтың сол финалдағы бейнесінің көрінісі жоқ. Мен жартылай финалдағы көріністерін алып келдім. Қазақ телевизиясында  «Алтын сөре» хабарының архиві сақталып тұр. Қазір байқасаңыздар, орта текте спорт редакциясынан хабарлар берілген кезде, Жақсылық туралы сөз болған кезде, сол жартылай финалдағы көрінісі мен марапаттау кезіндегі көріністері пайдаланып жүр. Менің есімде қалған Олимпиададағы ең бір тамаша, ең басты  көріністер осы еді.

Сіздің тәжірибеңіз бойынша журналистің бойынан қандай қасиеттер табылуы тиіс?

-Журналист болады егер оның бойында еңбекқорлық және ізденімпаздық дейтін басты қасиеттер болса. Ол мың жерден талантты жазғыш бола тұра ізденбесе, еңбектенбесе бір орында тоқырап қала береді. Өйткені өмір күнде жаңарып жатыр. Бүгінгі жаңалық ертең тарихқа айналып, ескіріп қалады. Журналист екі өкпесін қолына алып, үнемі ентігіп жүгіре беретін жеңіл атлетке ұқсайды. Оның бойындағы басты қасиет осы болуға тиісті. Үнемі ізден, ізден, ізден және еңбектен, еңбектен!

Телевидение саласының өзге БАҚ құралдарынан ерекшелігіне тоқталсаңыз?

— Жалпы телевидение өте ауыр, өте қиын сала. Мәселен, газеттің журналисі командировкаға шыққанда өзімен бірге  блокноты мен қаламы болса, диктофоны болса жүре беретін шығар. Ал, телевидение —  ұжымдық жұмыс. Бәлкім сіз, жақсы комментатор боларсыз, жақсы редактор боларсыз, ізденгіш боларсыз. Бірақ сіздің операторыңыз жақсы түсірмесе немесе режиссеріңіздің шығармашылық қиялы, кәсіби дәрежесі төмен  болса, тіпті сіздің қолыңыздағы техниканың өзі сапалық жағынан деңгейі төмен болса, онда жақсы сапалы хабар шығару мүмкін емес. Барлық жағынан да телевизия жұмысы сапалы болуы тиіс. Ұжымда қызмет ететін шығармашылық топтың кәсіби деңгейі өте жоғары болуы керек. Сонда ғана сапалы хабарлар жасап шығаруға болады.

Өзіңіз қызмет еткен кездегі қазақ телевидениядағы құндылықтар мен қазіргі теледидардағы құндылықтарды   салыстыра отырып, сол кездегі  Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен Парыз» бағдарламасына шолу жасасаңыз.

— Ол кезде заман басқа еді ғой. Қазір де заман басқа.  Бірақ заманды жасайтын — адам.  Адамның адамгершілігі, кісілігі жоғалмаған жерде, заман да  дұрыс дамиды. Ал, адамның кісілігі, адамгершілігі ақшамен өлшенген жерде ол әрине басқаша дамиды. Меніңше, біздің кезімізде өзіңіз айтқандай «Қарыз бен Парыз» хабары жүргізіліп жатқан кезде  біздің құндылықтарымыз, негізінде кеңестер одағының идеясымен жүретін. Ұлы орыс империяның құндылықтары насихатталатын еді. Бірақ, 80 жылдардың аяғынан бастап «жариялылық» қайта құру пайда болды. СССР идеологиясының кезеңі тарқап, әр ұлт өзінің құндылықтарын жаңғырта бастады. Бізде өз құндылықтарымызды іздеп, соған лайықты хабарлар дайындай бастадық. Соның алғашқы қарлығашы болып «Қарыз бен Парыз» бағдарламасы өмірге келді. Ол — біздің халқымыздың алдындағы қарызымыз қандай, парызымыз қандай, оларды орындауда біз қандай әрекетте болуымыз керек? Не істеуміз керек? деген сауалдардың жауабын іздей бастадық. Бағдарлама аясында адамның адамшылдығы, кісінің кісілігі, ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтар, көбірек насихаттала бастады.

Ұлттық құндылықтар туралы айту қиын болды…

80 жылдардың басында мен телевидениеде  қазақтың ұлттық құндылықтары туралы айту өте қиын болатын. Біздің кезімізде цензура деген болды. Мәселен қазіргі «Айтыс» деген хабар 70 жылдардың аяғында шыққан. Хабардың атауын «Айтыс» деп қоюдың өзі үлкен мәселе болды. Орталық комитет «Айтыс» деп қоятын болса, қазақ өзінің ұлттық құндылығын дәріптеп жатыр, насихаттап жатыр деп телевидения қызметкерлерін жазаға тартуы мүмкін еді. Сондай қиын жағдайда жүріп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға тырысатынбыз.  Қазір ешкім қолдан қағып жатқан жоқ. Қалай насихаттаймын десеңіз де өз еркіңізде. Егемендігімізді,  еркіндігімізді алдық. Өзіміздің көңілімізге келген дүниелерді ашық айтуға мүмкіншілігіміз бар. Бірақ, өкінішке орай қазіргі құндылықтар өзгеріп, ақшамен өлшеніп бара жатыр. Материалдық құндылықтарға көшіп,  рухани құндылықтардан алшақтап бара жатқанымыз жасырын емес. Дегенмен де мемлекетіміздің идеологиясы қазіргі рухани құндылықтарымызды насихаттауға, бұрын айтылмай келе жатқан дүниелерімізді ашық айтуға, тарихымызды қопарып, білмей келе жатқан дүниелеріміздің бәрін шығарып жатырмыз.

Бүгінгі күні теледидардағы бағдарламалар рейтингке тәуелді болып тұр.

Бағдарламаларымыз фактілерге көп көңіл аударады. Нағыз қажетті халықтың рухани құндылықтарынан гөрі, «алып кетті, шауып кетті, ойбай, анда анау болып қалды, мұнда мынау болып қалды» деген жұртты елең еткізетін  тақырыптарды көбірек насихаттап кетіп жатырмыз. Біздің жанымыз жағымсыз хабарларды естіген сайын  қатігез болып жатыр. Теледидар — тәрбие құралы. Экран алдында сөйлеп отырған адамның  жан дүниесі сізге айна секілді көрініп тұрады. Телевидение арқылы халықтың талғамы, тәрбиесі, мәнері қалыптасады.

Ардагер журналист ретінде, бүкіл жарты ғұмырыңызды телевидение саланың дамуына арнадыңыз. Қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз?

-Мен зейнетке шыққалы біраз уақыт болды. Журналистік өмір қызығымен шыжығы мол сала. Сол  өмірге үйреніп қалған адам зейнетке шыққан уақытта екі қолы алдына сыймай, не істерін білмей кетеді. Осындай кезде, өзіне бір бағыт бағдар тауып, немен шұғылданатыныңызды анықтап алмасаңыз, денсаулығыңызға да зиянын  тигізуі мүмкін. Мен сол кезде немен шұғылдануым керек деп ойладым. Менің  білім парасатым осы жерге келіп тоқтап, тоқырап, қалады ма? Не істеуім керек? Осы ойлар маза бермеген соң, шығармашылықпен шұғылдана бастадым. Әр тақырыптарға өзім ізденіп, ғаламтордан, кітаптардан, газеттерден оқып, әртүрлі тақырып аясында ой қозғап, жаза бастадым. Ғаламторға да жариялаймын. Жинақтап кітап етіп шығарып жүрдім.

Мені бір қызықтырғаны — шетелдегі қазақ қандастарымыздың өмірі.

Осы тақырып аясында әлі де қызығып жүрмін, ізденіп те жүрмін, ізденетін де боламын.  Шетелдегі қандастарымызбен байланыс орната жүріп, ғаламның басқа да ғажайыптары мен қызықтарына куәгер, әрі тәнті болдым. Өзімнің көрген, білгендерімді, әрине, тек көрікті жерлерін ғана емес, оны тереңдей зерттей бастадым.  Шет елдерді өз еліміздегі жағдайлармен салыстырып көрдім, сараптадым. Ой сараптамаларымды, салыстырған дүниелерімді қағаз бетіне түсірдім. Өзіме сұрақ қойдым: «Осы неге батыс елдері бізден жақсы өмір сүреді? Біздің неміз кем? Неге біз осылай таршылықта өмір сүреміз?» — деген сауалға келдім.  Бұл сауалдың жауабын таптым, әрі бұны жақында ғана жарық көрген  «Ғажайып қалам» атты кітабымда жаздым. Осы кітапта 9 мемлекетке барғандағы көрген, білгендерім, халықтың салт-дәстүрлері, әлеуметтік өмірі, ерекшілігі жазылған.

Гүлмария апай, өзіңіздің журналистік шеберлігіңізбен, ақыл-кеңестеріңізбен бөліскеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз!

Мөлдір АУБЕЛ,
«Тұран» университеті
Журналистика мамандығының студенті.

 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ