Қазақстандағы іскери қатынастың нормалары

0
2707

Қарым-қатынас – адамдар арасында бірлескен іс-әрекет қажеттілігін туғызып, байланыс орнататын күрделі процесс; екі немесе одан да көп адамдардың арасындағы танымдық немесе эмоционалды ақпарат, тәжірибе, білімдер, біліктер, дағдылар алмасу. Қарым-қатынас тұлғалар мен топтар дамуының және қалыптасуының қажетті шарты болып табылады.

Қарым-қатынас барысында адамдардың танымдық хабарлармен, ақпаратпен, тәжірибемен, біліммен, дағдылармен алмасуы және өзара түсінісуі, бірін-бірі қабылдауы жүзеге асады. Қарым-қатынастың интерактивті, коммуникативті, перцептивтідеген үш жағы және мезо, макро, микро, рухани, іскер, т.б. деңгейлері болады.

Негізгі қызметі:

1) ақпараттық-коммуникативтік (ақпарат алмасу және адамдардың бірін-бірі тануымен байланысты);

2) реттеуші-коммуникативтік (адамдардың іс-әрекетін реттеу және біріккен әрекетті ұйымдастыру);

3) аффективті-коммуникативтік (адамның эмоционалдық аясымен байланысты).

Адамдар арасындағы қарым-қатынастың басты мақсаты – өзара түсіністікке қол жеткізу. Қарым-қатынас жасауда қатынасқа түскен адамды тыңдап, түсіне білудің маңызы зор. Бұл басқа адамның ішкі жан дүниесін түсініп, оған өз ойын дұрыс жеткізуге мүмкіндік береді. Адамдар басқаларға өз ойлары мен көзқарастарын түсіндіре отырып, түсініспеушілік, ұрыс-керіс пен дау-жанжал секілді жағымсыз құбылыстарды болдырмауға әрекет жасайды. Адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуға мынадай ережелердің орындалуы көмектеседі: барлық адамдармен тең дәрежеде, дөрекілік пен жағымпаздықсыз қарым-қатынас жасау; сұхбаттасушының жеке пікірін сыйлау; бұйрық емес, өтініш деңгейінде қарым-қатынас жасау; басқа адамның пікірін сыйлау және тәжірибесін қабылдай білу. Қарым-қатынас мәдениетін меңгерген тұлға өзімен қатынас жасайтын адамға құрметпен қарап, сыйластық білдіреді. Адамға сыйластықпен қарау жақсы қарым-қатынас жасаудың негізгі өлшемі болып табылады.

Бүгінгі заман талабы білім мен қабілетті, мәдениет пен еңбекті өз ісімен көрсете алатын іскер мамандарды қажет етеді. Іскерлік қарым-қатынастың өзіне ғана тән ерекшеліктері, қалыптасқан әдеттері, тұрақталған құжаттары бар. Сонымен қатар, іскерлік қарым-қатынастағы ауызша сөйлеу тілі үшін сауаттылық та өте маңызды. Белгілі бір мекемеде қызмет

барысында пікірлесу, құжаттар алмасу, келіссөз жүргізу, келісім-шарт жасау, жиналыстар, дөңгелек үстел өткізу үшін іскерлік қарым-қатынас тілі маңызды рөл атқарады.

Іскерлік қарым-қатынас тілі маманның белгі бір салаға қатысты жүйелі білімін, біліктілігін, кәсіби тіл шеберлігін қажет етеді. Маман өз ортасында әріптестерімен пікірлескенде, сәлемдесу, жұмыс барысын таныстыру, өз жұмысының жоспарын қысқаша түсіндіру барысында әдеп пен мәдениет деңгейін сақтау қажет. Нақты ұсынысты, жоспарды талқылауда басқа адамдардың көзқарастарымен санаспай, дауыс көтере сөйлеу, тек өзінің пікірін біржақты дұрыс санау іскерлік қарым-қатынаста өзара тіл табысуға да кедергі келтіреді.

Сөйлеу мәдениеті туралы өз заманында ұлы қаламгер М.Әуезов нақты дәлелмен мысалдар келтірген: «Сөз шіркін де адам секілді ғой. Оның да ала- құласы көп. Орнатқан жеріңе қорғасындай құйыла қалатын орнықты сөз бар да, қурайдың басында қылп-қылп етіп ұшып кеткелі тұрған торғайдай ұшқалақ сөз бар. …Халық соны біліп, сөз екеш сөзді де «одағай сөз, сүйкімді сөз, сайқал сөз, салқын сөз, жылы сөз» деп, түр-түске бөліп жүр ғой. Біз жазушы болғандықтан, осының барлығын білуіміз керек. Солай мәні мен әріне, әуені мен мүсініне қарап електен өткізіп, сұрыптап алмасақ, жазған шығармаларымыз әлде бірдемеге ұқсап кетер еді».

Олай болса, іскерлік қарым-қатынас тілінің маңызды ерекшелігі – әдеп пен мәдениет шеңберінде сөйлеу және басты шарты талқыланатын тақырып жөнінде жан-жақты білім қажеттілігі, нақты деректерді дәлелдеу болмақ.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ