Қазақы өлшем бірліктер

0
4012

 

Қазақ тілі — әлемдегі қоры жағынан өте бай тілдердің бірі. Оған дәлел бір сөздің бірнеше баламасының болуы. Ертеде қазақтар өлшемге, уақытқа ерекше мән беріп барлығына атау беріп отырған. «Бие сауым уақыт», «Ат шаптырым жер», «Сүт пісірім уақыт» деген сияқты тұрақты тіркестер соның дәлелі. Назарларыңызға өлшем бірлік атауларын ұсынамыз. 

Тұтам – бес саусақты жұмғандағы көлденең ұзындық.

Сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақты жазғандағы аралық.

Сынық сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақтың екі буыны бүгілгендегі аралық, бір сүйемнің төрттен үш бөлігі.

Қарыс – бас бармақ пен ортан саусақты кергендегі аралық.

Кере (жырта) қарыс – бас бармақ пен ортан саусақты керіңкіреп созғандағы аралық.

Қолдың қары – білек пен иін аралығы.

Аршын – шынтақтан саусақ ұшына дейінгі ұзындық.

Кез – 50 см.

Құлаш – иық деңгейінде созылған екі қол ұшының аралығы.

Кере құлаш – иық деңгейінде кере созылған екі қол ұшының аралығы.

Сала (көш) құлаш – үш құлаш.

Адым, қадам – жай жүргендегі екі аяқ арасының алшақтығы

Аттам – адымның созылыңқы шегі.

Шақырым — азан шақырушы адамның даусы естілетінде қашықтық.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ