Қош келдің, әз-Наурыз! Балабақшаға арналған сценарий

0
21043

Наурыз мерекесі күніне арналған мерекелік кештік сценарий (балабақша тәрбиеленушілерін дайындалған)                  

         Балалар залға кіреді

Жүргізуші:         Басы барлық ырыстың

Басы барлық ұлы істің

Құтты болсын наурыз той

Ұлы күні Ұлыстың!     Ұлыстың ұлы күні наурыз келді ағайын!

                                            Би  «Шашу»   (Аида)

Жүргізуші: Наурыз-ел мен елді бірлікке, ынтымаққа шақырған күн!

Наурыз-татулықтың, достықтың мейрамы. Ендеше, думанды мерекемізді  бастаймыз.

                                               Тақпақтар (Динара апай)

Жүргізуші:         Наурыз тойың, наурыз тойың

Құтты болсын халайық

Қош келдің төрлет Наурыз деп

Шырқап әнге  салайық

Ән:  «Қош келдің, төрлет, Наурызым»

Жүргізуші:                    Айнала гүлге бөленді

Жер шуаққа кенелді

Ұлыстың   ұлы күнінде

Күн мен түнім теңелді

Жүргізуші: Олай болса, жарқыраған күніміз бен жұлдыздары жымыңдаған түнімізді қарсы алайық.

Күн:               Сәулесі көп күнмін

Түн:               Жұлдызы көп түнмін

Екеуі:            Бірдей болып біздер

Теңелеміз бүгін

Күн:              Ұзарамын мен енді

Түн:               Қысқаратын кез келді

Екеуі:            Ұйқы қанбай қалып

Жүрмендер тек жылап.

 

Екеуі:              Гүл мен жерді жайнатып

Құлпыр, наурыз сен енді

Жүргізуші: Балалар, сендер аты шулы Алдар көсені білесіңдер ме? Сол Алдар көсе Шықбермес Шығайбайды қалай алдап кеткенін көргілерің келе ме? (иә)

Ендеше, тамашалайық. Әне, Алдар атамыздың өзі де келе жатыр.

 

                                   (Музыкамен Алдар кіреді)   

Алдар: Сәлеметсіңдер ме балалар! Наурыз құтты болсын!

Жүргізуші:Рахмет Алдар аға!! Қайда жол тарттыңыз?

Алдар: Ее, Шықбермес Шығайбай өз сараңдығымен қоймай «Ешкімге дәм татырған емеспін, мені ешкім де алдап көрген емес, тіпті Алдардың өзі де алдай алмайды» деп мақтаныпты. Соған намыстанып, сол байдың үйін іздеп шықтым. Осыдан сол байды алдап қатырмасам ба?

Жүргізуші:Ее, солай деңіз Алдар аға! Ендеше, жолыңыз болсын. Бірақ оны алдау мүмкін емес шығар.

Алдар: Егер осыдан сол сараңбайды алдай алмасам, Алдар атым өшсін. Мен кеттім ендеше. Сау болыңдар.

Жүргізуші:Балалар, Шықбермес Шығайбайдың ауылы Наурызға қалай дайындалып жатыр екен, кәне көрейікші.

(Музыкамен Шығайбай ауылы кіреді де, төрге жайғасады)

(Бай қазы тіліп, бәйбіше нан илеп, қыз тауық жүнін жұлып отырады)

Бай: Наурыз келіп, ауыл-аймақ думандатып той тойлап жатыр.  Әй, бәйбіше, анау көкпар тартып, бәйгеге ат қосып жүрген жігіттерді қарашы.

                                                         Би «Бәйге»

                                  (Музыкамен Алдар келеді)

Алдар: Ух, жолдан әбден шаршадым-ау! Бұл байеке үйін жердің түбіне жасырып қойған ба өзі? Ел-жұрт дүниемді көріп қояды деп қызғанған болар.

Барып терезесінен сығалап көрейінші. (сығалайды) Е-е,  бұлар мерекеге арнап жылқы сойған  ғой деймін.Шіркін-ай, қарным бір тоятын болды ғой.

(қарнын сипайды) Қой, мен мен одан да үйге кірейін.

(Үйге кіріп келгенде бәрі заттарын астына тыға қалады)

Алдар: Ассалаумағалейкум, байеке!

Бай: Е, кел, қайдан адасып жүрген жансың? Не естіген-көргенің бар, айта отыр.

Алдар: Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба?

Бай: Естіген өтірік болар, көргеніңді айт.

Алдар: Айтсам айтайын. Жолда келе жатып, жылан көрдім. Ұзындығы сенің астыңдағы қазыдай. Таспен ұрып жібердім, былш ете түсті иленіп,  бәйбіше астындағы нандай.  Өтірік айтсам, шашым жұлынсын қыз астындағы тырнадай. Осының бәрін көріп келдім, етіңді асшы жасырмай.

Бай:   Ой, тіліңе шоқ түскір!

Бәйбіше: Жағың қарыссын!

Қыз: Шашың таз болғыр!- деп бәрі жасырған заттарын шығарады.

Бай:  Әй, бәйбіше, мынау Алдар деген қу болу керек. Етіңді ас, амал қанша?

Бәйбіше: Бізбике, қызым, барып есік  алдын тазала, ал мен ет асайын.

(Қыз шығып кетеді, бәйбіше қазанға ет салады)

Бәйбіше:  Піс, қазаным бес ай!

Алдар: Е,не дейді, отырайын он ай!

Жүргізуші: Алдар көсе! Ет піскенше бекер қарап отырамыз ба? Менің кішкентай немерелерімді ортаға шақырып, солардың өнерін тамашалайық. Әй, бәйбіше, барып немерелерді ертіп келші. Бізге өнерлерін көрсетсін.

 

                                  (Музыкамен кіші топтың балалары кіреді) Гүлжана тобы

                                               Балалар тақпақтар айтады

                                                   Ән  «Наурыз-береке»

                                                        Би  «Өзбек»

Бәйбіше: Қой, мен барып мына балаларды жатқызайын.  (Балаларды ертіп шығып кетеді)

 

Бай: Әй, бәйбіше, етің пісті ме?

Бәйбіше: Қазір қарайын  (қазанды ашып көреді) Жоқ, байеке, еттің қазір пісетін түрі жоқ.

Бай: Онда кәне, төсек сал. Жатып демалайық.

(Төсек сап бәрі жатып демалады. Бәрі ұйықтаған кезде Алдар етті алып жеп,орнына сүйек қалдырады. Алдар қайта жатып қалады.бір кезде бәйбіше байды оятып, ет жейін десе, екеуінің де тісі өтпейді. Ашуланған бай бәленің Алдардан келгенін  біліп жатып қалады.)

Бәйбіше: Қап, мына қу байекені аш қалдырғаны-ай, қой мен барып нан пісірейін. (бәйбіше шығып кетеді)

Жүргізуші:Балалар, Шығайбай мен Алдар ұйықтап ұйқысын қандырып алсын, ал біз ортамызға кішкентай бөбектерді шақырып,

                                          (Таң атып бай ерте оянады)

Бай: Әй, бәйбіше, анау Алдар ұйықтап жатқан кезде маған ыстық күлшеңнің біреуін қойныма сап бер, анаған көрсетпе. Байқа. Көріп қоймасын.

                             (Бәйбіше нан салып беріп жатқанда, Алдар оянады)

Алдар: Оу, байеке, сіз қайда кетіп барасыз? Бұдан былай көрісеміз бе, жоқ па, белгісіз. Сондықтан келіңіз, қазақтың дәстүрі бойынша төс қағыстырып қоштасайық.

                     (Алдар құшақтаған кезде ыстық нан Алдардың кеудесін күйдіреді)

Бай: Әй, бәйбіше, алшы мына ит жегір нанды.

Алдар: Әкеліңіз, ит жегенше мен жейін.

Бай: Ей, бәйбіше, мына сұмырайдың көзін құрт. Енді көзіме көрінбесін.

                                 (Бай атқа мініп кетеді)

Алдар: Байеке, аяқ киімім жыртылып қапты. Маған біз беріп кетіңізші. Жалаңаяқ қалдым.

Бай: Ал да кетші әрі!

Алдар: Бәйбіше, қызыңыз Бізбикені киіндіріңіз, маған бай қызыңызды берді.

Бәйбіше: Байеке, саған қыз беретін сен кім едің? Қаңғыбас. Басымды қатырмай құрт көзіңді.

Алдар: Сенбесеңіз, тыңдаңыз. Байеке, бәйбіше маған  «Біз»бикені бермей жатыр.  (айғайлайды)

Бай: Бізді бер де жоғалт көзін сұмырайдың.

Бәйбіше: О, сорлы, алжыған. Елді құртқан қуаяққа қыз беріп, қарабет болдық-ау! Масқара! Елге  енді не бетімді айтам?

Алдар: Мінеки, Алдардың ойыны осылай болады.

                                      (Алдар қызды алып кетеді)

Жүргізуші: Балалар, мінеки Алдар көсе Шықбермес Шығайбайды осылай алдаған екен. Ал енді біз мерекемізді одан ары қарай  жалғастырайық. Наурыз-ізгілік пен молшылықтың мерекесі, адамзаттың аузы аққа толатын керемет шақ. Ендеше, наурызға арналған балалардың тақпақтарын тыңдаңыздар.

                                               Балалар тақпақтар айтады   (Баян тобы)

Жүргізуші:                 Уа, халайық, халайық,

Мұнда назар салайық.

Биші қыздар билесін

Кәне, қарсы алайық!

                                                          Би  «Текемет»

Жүргізуші:                          Наурыз келді тамаша

Ән шырқайық таласа!

                                                  Ән  «Наурыз-біздің әніміз»

Жүргізуші:                   Наурыз шаттық әніміз

Салтанатты сәніміз

Ән саламыз шырқатып

Би билейміз бәріміз

                                             Би  «Гиккәй»

Жүргізуші:Осымен наурызға арналған шағын мерекеміз аяқталды. Той тойға ұлассын! Келесі кездескенше сау болыңыздар!


ПІКІР ҚАЛДЫРУ