Киіз үй, шаңырақ және қазан туралы

0
2090

Қазақ тұрмысына тән киіз үй, шаңырақ, ошақ, қазан, таба нан тағы басқа заттардың ежелден терең мәні бар.

Әкемнің қызметіне байланысты бала кезімізде көп көшіпқондық. Әрине, қазір еске алғанда үй жығып, үй тігу, көшу, жаңа қонысқа орналасу, әкемнің жерошақ қазып, анамның қазан орнатуы кинодағыдай болып көрінгенімен, ол кезде романтикасынан гөрі қиындықтарының көп болғанын түсінемін.

Үй тігу, кереге керу, шаңырақ көтеру, уық шаншу, туырлық жабу, белдеу тарту сияқты жұмыстарға шамамыз келгенінше қолғабыс жасайтынбыз.

Сонда әжем, біз біліп жүрсін деді ме екен, шаңырақты көтергенде бақанның екiншi ұшы тиген жерге, яғни үйдiң дәл ортасына ошақ орналасуы керектігін айтатын. Келе-келе үлкен үйдің қасына жапсарлас етіп кішкене үй тігіліп, ошақ сонда орналастырылатын болды.

Бүгінгінің тілімен айтсақ, қонақбөлме мен асбөлме сияқты. Ошақтың бос тұрмауы керектігін де сол кезде естіген едім. Анам да ошақты қойған соң, бірден қазанды орнатып, ішіне сүт құйып, пісіретін. Кейде су құятын. Жалпы, ырымшыл халық болғандықтан, қазанның бос тұруы жаман ырымға саналатынын мен кейіннен білдім.
Қазан – «құт» деген түсiнiктi беретін символ. Көшпенділер өмірінде қазанның орны бөлек.

Қазансыз отбасы жоқ, ошақ та жоқ, үй де жоқ. Қазақтың қазанды қатын-баламен
бiрге атайтыны, Махамбеттің «қара қазан, сары бала қамы үшін егеулі найза қолға алғаны» соны көрсетеді. Қазан қыз жасауының міндетті бұйымы болғаны да көп жайды аңғартады. Қайда көшсе де қазанын тастамайтын ғұрып бүгiнге дейiн жалғасып келедi.

Қазақ халқы үшін қазан бірлік пен қонақжайлылықтың нышаны іспетті. Қазанды татулықтың белгiсi ретiнде танытатын аңыздардың бiрi «жауласқан мың батырдың найзасының ұшы ерiтiлiп, қазан құйылған екен» деп басталады.

Бұл – қазанның татулықтың, береке-бiрлiктiң символы ретiнде танылуының негізділігін орнықтыра түседі. Қазанның бiзге жеткен керемет үлгiсi – Түркістандағы
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тұрған қасиетті Тайқазан. Әмір Темір заманынан қалған құнды жәдігер ұзақ жылдар бойы Эрмитажда тұрып, жұртшылықтың талабы бойынша
елге қайтарылғаны белгілі.

Ғылыми деректер бойынша, бұл қазан 1399 жылы 25 маусымда Түркістан қаласының батысында 27 км жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде, сирек кездесетін жеті түрлі
асыл металдың (мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір) қоспасынан құйылған.

Қазанның салмағы – 2 тонна, сыйымдылығы – 3 мың литр, биіктігі – 1,60 метр, диаметрі – 2,42 метр. Тұғырының биіктігі – 0,54 метр, диаметрі – 0,607 метр.

Кесенедегі Тайқазан «сақ» типтегі қазанға жатады. Алып қазан жасау көне сақ, ғұн, үйсін дәуірлерінен жалғасып келген дәстүр екенін деректер мен айғақтар растайды. Елдік санасы биік, отбасылық құндылықтарды жоғары ұстанған халқымыз үшін қазан береке мен бірліктің, молшылықтың, елдіктің нышаны болған.

Бұл күнде Тайқазан өзінің құтты орнында, қазақ халқының, Қазақстан атты үлкен шаңырақтың, қала берді күллі түркі жұртының берекесінің, тыныштығы мен бірлігінің нышаны қызметін атқарып тұр.

Дереккөз:

  1. Камал Әлпейісованың «Үшкір бұрыштарға ұрынбай өмір сүру философиясы» мақаласынан
  2. Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,

Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева

Ұқсас материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ