Көп оқудың артықшылықтары

0
1679

Оқуға құмар адам оқуды жек көретіндерден ерекшеленетіні ешкімге де жаңалық емес шығар. Дегенмен бұл ерекшелік сырт көзге айқын білінбеуі мүмкін. Психологтардың айтуынша, оқудың негізгі артықшылықтары ретінде төмендегідей негізгі себептер атауға болады.
Оқуды сүйетіндер үшін төмендегі пункттер жаңалық болмас, бірақ осыны түсіне бермейтіндер де арамызда жетерлік. Сонымен оқу:

Сөздік қорды көбейтеді:
Өз ойын жеткізу қабілеті туылғаннан берілетін қасиет емес. Ойын қысқа да нұсқа жеткізу, сөзді көп ұқсас ұғымдар арасынан тауып айту — оңай емес. Егер сөздердің арасында «М-м-м-м-м», «Ы-ы-ы-і-і-і», «Жаңағы-ы-ы-ы-ы» дегендей бос дыбыстар мен сөздерді көп қолдансаңыз — сізді тыңдайтындар саны азая түседі. Сөйлемдегі сөздер реті дұрыс қойылған, ұғымды да көркем сөздерден тұратын әңгіме қашан да өз тыңдарманын табары анық.
Сондай-ақ, көп оқыған адамның жазуы да анағұрлым сауаттырақ болады.

Адамдармен қарым-қатынасты жақсартады:
Кейбіреулер көп оқитын адамдарды үндемес, көзілдірік киіп алып, ешкіммен сөйлеспейтін, ұялшақ ретінде елестетеді. Шындығында оқымыстылар адамдармен коммуникациялық қатынастар жасауда алдына жан салмайды.

Сенімділікті жоғарылатады
Нақты бір көзқарасты білдіруді және оны дәлелдеуді қажет ететін жағдайға тап болғанда, көп оқитын адам өз дегеніне жетеді. Пікірталас тақырыбынан хабары бар адам қашан да өз ойын сенімді дәлелдей алады.

Оқу тынықтырады
Адам кітап оқып отырып, өз бойындағы кемшіліктері мен басындағы мәселелерін аз уақыт болса да ұмыта алады. Автор құрған әлемге еніп кеткен оқырман, төңіректегінің бәрін ұмытады. Психологтар осы орайда уайымшыл адамдарға көп оқуға кеңес береді.

Есте сақтау қабілетін жақсартады
Кітаптың сюжеттік желісінде шатасып қалмауға, кейіпкерлердің есімдерін ұмытпауға ұмтылыс адамның есте сақтау қабілетін жақсартады. Бір кітаптың ішінде сансыз көп фактілер мен деректер болуы мүмкін, бұл оқырманның жадын жетілдіруге өз септігін тигізеді.

Ал сіз оқудың қандай артықшылықтарын айта аласыз?


ПІКІР ҚАЛДЫРУ