Қашаған Күржіманұлының «Оразалы», «Байларға» өлеңіндегі әлеуметтік мәселелерді талдаңыз!

0
17971

Хакім Абайдың сыншыл бағалауына лайықты «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» поэзиялық туындылары арқылы дәлелдеген, шығармалары халықтық қабылдау ықыласына ие болғандар ғана ұлттық әдебиетіміздің тарихын құрағаны мәлім. Бұл әлем халықтары әдебиеттеріне ортақ сипат. Шығармалары халық көңілінен берік орын алған, өлең-толғаулары, айтыстары, дастандары жыршы орындаушылардың өнерімен аймақтарға, атыраптарға мол таралған осындай көрнекті ақын – Қашаған Күржіманұлы (1841–1929).

Қашағанның бірқатар туындылары алғаш рет «Әдебиет майданы» (1935), одан кейін «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967), «Ақберен» (1972), «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1985), «Бес ғасыр жырлайды» (1984, 1-том; 1989, 2-том); «Топан» (1991), «Алқаласа әлеумет» (1991), «Жыр – дария» (1995) жинақ кітаптарда жарияланды. Ақын шығармаларының халық арасына кеңінен таралуында халық мұрасын насихаттаған жыршылардың, термеші-әншілердің еңбектерін, Қашағанның әдеби мұрасының оқытылуы мен зерттелуі тарихында бірқатар көрнекті ғалым-ұстаздарымыздың еңбектерін атаймыз. Академик Қ.Жұмалиевтің, профессор Х.Сүйіншәлиевтің «XVIII–ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің бағдарламасында» (1939–1987 жж.), академик А.Жұбановтың «Струны столетий» (1958), «Құрманғазы» (1960), «Қазақтың халық композиторлары» (1962), Е.Исмайыловтың «Ақындар» (1956), Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» (1967), «Қазақ әдебиеті. XVIII–ХІХ ғғ.» (1981), «Қазақ әдебиетінің тарихы» (2006), Қ.Сыдиқовтың «Ақын, жыраулар» (1974), т.б. кітаптарда ақын шығармашылығы аталған.

Қашаған Күржіманұлының дарыны негізінде туындаған ақындық өнері жастайынан байқалған. Ақын мұрасын жинап, құрастырып, баспаға дайындап, алғы сөзін, түсініктерін жазып, «Топан» атауымен жеке кітап етіп жариялаған көрнекті әдебиеттанушы ғалым Қабиболла Сыдиқов әкесінен жастай жетім қалған Қашағанның табиғи дарынымен ел назарына ілінгенін, «Ел әңгімелеріне қарағанда, Қашағанды жастай жиын-тойға апарып, ақындық өнерге баулыған Қалнияз ақын»  екендігін атап көрсетеді. Қалнияз Шопықұлы (1816–1902) – дәстүрлі ақындар поэзиясының көрнекті тұлғаларының бірі.

«ОРАЗАЛЫҒА» – Ақынның Оразалы байды шенеуі – осы өлеңде көрініс табады.  Бай болса да  жарлының кейпін кешіп, мал соңында отыруы ақын тілінен мысқыл болып шығды. Осы күнде құдық түбінде жастанып, жанын мал соңына қиған байдың кескінсіз бейнесін әдемі бере алған. «Шаруаға жанды жүдетіп, Жүргенде кетпесе игі еді  Біздің аршыланға тіл өтіп» – деп кекесінге де бой ұрады.

«БАЙЛАРҒА» – Ақын жоғарыдағы өлеңдегі ойды кеңінен жырлаған. Байлардың барлық характерін осы өлеңде ашып береді. Қора толған мал толса да аштан отыратын сол бай дейді. Келген қонағына мал соймай, туар қозыны күтетін де сол бай дейді. Кедейге кекесінмен күлетін де, қос-қостан пайдасы жоқ үй тігетін  де сол бай, лепірме бос сөзге әуес, сонысына қарап мырза екен деп танитының да тағы сол бай. Ақын да мұндай байдан қашқақтайды. Одан да жалшының шаңырағын дұрыс деп есептейді. «Сыншылдық, шешендік, тапқырлық өнер, лирикалы, эпикалы жырларды, мақал-мәтелдерді, аңыз-ертегілерді, халықтық сатираларды әрі шығарып, әрі орындап, дамытып отырып, кейінгі ұрпаққа аса қызықты поэзиялық қазына етіп жеткізетін творчестволық тәжірибе, үлгі – қазақтың ақын, жыршы, жырау, әнші, өлеңшілерінің дәстүріндегі негізгі ерекшелік. Сүйінбай, Шөже, Шернияз, Абыл, Жанақ, Түбек сияқты асқан жүйрік импровизатор ақындардың, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Естай, Шашубай сияқты әнші ақындардың, Марабай Мұрын, Нұрпейіс сияқты атақты эпик жыраулардың творчестволық дәстүрлері өз заманындағы ақын-жыршыларды үнемі қызықтырып отырған» . Бұл – Қашаған шығармашылығының негізгі сипатын аңғартатын ғылыми-методологиялық мәнді пікір


ПІКІР ҚАЛДЫРУ