“Кез келген дүниеден жақсы идея шығаруға тырысамын” SMM маманымен сұқбат

0
769

Бүгінде, еңбек нарығында үлкен сұраныс туғызып отырған мамандықтардың  бірі — SMM мамандығы. SMM ағылшын тіліндегі  «Social Media Marketing» деген сөздің бас әріптерінен құралған қысқарған атау. Яғни, аты айтып тұрғандай, ол әлеуметтік желілермен жұмыс істейтін маман.
Осы амандықтың басы-қасында жүрген Айгерім Маутахметовамен сұхбаттасып, біраз сұрағымызға жауап алдық. Айгерім соңғы уақытта ел аузында жүрген “Menin armanym” корпоративтік қорының негізін қалаушылардың бірі, SMM маманы.

Салем Айгерім, ең алдымен “Menin armanym” корпоративті қоры жайлы айтып өтсең?

— “Menin armanym” корпоративтік қоры өткен жылдың 15-ші қараша күні ресми ашылған болатын. Бұл қордың мақсаты 3 жастан 18 жасқа дейінгі науқас балалардың арманын орындауға атсалысу. Балаларды бір сәтке болсын бақытқа бөлеу үшін, біз барынша жұмыс жасаудамыз. Біз сыйлық сыйлап немесе олардың сырқаттарын емдеуге қаражат жинамаймыз, тек олардың армандарының бір бөлшегін орындауға тырысамыз.

Бұл жобаға SMM маманы болып қалай келдің?

— Мен бұл жобаның SMM маманы ғана емес, сонымен қатар негізін қалаушылардың бірімін. Көп адамдар ойлауы мүмкін, сырқаттанған баланың басты арманы — сырқатынан жазылып кету, қаражаттың барлығын соған жұмсау керек деп. Дегенмен, отбасылық қаражаттың барлығы баланың еміне кетеді де, баланың ішкі арманы жайынша қалады. Сол себепті, біз сол балалардың ішкі армандарының бір бөлшегін неге орындамасқа деген оймен бұл қорды құрдық.

—  Жалпы, SMM  мамандығы жайлы не айтасың?

— Әрине, кез келген жобаны бастағаннан кейін, ол жоба жайлы басқаларды хабардар ету — басты жұмыс. Ал қазіргі таңда ақпаратты көбіміз әлеуметтік желілер арқылы аламыз. Сол себепті, SMM мамандары әлеуметтік  желінің мүмкіндіктері мен функционалдық ерекшеліктерін жақсы білуі тиіс. Сонымен қатар, стратегия, маркетинг,диалог, постинг, шығармашылық жұмыстар, мониторинг, менеджмент барлығы SMM маманының жұмысына кіреді.

Бұл жұмыста неден шабыт аласың?

— Мені біраз уақыттан бері әлеуметтік желілермен жұмыс жасау қызықтырады. Кез келген дүниеден жақсы идея ойлап шығаруға тырысамын. Көбінесе өзімді қызықтыратын дүниелерді көпшілікке ұсынғым келеді. Қазір бұл жобада жүріп, армандары орындалып жатқан балаларды көрген кезде, бұдан да көп балалардың армандары орындалса екен деп ойлаймын. Сол себепті, бұл жоба маған түрлі идея мен шабыт сыйлап жатыр.

Сенің ойыңша SMM маманы болу үшін не істеу керек?

— Басқа бір маман иесі болып шығу үшін 4 жыл жоғары оқу орынында білім аласың, кейін 2 жылдай тәжірибе жинайсың, содан кейін ғана өзіңді маман иесімін деп  сеніммен айта аласың. Ал SMM маманы болу үшін 4-5 айлық курстарға қатысып, 1-2 айдай тәжірибе жинап, кейін өзіңнің портфолиоңды бизнес саласындағы адамдарға көрсетсең, жақсы жерге жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар.

Қалай ойлайсың, бұл мамандық болашақта қазіргідей сұраныста болады ма?

— Өздеріңіз білетіндей, әлем күннен-күнге дамып жатыр. Сол себепті, мен SMM маманы ұзақ жылдар бойы сұраныста болады деп нақты айта алмаймын. Әрине, кейбір қызметтері өзгеруі мүмкін. Жалпы, бұл мамандық жойылып кетпейтініне сенемін.

SMM маманы болғысы келетіндерге қандай кеңес берер едің?

— Ең бастысы, бүгіннен бастап ғаламтордан мамандық жайлы түрлі тегін ақпараттармен таныс болу керек. Кейін  ақылы курстарға жазылып жалпы SMM мамандығының құрылымымен танысасыз. Жұмыс жасап үйренесіз. Ары қарай барлығы өзіңізге байланысты. Егер өз ісіңізді жақсы көріп жасасаңыз, SMM мамандығының  шебері болуыңыз әбден мүмкін!

Ертай Әмина Әділқанқызы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ