Көкшетаулық нар тұлғаның жауһар туындысы жарық көрді

0
859
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Көкшетау қаласының алтын қаламгері, ақиық ақын, мықты журналист Ерболат Баятұлының «Уақыт шеңбері» атты жауһар туындысы  жарық көрді. Өлеңге құлаш сермей біліп, ойды қылыштай өткірлеп, оюдай әсем өрнектеген ардақты да аяулы  ағамыздың кітабы нағыз рухани құндылықтардың жиынтығы десек еш қателеспейміз. Аталмыш өлеңдерді оқи отыра, ақынның ойлау кеңістігіне қалай түсіп кеткенімізді де сезбей қалады екенбіз. Дарынды тұлғаның әсем өлеңдері адамдарды баурай тарттып қана қоймай, катарсистік өрлеуге, яки, рухани кемелденуге шақырары айдан анық.

Поэзия әлемінде өзінің дара да дана жолын қалыптастыра білген ақын ағамыздың кітабы уақыт кеңістігіне бойлай білетін көркем туынды.  Өмірлік көзқарастарын өлеңге шебер сыйдырған ағамыздың туындысы бекерден бекер «Уақыт шеңбері» деп аталмаған. Адамның экзистенциялық жолының бас кілті уақытта деп білетін ағамыз барша жұртты уақытты бағалай білуге шақырады. Расында, адам өмірге уақытпен бірге келеді. Уақыт адаммен бірге сөңеді.  Сондықтан, уақытты сыйлау да,  қадірлеу де аса маңызды. Уақыт адаммен бірге шөміш болып сөңеді дедік. Алайда ақын ағамыздың есімі мен өлеңдері ешқашан поэзия әлемінен жоғалмасына мен кәміл сенемін. Ерболат Баятұлы ағамыздың жақұттай жарқыраған бағалы өлеңдері тұғыры биік әдебиетімізде мәңгі алау болып жанып тұрары хақ.

Махаббат пен уақытты қатар суреттеген  ойшыл ақын ағамыздың өлеңдері өткен мен ертеңнен сыр шертіп, жастық шақтың қадірін ұқтырғандай сезім тудырады. Өлеңнің алтын өрмегіне түскен жас өз өмірі туралы ойға шомылып, уақытын бағалауға үйренеді.

Кеңістік пен уақыттың шеңберін дүйім жұртқа өлең тілімен жеткізген ағамыздың әр өлеңі мен үшін қобыздың сарынындай әсем  күй болып естіледі. Ақын ағаның алмас туындысын мен гумандық дүниетанымның көк байрағы деп атар едім.

Құрметті, Ерболат Баятұлы аға, саф алтындай  жыр жинағыңыз құтты болсын! Темірқазық пен Шолпандай жол сілтеген жырларыңыз әрқашан жұлдызды аспанда маржандай жарқырап  тұрсын!

Өлеңнің тұңғиық әлемімен бөлісе білген ақын ағамызға шығармашылық табыс тілей отыра, «Уақыт шеңбері» атты жыр жинағында жарық көрген асыл өлеңдерін көпшілікке ұсынбақшымын.

Ой. Бейуақ.

Көргенім де көп болсын көрмегім де,

Өмір деген тағдырдың өрмегінде.

Цирктің атындай шырайналам,

Уақыттың құрсаулы шеңберінде.

Ертең әлсіз ол мүмкін…мықты бүгін,

Алтын сәуле аймалар шықты бұрын.

Санамдағы өрмекке шырмалғанмын,

Өз ойымның шарасыз тұтқынымын.

Дүр дүние тұрса ғой ән сап бәрі,

Келер күнім ақ самал аңсатпалы.

Тыныштықта ауаға сөз жазып жүр,

Көлеңкемнің сап-салқын саусақтары.

Келші, құсым, жаныма, үркітпегін,

Миуаға айналсын бір түп көгім.

Сұп- суық дүниенің сырты мұздай,

Тоңазатты жанымды бүркіп демін.

Оңаша емес ой шіркін біргемін мен,

Ішім кейде жылайды күлгеніммен.

Ән айтады бейуақ өз тілінде,

Қызыл бедер салады үр демімен.

Қайда, қашан, есте жоқ қай уақта,

Түнде байғыз жылайды, Ай, уатпа.

Жарық көшіп барады тасаланып,

Қызыл іңір қыдырып бейуақта.

Маған емес, барлығы Құдайға анық,

Пыш- пыш дейді сайтаным былай барып.

Дөңгелейді дүние дамыл таппай,

Кіндігінде ойымның шырайналып.

***

Көрдім…

«Мен көрдім дүние деген иттің көтін…»

Абай

Дүр етіп оянған дүниенің ақжамал таңдарын көрдім.

Үп еткен желден үріккен үміттің шамдарын көрдім.

Ауыр ойлардың қара жердей салмағын көрдім.

Тамшы жастардан қара кірпіктің талғанын көрдім.

Əзəзіл дүниенің берерін беріп алып алғанын көрдім.

Үзіліп бара жатқан өмірдің соңғы арманын көрдім.

Қуарған жапырақтан уақыттың жалғанын көрдім…

Күннің ғана тегіс ғаламды шарлайтынын көрдім.

Жарық бар жерде көлеңкенің қалмайтынын көрдім.

Тек қана қыранның қанаты талмайтынын көрдім.

Зымыран уақыттың тыным алмайтынын көрдім.

Қу дүниенің қызықтырып алдайтынын көрдім…

Құмалағы түспейтін қудың бермейтінін көрдім.

Санасы соқырлардың түкті де көрмейтінін көрдім.

Жасықтың жау кеткен соң сермейтінін көрдім.

Жарамсақтың жата қап өрмелеп өрлейтінін көрдім.

Жақсылық мерт болса да жамандықтың өлмейтінін көрдім…

Кер заманның табанға салып жаншып илейтінін көрдім.

Сөзді сөз қуып сүйреңдеп жебедей түйрейтінін көрдім.

Етегінен ерте қағынған шыбыш нəпсінің күйлейтінін көрдім.

Тас боп қатқан жүректердің ешкімді де сүймейтінін көрдім.

Аспаннан алтын жауса да сорлыға ештеме тимейтінін көрдім.

Ар мен ұят əдірам қалып тек ақшаның ғана билейтінін көрдім…

Жаманның жақсыны əдейі əуре ғып қинайтынын көрдім.

Жəркештің жəдігөйленіп мықтыны ғана сыйлайтынын көрдім.

Құтысы тола бал болсада одан құймайтынын көрдім.

Адам пенденің ит тірлікпен кең дүниеге симайтынын көрдім.

Ақыры өлетін шағында мына қимайтынын көрдім….

***

Маңыздырақ

Құсым ба едің көгімнен үр жаңа ұшқан,

Жазда кетті, мезгілден тамыз құлап?

Мендегі алапат зор қызғаныштан,

Сендегі қызғаныштар мыңыздырақ.

Көктем көңіл өзіңе алып ұшқан,

Жадырасаң жанымда жазым — бұлақ.

Мендегі көлкөсір сол сағыныштан,

Сендегі сағыныштар маңыздырақ.

Сәлем айтып кетіп ем әнші ауылдан,

Ей, өмір, бара жаттың сазың да ұнап.

Мына менің өзіңді аңсауымнан,

Күнім сенің, аңсауың маңыздырақ.

Өміріме ғажайып өң беріп ең,

Қайтейін махаббаттан аңыз құрап.

Мына менің өзіңе сенгенімнен,

Айым сенің, сенгенің маңыздырақ.

Сен бар жерде ерекше күйге еніп ем,

Жабырқасам қайтейін жаным жылап.

Мына менің өзіңді сүйгенімнен,

Жаным сенің, сүйгенің маңыздырақ.

Алтыншаш КУРМАНАЕВА,

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология бөлімінің 1 курс студенті.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ