Қалиева Гүлнар: «Балалармен болған әрбір уақытым мені жаңа бір әлемге жетелейді»

0
2706

Қалиева Гүлнар Серікқызы.
Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, ҚМҚК Өскемен қаласы әкімдігінің №9 «Арман» балабақша-бөбекжайының тәрбиешісі.
Балабақша қызметкерлері арасында өткізілген «Жас маман» І республикалық байқауының жеңімпазы.

«ҮЗДІК БАЛАБАҚША ӘДІСКЕРІ» БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСЫҢЫЗ!

  «SKILLS ACADEMY» ЖШС Martebe.kz білім сайты ұйымдастырған республикалық балабақша қызметкерлері арасында өткізілген «Жас маман» І республикалық байқауының жеңімпазы Қалиева Гүлнар Серікқызымен сұхбаттасып, заманауи білім жүйесінде интеллектуалды шәкірт тәрбиелеудегі әдістері туралы сөз қозғап, байқауда қалай бақ сынағаны туралы сұраған едік.

    — Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі  ұстаз-тәрбиешілердің қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы — балабақша. Балабақша – баланың жүйелі түрде білім – тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Балабақшаның балаға беретін тәлім – тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы , сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтар болсақ, ұстазға байланысты.

Барлық мамандықтың анасы…

— Неге екені белгісіз бала күнімнен  «Ұстаз» деген  ұлы есім жаныма жақын  болды. Негізі Әкім Ысқақтың: «Қаламыңмен парағыңа не жазсаң, өміріңде солар ғана қалады»,-деген сөзі өте орынды айтылған. Өйткені, бала күнімде басқа балалар сияқты көшеде ойнап жүрмей, көрші қыздарды жинап алып, «мұғалім» ойынын ойнататынмын.  Барлығына тапсырма беріп, өзім мұғалімнің рөлін сомдаушы едім.  Үйде мұғалім болып, ал мектепте ұстаздарыма қызыға қарап, олардың әрбір сөзінен, ісінен үлгі алатынмын. «Өмірде екі нәрседен қателеспе»-дейді ғой. Соның бірі  мамандық таңдау. Мамандық таңдауда еш ойланбастан,   ұстаздарымның  жетістігіне қарап, ұстаз болуды шынайы армандап,  С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің студенті атандым. Тәрбиеші – суретші, әртіс, әдебиетші, ақылшы, дос және бала жанын бағамдар психолог. Яғни, ұстаз мамандығы – барлық  мамандықтың  анасы емес пе? Балалармен жұмыс жасау мен үшін  үлкен бақыт. Себебі, тек  бала ғана  ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді. Бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы ғой.  Сол бала күнімдегі  арманым шындыққа айналып, бүгінгі таңда кішкентай бүлдіршіндерді тәрбиелеп жатқан жайым бар. 

Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан

— Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы әрқашан биік.  Маған әрдайым түзу де айқын жол нұсқаған ұстаздарым көп. Атап айтар болсам, бастауыш сыныпта білім берген ұстазым Қайырлы Ахметжанова мен үшін ерекше жан.  Алғаш қолыма қалам ұстатып, білім нәрімен сусындатқан ұстазымның бейнесі әлі күнге дейін көз алдымнан кетер емес.  Сонымен қатар, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы Қ.Билялов атындағы мектеп-гимназиясының озық ұстаздары – Әлия Жұмашевна, Сәуле Жатқанбаева, Гүлзейнеп Даненова сынды ұстаздардың есімдерін ерекше атап өткім келеді. «Адамның адамгершілігі — жақсы ұстаздан», — деп Абай атамыз айтқандай, мен осы ұстаздарымның жақсы қасиеттерімен қатар мейірімділікті, қайсарлықты, табандылықты өн бойыма сіңіре алдым.

Педагогикалық қызметімнің жауапкершілігі өте жоғары екендігін түсінемін

— «Тәрбиеші адам – тағалы атпен тең» деп халық даналығында көрсеткендей тағамның беріктігінен ұстаздық еңбек жолымды бастаған Өскемен қаласының №9 «Арман» балабақшасында кішкентай бүлдіршіндерге тәрбие берудемін. Тілі дұрыс шықпаған, енді ғана қадам басып келе жатқан, періштедей пәк бүлдіршіндерді көргенде ерекше сезім бойымды билеп, балақайға қарап, педагогикалық қызметімнің жауапкершілігі өте жоғары екендігін түсінемін.Қазіргі таңда балабақшадағы  жас мамандармен жүргізілетін әдістемелік жұмыстардың нәтижесінде тәрбиешілік жұмыстың қыр-сырын меңгеріп, үлкен қызығушылықпен міндеттерімді атқарып жүрмін деп толықтай айта аламын.
Балабақшамызда жалпы 13 топ жұмыс істейді. Білімді де , білікті 40 педагогтың 28-і жас мамандарды құрайды. Балабақшада жас мамандар барлығымыз бірлесіп, бірге нәтижелі жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз. Соған дәлел, балабақшада жоғарғы категориялы көп жыл педагогикалық еңбек өтілдері бар ұстаздардан құралған  «озат тәжірибе мектебі» өз жұмысын нәтижелі атқарып  келеді. Сол мектептің ардагер ұстаздары Гүлбану Қыдырпатшақызы Төленова , Айгүл Қадылбекқызы Қырықбаева жас мамандарға бағыт-бағдар көрсетіп, әрдайым анық жол нұсқайды.
 «Ба­ла­ны тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, ке­ле­шек за­ма­ны­на лайық қылып шығару ке­рек»,-деген Мағжан Жұмабаев атамыз.  Айтылған  даналық ой ертеңгі күнге  білімді ұрпақ ке­рек екенін айқындайды.  Баланың санасы аппақ парақтай таза, кіршіксіз ғой. Ақ параққа біз не жазсақ сол болады емес пе?   Сол себепті біз кішкентай ғана тәтті бүлдіршіндермізге үш тілде білім берудеміз. Кішкентайынан ағылшын, орыс тілдерін үйренген баланың  және еліміздің болашағы жарқын болатынына кәміл сенімдімін.

Бойым бір серпіліп қалғандай болады…

— Жасыратыны жоқ, кей тәрбиешілер өздері таңдаған мамандықтарына көңілі толмай қиындығын айтып жатады. Десе де , мамандығын өзгертетін жандар жоқтың қасы. Бұл мамандықтың  қиындығымен  қызығы қатар жүреді.   Кейде маған тәрбиешіні сүйкімді балалардың киелі ортасына нәзік жіппен  байланыстырып қоятындай көрінеді.
Күнде ертеңгісін балабақшада бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң!» деген сөздерін естігенде, бойым бір серпіліп қалғандай болады. Балалармен болған әрбір уақытым мені жаңа бір әлемге жетелегендей. Әрдайым балалардың маған деген ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, не нәрсені білуге құштар шабытты, сұраулы жанарлары мен үшін ерекше.

— Martebe.kz ұйымдастырған байқауға қатысып, жеңімпаз атану мен үшін үлкен мақтаныш. Бұл  байқау жас мамандардың өз қызметіндегі жетістігін көрсетуге үлкен мүмкіндік болды. Аталмыш байқауға  «Сәулетай» екінші сәбилер тобындағы ұйымдастырылған оқу қызметінің технологиялық картасын ұсынған болатынмын. Нәтиже жаман емес. Бұл жұмысымда шәкірттерім Отан, Елбасы, елорда туралы мағлұмат алып, еліміздің  егемен, тәуелсіз мемлекет екендігін, Отанды сүюді, елін қорғауды, бірін-бірі сыйлауды бойына сіңіреді. Ұйымдастырылған байқау әрмен қарай жұмыс істеуге мотивация болғаны анық.  Болашақта шәкірттерімнің  биік белестерді бағындырып, үлкен азамат боларына шүбәм жоқ.(Күлімсіреп)
Болашақтың қақпасы-әрбір бақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қадамдарында ертеңге деген нық сенім, жүректерінде патриоттық сезімдері жалындаған ұлт ұрпағын тәрбиелейтін білім мен тәрбие беретін алтын қақпа болуы тиіс. Қазіргі заман талабына сай өнерлі, шығармашылыққа бай, жан-жақты дамыған, өздерінің жағымды жақтарын көрсете білетін, өз ойларын ашық айтатын ұрпақ тәрбиелей отырып, мәңгілік ел болып қалыптасудың алғашқы қадамдары деп білемін.

Сұқбаттасқан: Сымбат Айдархан
суреттер: Дастан Қастай

«ҮЗДІК БАЛАБАҚША ӘДІСКЕРІ» БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСЫҢЫЗ!

Ескерту: Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ